- Advertisement -

Емле ережелері елге оңтайлы болуы тиіс

90

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу мәселесі бүгінде күн тәртібінен түскен емес.

Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа емле-ережесіндегі дәстүр мен жаңашылдық» тақырыбында әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің қатысуымен ақпараттық-насихаттық шарасы өткізілді.
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова ашып жүргізген жиында алғаш Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы сөз сөйледі.
– Жаңа әліпбидің емле ережелері бекітілетін кез де алыс емес. Бүгінде осы игі іске бірнеше жұмыс тобы белсенді түрде кіріскен. Емле ережелерінің жасалған жобасы бірнеше сатыдан тұрады. Оның ішінде негізінен орфографиялық ерекшеліктерге баса назар аударылып отыр. Тіл – ұлттың жаны. Сондықтан емле ережелерге қатысты нақты ұсыныстар болса, ойларыңызды ірікпей жеткізгендеріңіз жөн. Ұтымды ойлар қалтарыс қалмайды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы біздің санамызды оятты. Ондағы айтылған ұлттық код дегеніміз – салт-дәстүр, дін мен діл, тіл, тарихты қамтып отыр. Шүкір, біздің тіліміз ең бай тілдердің қатарына жатады. Қазіргі кезде 5 түркі тілдес мемлекет, оларда елу ұлт бар екені баршаға аян. Жалпы, түркі елдерінің 60 пайызы латын графикасын қолданса, 26 пайыздан астамы араб жазуын, тек 17 пайызы ғана кириллицаны пайдаланып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ ғалымдар латын графикасына өту туралы ұсынысты алға тартқаны белгілі. Ол кезде Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзеуді басты мақсат ретінде алға тартып: «Тұра тұрыңыздар, біз бұл мәселеге етек-жеңімізді жинап алған кезде міндетті түрде ораламыз» деген болатын. Енді сол күн туды. Шыны керек, кезінде қазақ тілін орыс тілінен кем етіп көрсетуге күш салғандар болды. Алайда Григорий Потаниннің өзі қазақ тілін мойындаған жоқ па? Қазақ тілі әуезділігі жөнінен әлемде алтыншы орында тұр. Ал латын графикасы – заманның сұранысы, – деді ол өз сөзінде.
Бұдан соң Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография бөлімінің қызметкері Айнұр Сейітбекова сөз алып, жаңа әліпби негізінде жасалған емле ереже жобасымен таныстырды. Ол өз сөзінде негізінен педагогикалық және тіл-танымдық мәселелер төңірегінде ой қозғады.
– Шетелдік сөздерді қазақ тілінің әуезділігіне сай етіп жасауға да болады. Әліпби ережесіне сай дыбыс саны әріп санынан кем болмауы тиіс. Ал бізге артық таңбалардан арылу маңызды болғаны анық. Шынтуайтында біз өзімізге керек емес таңбаларды да пайдаландық қой. Мәселен, кириллицадағы 42 таңба бізге қажет пе еді? Айталық «диссертация» сөзінде екі «с» қарпі және «ц» таңбасы не үшін керек? Өз тіліміздің әуезділігіне икемдеуімізге не кедергі? Осындай олқылықтар алдағы уақытта реттеледі. Емле ереже туралы сөз болғанда алдымен гетрогенді және гамогенді таңбаларды ажырата білуге тиістіміз. Әлбетте, латын графикасымен жазған бастапқы кезеңде қоғамда психологиялық дискомфорт орын алады. Өйткені сөздердің графикалық тұрпаты толығымен өзгеріске ұшырайды. Бірақ оның бәрі уақыт өте келе түзеледі.
Емле ереженің жобасы тоғыз тараудан тұрады. Негізінен халыққа қолайлы болуы үшін ықшамдалып жасалып отыр. Оны А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты әзірледі. Алдағы жылы бекітіледі деп күтілуде, – деген ол өзге де мәселелер бойынша пікірін ортаға салды.
Жиын барысында залға жиналғандар көкейлерінде жүрген сан түрлі сауалдарды жолдап, тиісті жауаптар алды.

Табиғат Абаилдаев

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support