Шын мықтыға тұсау жоқ
Шын мықтыға тұсау жоқ
Бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі әлемнің абсолютті чемпионы, украиналық Александр Усик өзінің он алтыншы жекпе-жегінде ұлыбританиялық былғары қолғап шебері Тони Бельюмен жұдырықтасып кезекті жеңісіне қол жеткізді. Талай мықтымен қолғап түйістірген, Ұлыбританияның ең танымал боксшыларының бірі Тони Белью мен Александр Усик арасындағы шайқасты жаһан жұртшылығы асыға күткені жасырын емес. Қос мықты арасындағы жекпе-жек ел күткен нәтижемен аяқталды. Украиналық боксшы бұл кездесудің анық фавориті саналған еді. Тек «Усик нокаутпен жеңе ме әлде ұпай санымен басымдық таныта ма?» деген сауал ғана күн тәртібінде тұрған. Жекпе-жек басталған сәттен-ақ қысым көрсетуге көшкен Александр Усик өзінің шын мықты екеніне шүбә келтірмеді. Тек артық соққы жұмсап, өзін шаршатқан жоқ. Украиналық оғлан бесінші раундтан бастап шындап іске кірісе бастады. Раунд өткен сайын қысымын арттыра берген Усиктің жойқын соққылары Тониді әбден діңкелетті. Сегізінші раундта сериялық соққыларын дарытқан Александр қарқынын төмендетпей сол қолымен шешуші соққыны дөп тигізді. Шаршы алаң төріне кескен теректей сұлқ түскен Тони өз-өзіне бірден келе алмай, төреші шайқасты тоқтатты. Осылайша Усик он алтыншы кездесуінде де жеңіс тойын тойлады. Қысқа мерзім ішінде бірінші орта салмақтағы кіл мықтыны жеңген украиналық боксшы енді аса ауыр салмаққа ауысуы ықтимал.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.