Монополияға қарсы қызметті күшейту заңнамасына түзетулер әзірленуде — Бақытжан Сағынтаев

77
Монополияға қарсы қызметті күшейту заңнамасына түзетулер әзірленуде - Бақытжан Сағынтаев

АСТАНА. ҚазАқпарат — Энергетика және Ұлттық экономика министрліктеріне 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтерді төмендететін жүйелі шараларды әзірлеу міндеті жүктелді. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы тарапынан берілген тапсырмалар мен міндеттер баршаңызға түсінікті. Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін біз бірден тарифтерді төмендету және жалпы тарифтерді белгілеу жүйесінің айқындылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету шараларын анықтадық. Құрамында Энергетика, Ұлттық экономика министрліктері мен Бас прокуратураның өкілдері бар жұмыс тобы құрылды. Оның басты мақсаты — ең соңғы тұтынушылар үшін тарифтерді төмендету», — деп тоқталды Үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаевтың сөзіне қарағанда, қазір элетр энергиясын өндірудің өзіндік құнын айқындау әдістемесі дайындалуда. Табиғи монополистердің қаражатты мақсатты пайдалануын мемлекеттік бақылау және монополияға қарсы қызметті күшейту бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді әзірлеу жұмыстары басталды.

«Энергетика және Ұлттық экономика министрліктеріне алдымыздағы бірінші желтоқсанға дейін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтерді төмендететін жүйелі шараларды әзірлеу міндеті жүктелді. Біріншіден, тарифтерді қалыптастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету. Екіншіден, баға саясатына мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейтіп, тарифтерді төмендету үшін қажетті шараларды қабылдау керек», — деді Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  коммуналдық қызметтерге тарифтерді заңсыз өсірген табиғи монополиялар субъектілерін жазалауды талап етті.

Сонымен қатар Президент Қазақстанда электр энергиясы құнын төмендетуді тапсырды.

kazinform.kz

Comments are closed.