- Advertisement -

Геннадий Головкин «Энфилд» стадионында жұдырықтаса ма?

74

- Advertisement -

Кәсіпқой бокстан орта салмақ дәрежесіндегі бірнеше тұжырым бойынша әлемнің экс-чемпионы Геннадий Головкин келер жылдың мамыр айында шаршы алаңға оралуды жоспарлап отыр.
Дереккөздерге сенсек, қазақстандық боксшы келесі жекпе-жегін екінші орта салмақ дәрежесінде өткізетін секілді. Алайда ол орта салмақтан түбегейлі кететіні туралы мәлімдеме жасаған жоқ. Соңғы мәліметтер Геннадий Головкин екінші орта салмақ дәрежесінде бокстан бүкіләлемдік супер сериясының жеңімпазы атанған ұлыбританиялық Каллум Смитпен жұдырықтасуы мүмкін екендігін алға тартады.
Бұған дейін отандасымыздың промоутері Том Леффлер Геннадий Головкин Каллум Смитпен қолғап түйістіруі ықтимал екендігін бірнеше рет тіліне тиек еткен болатын. Соңғы рет ол қазан айында да осы жекпе-жек жайлы ойымен бөліскен-ді.
Бейресми деректерге зер салсақ, Головкин мен Смит арасындағы кездесу «Энфилд» стадионында ұйымдастырылуы мүмкін. Бұл Англияның атақты командасы «Ливерпуль» футбол клубының алаңы саналады. Жекпе-жек жоғарыда айтқанымыздай мамыр айында өтуі ықтимал.
Қазіргі таңда Каллум Смит екінші орта салмақ дәрежесінде WBA (super) және «The ring» журналының белбеулеріне ие. Егер бұл кездесу ұйымдастырылып, Головкин жеңіске жеткен жағдайда қазақстандық боксшы екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған былғары қолғап шеберлерінің қатарын толықтырады. Мамандар Головкин мен Смит арасындағы шайқас бокс үшін де, бизнес үшін де тиімді деп отыр.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support