Жамбылдық таэквондошылардың жеңісі

86

Шымкент қаласында таэквондодан Қазақстан чемпионаты өтті. Аталмыш жарысқа еліміздің кілең «сен тұр, мен атайын» мықтылары қатысып, ел чемпионы атануға бар күштерін салды. Ел біріншілігінде жамбылдық таэквондошылар да бақ сынап, жекелей сында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
Жанкүйерлер үміт күткен Елдос Ысқақ сенім үдесінен шыға білді. 58 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен жерлесіміз қарсыластарының барлығынан айласын асырып, өзінің шын мықты екенін дәлелдеді. Осылайша 24 жасар жамбылдық жампоз қоржынымызға алтын жүлде түсіріп, мерейімізді тасытты.
Жамбылдық таэквондошылардың жетістігі Елдостың алтын жүлдесімен тоқтап қалған жоқ. 63 килограмм салмақ дәрежесінде жарысқа қатысқан Алмас Мұқарымов та көңіл көншітерлік нәтижемен оралып отыр. Жартылай финалда ғана қарсыласына есе жіберген Алмасқа қола медаль бұйырды. 73 килограмм салмақ дәрежесіндегі Сәкен Құлжабек Алмастың нәтижесін қайталады.
Қыздар арасындағы аламанда да қоржынымыз бос қайтқан жоқ. 49 килограмм салмақ дәрежесіндегі Аяулым Сұлтанбаева үздік үштіктен көрінді.
Бұған дейін Қазақстан чемпионатында үздіктер қатарынан көрінгендердің ұлттық құрама сапына ену мүмкіндігі мол екендігі хабарланған болатын.
Жалпыкомандалық есепте жерлестеріміз жүлдегерлердің қатарынан көріне алмады. Командалық есепте алматылықтар топ жарса, Қызылорда облысы екінші, Атырау облысы үшінші орынды иеленді.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.