Жаһан

Қазақстанда өндірілген уран көлемі 5 650 тоннаға жетті

Қазақстанда өндірілген уран көлемі 5 650 тоннаға жетті

2014 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында өндірілген уран көлемі жоспарлық көрсеткіштерге сәйкес 5 650 тоннаға жетті. Соның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес және бағынышты кәсіпорындардағы үлесін қоса есептегенде 2014 жылдың II тоқсанында өндірген уран көлемі 3 278 тонна болып отыр. Бұл туралы компанияның қоғаммен байланыс басқармасынан хабарланды. «Есепті кезеңде «Үлбі металлургия зауыты» АҚ 476 тонна бериллий және 65 тонна тантал өнімдерін шығарды. Ал «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС 2014 жылдың сәуір-маусым айларында Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысындағы тұтынушылар үшін 1 153 млн кВт-сағат электр энергиясын, 650 мың ГКал жылу энергиясын, 313 млн текше метр су, соның ішінде 3,05 млн текше метр ауыз су өндірді. Бұл көрсеткіштер өңірдің қуат ресурстары мен суға болған сұранысын қанағаттандыра алады», - делінген баспасөз баянында. Жалпы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өзінің даму бағдарламасына сәйкес екінші тоқсанда стратегиялық бағыт бойынша конверсия, байыту және ядролық отын өндіру салаларындағы жұмыстарын табысты жалғастырды. Соның ішінде, «SARECO» БК» ЖШС 2014 жылдың II тоқсанында сирек жер металдарының жиынтық концентратын бөлу және одан әрі Жапонияға жеткізу үшін жөнелтуді бастады. Ал «Astana Solar» ЖШС II тоқсанда жиынтық қуаты 2,2 МВт энергияға тең 9 231 панель шығарған.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz