Төл теңгемізге – 25 жыл

170

1993 жылдың 15 қарашасында тәуелсіз елімізде айрықша оқиға – республикамыз үшін кеңестік рубльдің дәурені аяқталып, қазақ валютасы теңге алғаш рет айналымға шығарылғаны баршаға мәлім. Ал Мемлекет басшысының Жарлығымен 1997 жылдан бері осы 15 қараша төл теңгеміздің туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.
Төл теңгеміздің қолданысқа енгеніне де биыл 25 жыл толғалы отыр. Ұлттық валютамыздың ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында «Достық» үйінде өңіріміздегі банк өкілдерінің, сала ардагерлерінің басын қосқан салтанатты іс-шара өтті.
Онда облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков құттықтау сөз сөйлеп, екі мүшел жасқа толғалы отырған, егемендігіміздің символы – теңгенің қалыптасу, даму сатыларынан өтіп, нығая түскенін атап өтті.
– Тәуелсіздікке деген сенімімізді күшейте түскен теңгенің алар орны айрықша. Сауатты және тиімді ақша несие саясатын жүзеге асыруда қаржы секторына оңтайлы әсер етумен келеді. Мәселен, жыл басынан бері екінші деңгейлі банктер тарапынан жалпы сомасы 130 миллиард теңгеден астам несие берілді. Олардың негізгі бөлігін – 99,9 пайызын ұлттық валюта құраған.
Депозиттер нарығында да жандану байқалып отыр. Бұл бағыт бойынша да теңге басым көрсеткішке ие. Мысалы, оның теңгелік бөлігі 6,9 пайызға немесе 5,9 миллиард теңгеге өскені байқалды. Айта кететін негізгі бір жайт – депозиттерді долларсыздандыру көлемі 32,2 пайызға төмендеді, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Бұдан кейін банк саласының бірқатар ардагеріне облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі және кәсіби мерекеге орай облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары тапсырылды.
Кезекті сөз тізгінін алған Ұлттық банктің Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин валютамыздың ширек ғасырлық тарихынан сыр шертті.
– Тәуелсіздігін алған елімізде 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітіп, дизайндағы портреттер нақтыланды. Осылайша дүниеге келген төл валютамыз Ұлыбританияда басылып шығып, қазақ ақшасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов Англияға аттанды. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылғы 15 қараша күні сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де бір-ақ аяқталды. Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Дегенмен еліміздің саяси-әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп, 1 теңге 500 сомға теңестірілді. Теңге бірінші айналымға енген күні 1 доллар 4,75 теңге көлемінде бекітілді.
1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Осылайша валютамыз банкнот және монета түрінде айналымға енгізілді. Қазір банкнот – Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета – Өскемендегі Теңге сарайында шығарылады. 2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналымға енгізілді, – деді ол.
Төл теңгеміздің осынау тарихы Ұлттық банктің Жамбыл филиалы әзірлеген бейнеролик пен ҚР Телерадиокешенінің бейнебаянымен де көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан кейін аталмыш филиалды 25 жылдай басқарған Айдайбек Халымбетов бастаған сала ардагерлеріне сөз берілді. Төл теңгеміздің тұңғыш рет айналымға енген күнін еске ала отырып, алдыңғы толқын өкілдері сол тарихи сәтке куә болған кездегі қуаныш пен мақтаныш сезімін тілмен жеткізу мүмкін еместігін тебірене сөз етті.

Альмира Омарова

Comments are closed.