- Advertisement -

Оқылымды газет тің оқырманы көп болады

134

- Advertisement -

Таластықтар «Аq jol»-дың таралымы артуына атсалыспақ

Қаратау қаласындағы «Дарын» өнер мектебінің акт залында «Аq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған басылым журналистері Ақылжан Мамыт пен Баймаханбет Ахмет бар шағын топ оқырмандармен кездесті. Оған аудандық мекемелердің, мәдениет және білім бөлімдері мен ұйымдарының басшылары, ауылдық округтер әкімдері қатысты.
Кездесуді ашқан аудан әкімі Досмұханбет Әлиев журналистер тобының ауданға атбасын бұрып келуінің мән-жайын түсіндіріп, облыстық газеттің қоғамдағы алар орны жөнінде айта келе, жиналғандарды ашық әңгімелесуге шақырды.
Бұдан кейін газет басшысы Көсемәлі Сәттібайұлы «ақжолдық» журналистердің қай аудан, ауылдың болсын әрбір жетістігіне, қуанышына ортақтасуға әр кезде де дайын екендігін, сондықтан да оқырмандардың аталған басылымға келер жылға жазылу ісіне «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып жұмыла кірісуі маңызды екенін жеткізді.
– Баршаға мәлім, бүгінде Елбасының халыққа дәстүрлі Жолдауларындағы бастамалары мен тапсырмалары тікелей ауылды, ауыл шаруашылығын көтеруге бағытталып отыр. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ауыл тұрғындарын малды ету бағытындағы «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламаларының қолынан іс келетін азаматтар игілігін көріп те жатыр. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында да жақсылықтар мен жаңалықтар мол. Мұғалімдердің тағдырына алаңдаушылық танытылуының өзі неге тұрады! Жұмысшылардың жалақылары да өскелі отыр. Мұның алдындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да мағынасы терең, мәні зор. Жақсы дәстүрді жаңартуды, жаңғыртуды діттейді. Өздеріңіздің сүйікті басылымдарыңыз «Аq jol» газетінде тап осы мәселелердің тамырын дөп басып, тануға, насихаттауға байланысты көптеген мақалалар жариялануда. Мысалы, «Айша бибі», «Маздақ», «Оқырмандар отауы», «Дода», «Тылсым дүние», «Шөкеңнің шошаласы», «Пырақ» беттері ай сайын тұрақты түрде шығып келеді. Әрқайсысының өз орны, оқырмандары бар, – деген ол қолға дайын әрі әп-әдемі күйінде жеткізілетін басылымның әр саны редакция қызметкерлерінің уақытпен санаспай еңбек етуінің жемісі екеніне, газет тақырыптары мен алдағы жоспарларына да тоқталып өтті. – Бір атап өтерлігі, бейнесюжеттер мен танымал тұлғалармен сұхбаттарды өз бетінде үзбей жариялап отыратын «Аq jol»-ТВ сайты газетті еліміздің басқа басылымдарынан ерекшелеп те отыр. Сондай-ақ газет үйіңізге жетпей жатып «PDF» нұсқасын парақтап оқуыңызға да мүмкіндіктеріңіз бар. Алайда басылымды қолмен ұстап, көзбен көріп, рахаттана оқығанға жетер не бар!
Танымал тұлғалардың ғибратты өмірлері жөнінде де кең ауқымда жазып отырамыз. Соңғы бірер айдың өзінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаев пен қазақтың хас батыры, жерлесіміз Б.Момышұлы өмірінің кейбір қырлары туралы қызықты танымдық материалдар жарияладық. Осылайша газет тарихи ақтаңдақтар мәселелерін де қопара жазуға батыл да еркін қадамдар жасауда. Бәрі де газетті оқылымды етудің қамы, оқырмандардың игілігі үшін. Қысқасы, «Аq jol»-ды аудандағы әрбір үйден көргіміз келеді. «Аq jol»-ға жазылу – ана тілімізді, өз ана тіліндегі әдебиеттер мен мерзімдік басылымдарды құрметтейтін отбасының өнегелі ісі деп білеміз.
Осы орайда аудандық Ұлбике атындағы Мәдениет орталығының директоры Кендия Пірман бір ай ішінде өздері қол жеткізген жетістіктері жөнінде аталған газетте бірқатар мақалалардың жарық көруі мәдениет қызметкерлерін жаңа жетістіктерге жігерлендіріп отырғанын қуана жеткізді. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі Айгүл Мұратбекова бүгінде газетте жарық көрген мақалалар өткірлігімен, мазмұнының тереңдігімен оқырмандарының ойынан шығатынын, осынау аймақтық басылымның жетістіктерін ауылдық кітапханаларда ұдайы насихаттайтындықтарын атап өтті.
Бұдан әрі әңгіме сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Әсіресе газет атына жылы лебіздерін білдірушілер көп болды. «Аудан жастары «Аq jol»-ды әр кезде де қолдайды. Басылымның жастар бойына адами құндылықтарды сіңіруге ықпалы барын жақсы білеміз. Сондықтан біз де оның таралымының артуына жанашырлықпен атсалысатын боламыз. Алдағы «Жастар жылында» газеттен көп жаңалықтар күтеміз», – деді аудандық жастар ресурстары орталығының директоры Нұрсұлтан Манатбек.
– Жиынға қатысып отырғандардың басым көпшілігі – білім саласының мамандары. Олар «Аq jol»-ға айрықша қолдау көрсетеді деп сендіремін. Әрбір педагог отбасының екеуінде бір «Аq jol» болуы керек. Себебі басылымда педагогтерге қажетті жаңалықтар жиі жарияланады, – деген аудандық білім бөлімінің басшысы Күлшат Қожатаева ауданда бүгінде 1,5 мың педагог, жалпы салада 3,5 мың қызметкер бар екенін атап өтті.
Осы орайда газет басшысы басқосуға қатысқан ауылдық округтер әкімдеріне де ризашылығын жеткізіп: «Елбасының жуырдағы Жолдауында алға қойылған міндеттерді өздеріңіз де жақсы білесіздер. Жолдаудың әрбір жолының астын сызып тұрып оқыған боларсыздар. Көп мәселе айтылды. Ауылды дамыту жайы да қаузалды. Осыған байланысты ауылда жасалып жатқан мысқалдай да болсын жақсы істер болса, редакцияға тікелей хабарласып, жазып көрсетуді ұсынуларыңызға болады. Газетке жазылу облысымыздың өзге аудандарымен тәжірибе алмасу үшін де керек. Естеріңізде болса, бағзы кездері ел көлеміндегі озық тәжірибелер көптеп насихатталып жататын. Қазіргі зиялы қауым өкілдерінің көшбасшылары, ауыл әкімдері, сіздерсіздер. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағыдай емес, бұл лауазымға білікті де білімді, көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар іріктеліп алынуда. Олар ең белсенді оқырмандарымызға, жанашырларымызға айналады деп сенемін», – деді.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Қадірбек Садубаев қорытындылап:
– Оқырмандар бүгін еркін тақырыпта өрбіген жазушы-журналист әңгімесін ұйып тыңдады. Жалпы, рухани дүниелер қай-қайсымыздың да жанымызға жақын. Қазіргі жастарымыз да, балаларымыз да, немерелеріміз де әдеби кітаптар мен мерзімдік басылымдарды көп оқыса, олардың келешегі нұрлы, білімді болатынына сенемін. Сондықтан аудан атынан облыс баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Аq jol» газетінің таралымы өсуіне біздің тарапымыздан қолдау болады деп сендіремін. Рас, газеттің мазмұны да, дизайны да жақсарды. Өз басым оны алғашқыдан соңғы бетіне дейін түгел оқып шығамын. Облыстың тыныс-тіршілігін осы басылымнан оқып танысамыз. Басқа аудандардағы әріптестеріміз не істеп жатыр? Оны да қарап отырамыз, – деп редакция ұжымының еңбектеріне жеміс, әрбір қадамына сәттілік тіледі.

Қамысбай САУҚЫМОВ,
журналист.

Талас ауданы.

Суреттерді түсірген автор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support