«Қазақстан барысы-2014» жүлдегері дзюдодан әлем чемпионатына қатысады
«Қазақстан барысы-2014» жүлдегері дзюдодан әлем чемпионатына қатысады
Қазақша күрестен «Қазақстан барысы-2014» турнирінде үшінші орын алған Руслан Әбдіразақов дзюдодан әлем чемпионатына ұлттық құрама сапында қатысатын болды, деп хабарлады Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының баспасөз қызметінен. Дзюдодан Қазақстанның ерлер құрамасының жаттықтырушылар штабы тамыздың 25-31 аралығында Челябіде өтетін әлем чемпионатына қатысатын құрама сапын анықтады. Сонымен ел намысын байрақты бәсекеде мына палуандар қорғайтын болады: 60 келіде - Айбек Имашев (Ақтау), Еркебұлан Қосаев (ШҚО); 66 келіде - Сергей Лим, Елдос Жұмақанов (екеуі де Алматыдан), Жансай Смағұлов (Қарағанды); 73 келіде - Ертуған Торенов (Тараз); 81 келіде - Ринат Ибрагимов (БҚО); 90 келіде - Самат Есен (ОҚО); 100 келіде - Максим Раков (Қарағанды), Әділхан Қозыбаев (Қызылорда); + 100 келіде - Руслан Әбдіразақов (Қызылорда). Челябіде өтетін әлем чемпионаты әлемнің барлық дзюдоистері бас қосатын басты жарыс саналады. Құрама командалар бұл байрақты бәсекеге ең үздік спортшыларын апарады. Айта кетейік, Руслан Әбдіразақов 2010 жылы Қазақстан барысы атанған Ұлан Рысқұлдың туған інісі. Руслан ағымдағы жылы қазақша күрестен өткен турнирде Мұхит Тұрсыновқа есе жіберген болатын. Ал М.Тұрсынов осы жылы Қазақстан барысы атағын жеңіп алған еді.Ал, Руслан дәл осы турнирде үшінші орынды иеленді.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz