Жаһан

Мұнай және газ министрі Қашаған кенінде мұнай өндірілетін мерзімді атады

Мұнай және газ министрі Қашаған кенінде мұнай өндірілетін мерзімді атады

Кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қашаған кен орнында мұнай өнімі өндірілуі ықтимал екі мерзімді атады. «Бүгінгі күні Қашағанға байланысты жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының сценарийі мен өнім өндіруді қалпына келтірудің бірқатар  болжамы жасалып отыр. Жалпы бізде екі нұсқа бар. Оның ішінде оптимистік бағыт бойынша кен орнындағы мұнай игеру 2016 жылдың бірінші жартыжылдығына тура келеді. Ал екінші нұсқаға, газқұбырының толық құрылысын аяқтауды есепке ала отырып жүгінсек, 2016 жылдың екінші жартысына дөп келуі мүмкін. Дегенмен, бұл нақты дата емес, мәліметтер өзгеруі мүмкін», - деді министр. Оның айтуынша, газ және мұнай құбырларының қосылған тұсында жарық кеткен, бұл дәнекерлеу технологиясының дұрыс таңдалмауынан немесе оны орындаушылардың технологияны дұрыс атқара алмағандығынан болуы ықтимал. «Мердігерлердің құбырдың ішкі жағына жасаған диагностикасы мұнай және газ құбыры толығымен ауыстыруды қажет ететіндігін анықтады. Ал екі құбырды толығымен ауыстыру үшін қосымша 200 шақырымдық құбырлар сатып, оны төсеу жұмыстарының атқарылуы тиістігін  көрсетеді» - деді министр.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz