Ұлттық өнерді Әулиеата топырағында ұлықтады
Ұлттық өнерді Әулиеата топырағында ұлықтады
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="91173,91174"]
Халқымыз қашанда сөзді жоғары бағалап, киелі санаған. Ұлтымыздың төл өнері саналатын ғибраты мол жыр-терме – тыңдаған жанға ой салатын, мағынасы мен мәні терең. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан бұл өнердің бүгінде тамырына қан жүгіріп, заманға сай жаңғыру үстінде. Төл өнерімізді дамытуға жыл сайын ұйымдастырылып тұратын дәстүрлі конкурстардың тигізер септігі мол. Соның бірі – «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық жыршы-термешілер байқауы.
Мұндай байқаулардың дәстүрлі өнерді насихаттап, дамытушыларды ынталандыра түсетіні анық. Дәстүрлі түрде биыл сегізінші мәрте ұйымдастырылған өнер додасына қатысушылар қатары жыл санап арта түскені – соның дәлелі. Мәдениет және спорт министрлігінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен өнер додасында бұл жолы республиканың әр өңірінен іріктелген 17 үміткер бақ сынасты. Бабалар тілегі мен ғасырлар аманатын арқалаған, киелі мұраны дәріптеген үміткерлердің өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, айтыскер ақындар Бекарыс Шойбеков, Ахметжан Өзбеков, Мәдениет қайраткерлері, жыршы-термеші Ерболат Шалдыбек, дүлдүл әнші Нұржан Жанпейісов бағалап, қазылық етті. Қазылар термешілердің орындау шеберлігіне, тақырыпты таңдауына ерекше көңіл бөлгені айқын аңғарылып тұрды. Байқаудың ашылу салтанатында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы баспа бөлімінің басшысы Әлім Сергібаев Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының арнайы құттықтау хатын оқып берді. Мәдениет және спорт министрі дәстүрлі өнердің танымал тұлғалары мен қасиетті қара домбырасын күмбірлетіп жыр додасына түскелі отырған үміткерлерге сәттілік тілеп, бұл шара Президент Жарлығымен бекітілген тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырғанын атап өтіпті. Жамбыл жұртшылығы ұлттық өнер ұлықталған жыр кешінде үміткерлерге айрықша қолдау көрсетіп отырды. Көрермен ықыласынан шабыт алған қатысушылар бар өнерлерін ортаға салды. Байқаудың бас жүлдесі қызылордалық Күнсұлу Түрікпенге бұйырды. Ал 1-орынды Батыс Қазақстан облысының намысын арқалаған Күләш Қуанышқалиева, 2-орынды Қарағанды облысының үміткері Нұрмұхамед Байсүгіров иеленді. Павлодар облысының термешісі Оразбек Бахатхан мен Маңғыстау облысынан келген Манаш Әдімбаев 3-орынды еншіледі. Бас жүлдені иеленген термешіге 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыс етілді. Ұлттық өнерді насихаттап жүрген барлық термешілер марапатқа ие болды.
Камила Борашова