Экономика

Басты мақсат – баспанамен қамту

Басты мақсат – баспанамен қамту

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кезекті селекторлық кеңесте жекешелендірудің екінші толқыны және «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан істер талқыланды. Алғашқы мәселе бойынша хабарлама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау елімізде жекешелендірудің екінші толқыны жүйелі түрде жүріп жатқандығын жеткізді. Әр облыстағы сатылымға түскен нысандарды саралады.

Ал, Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев қолжетімді баспана құрылыстарының жүру барысы мен салаға бөлінген қаржыны игеру мәселесін қозғады. Аталмыш тақырыпқа орай облысымызда атқарылып жатқан істермен толыққанды танысу мақсатында облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиевті сөзге тартқанымызда, ол: – Біз биылғы жоспар бойынша өңірімізде 256,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге тиіспіз. Бүгінде республикалық бюджет қаржысы есебінен үш бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Біріншісі – жалға берілетін пәтерлер. Бұл үшін облысқа 576 миллион теңге бөлінген. Өкінішке қарай, бүгінге дейін біз бұл қаржының 86 пайызын ғана игердік. Дегенмен,тұрғын үйлерді іске қосуда біз жылдық жоспарды орындадық. Бұл өткен жартыжылдықта пайдалануға берген Тараздағы «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы 75 пәтерлік тұрғын үй болса, екіншісі Қаратау қаласындағы 120 пәтерлік тұрғын үй. Қордай ауданындағы 50 пәтерлік тұрғын үй қаржысы мердігердің қателіктерінен белгілі бір дәрежеде игерілмей қалды. Дегенмен, 7 айдың қорытындысы бойынша жоспарды орындау көзделіп отыр. Биыл сондай-ақ, жас отбасыларға арналған тұрғын үйдің 10 мың шаршы метрін іске қосу жоспарланған. Жыл соңына дейін 75 пәтерлік екі тұрғын үйді пайдалануға берсек, бұл көрсеткіш 10200 шаршы метрді құрап, жоспарды асыра орындамақпыз. Ипотекалық несиеге берілетін тұрғын үйлерге келер болсақ, ағымдағы жылы барлығы 7,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Өткен жартыжылдықта біз 5 мыңнан астам шаршы метрді ел игілігіне бердік. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті де жоспарға жеткіземіз деген ойдамыз, –деді.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».