Алда ауқымды істер, жауапты міндет тер тұр
Алда ауқымды істер, жауапты міндет тер тұр
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="90874,90873"]
Облыстық драма театрында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Оған партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің және Саяси кеңес Бюросының мүшелері, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық және аудандық филиалынан сайланған делегаттар, этномәдени бірлестік жетекшілері, үкіметтік емес ұйымның төрағалары, БАҚ басшылары мен өкілдері, саяси партиялардың, жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарының басшылары шақырылды. Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысты. Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің 2016 жылдың қарашасы мен 2018 жылдың қарашасы аралығында атқарған жұмысы туралы есепті баяндама жасады.
Нақты жұмыс – оң нәтиже
– Есепті кезеңде партия облыстық филиалының 4 кезектен тыс конференциясы, 3 Саяси кеңес пен 10 Саяси кеңес Бюросының отырыстары өтіп, қабылданған қаулылардың орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстау партия облыстық филиалы ішкіпартиялық жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қалыптасты, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. – 2016 жылдың қарашасында өткен ХVIII есеп беру-сайлау конференциясының 12 тармақ, 54 тармақшадан тұратын №1 қаулысында қабылданған шешімдердің сапасы мен пәрменділігін арттыруға байланысты нақты шаралар қабылданып, олардың іске асырылуын қатаң бақылауға алудың нәтижесінде 82 пайызы орындалды. Соның ішінде, партия филиалдары Саяси кеңесі Бюросының рөлі мен мәртебесін көтеруге, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау мәселесі, партиялық топтарға бастауыш партия ұйымдарының Бюро мүшелерін бекіту, бастауыш партия ұйымдарында мәслихаттағы фракция мүшелерінің есебін тыңдау сияқты тармақшалары бүгінгі күнге толық шешімін таппай отыр. Бұл бағытта партия облыстық филиалы төрағасы Асқар Мырзахметовтің нақты тапсырмалары бар және оны іске асыру бойынша партия облыстық филиалы арнайы іс-шаралар қабылдауы қажет. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың маусымында бекітілген «Партиялық жаңғырудың 2018-2020 жылдарға арналған нақты жоспарында» партия филиалдарындағы жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында филиалдар жұмысының индикаторын қайта қарау мен жыл сайынғы рейтингтік бағалауды өткізу міндеттелген. Негізінде «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап партия облыстық филиалының қызметін бағалауға арналған бірыңғай көрсеткіштер мен индикаторлар тізбесін бекітуді бастағанын айта кету керек. Аумақтық партия филиалдарының өңірдегі оң қызметін бағалау деңгейі 2017 жылдың 4 тоқсанының қорытындысы бойынша 79,15 пайызды құрап, 2018 жылдың 3 тоқсанында 82,12 пайыз болып отыр.
Елбасы – Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының 2017 жылдың 3 қарашасында өткен Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында халықтың партияға деген сенімін арттырып, сан қырлы партия жұмыстарында жаңа саяси технологияларды кеңінен қолдану туралы тапсырма бергені баршаңызға мәлім. Сонымен қатар ішкіпартиялық жұмыстарды ұйымдастыруда бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін көтеруге ерекше тоқталған болатын. Индикаторлық көрсеткішке сәйкес, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына және жоғарғы партия органдарына ұсынылған бастауыш партия ұйымдары төрағаларының үлесі 15 пайыз болып белгіленген. Есепті кезеңде бұл көрсеткіш 45 пайызға жетіп отыр. Немесе 337 бастауыш партия ұйымы жетекшілерінің 15-сі мәслихат депутаты, 78 бастауыш партия ұйымының төрағалары – партия аймақтық және аумақтық филиалдары Саяси кеңестерінің мүшелері. Соңғы екі жылдағы жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде партия қатары белсенді жастар, өндіріс саласындағы жас мамандар, шағын және орта бизнес өкілдері, спортшылар, мәдениет саласының қызметкерлері және мемлекеттік қызмет атқарып жүрген 8985 адаммен толығып, бүгінгі күні партия мүшелері 69039-ға жетті. «Партиялық жаңғырудың 2018-2020 жылдарға арналған нақты жоспарында» кадрларды ілгерілетудің жүйелі де біртұтас тәртібін қалыптастыру бойынша партиялық кадрлық резервтің жаңа ережесі партия Орталық аппараты тарапынан әзірленуде. Мұндағы басты мақсат – өкілді органдар мен партия органдарына тек партиялық кадрлық резервтен ұсыну механизмін нақты белгілеуді ұсыну. Айталық, есепті кезеңде жергілікті мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына өткен сайлауларында ұсынылған үміткерлердің 92 пайызы партиялық кадрлық резервтен іріктелді. Облыстағы 205 депутаттың 182-сі – «Нұр Отан» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттарындағы депутаттық фракциялардың мүшелері. Оларды халық пен атқарушы билік арасында тығыз байланыстырып отырған алтын көпір десе де болады. Партия облыстық филиалы төрағасының тапсырмасына сай тоқсан сайын мәслихаттағы фракция мүшелерінің қызметін бағалау жүйесі енгізілетін болады. Сонымен қатар, индикаторлық бірыңғай көрсеткіштер бойынша «Нұр Отан» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жалпы санының ішінде 30 жасқа дейінгі жастардың үлесі 6 пайыздан кем болмауы керек. Соңғы екі жылда шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына 4 рет сайлау өтті. Осы сайлауларда бірде-бір 30 жасқа дейінгі депутаттыққа кандидат ұсынылған жоқ. Себебі, партиялық кадрлық резервті қалыптастыруда осы талапқа айтарлықтай мән берілмеген.
Ел жастарға сенеді
Елбасы Жолдауындағы «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» деп келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты, партиялық кадрлык резервті қалыптастыруда жастарға басымдық беру керектігі ескерілетін болады. Биылғы Жолдау тікелей халық тұрмысын арттыруға байланысты болғандықтан азаматтарға өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру басымдығына партия филиалдары фракция мүшелері арқылы нақты жұмыстар жүргізілуі қажет. Тараз қаласындағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 462 гектар жер учаскесі жаңа екі мөлтек ауданның құрылысы жүріп жатқанын баршаңыз білесіздер. Бұл ретте біздің міндетіміз – «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» бірінші бағытында көтерілген әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру мәселесін облыс жұртшылығы арасында түсіндіруді белсенді жүргізуі. Жалпы, Елбасы Жолдауының орындалуы бойынша партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің облыс активі жиналысында алдымызға қойған міндеттерді орындау, әр партия мүшесінің күш-жігеріне, жоғары азаматтық ұстанымы мен жауапкершілігіне байланысты болмақ. «Партия белсенділері – саяси сауатты, тілге шешен, олардың бойында көпшілікті өзіне тарта алатын қасиеттер болуы тиіс. Сонымен қатар саяси процестерде шұғыл шешім қабылдай білетін ұлтжанды азамат болуы шарт» деген талапты Партия Көшбасшысы Н.Назарбаев қойып отыр. Осы мақсатта 2016-2018 жылдың он айы аралығында партиялық менеджерлердің кәсіби білімін арттыру мақсатында 640 партия мүшесі Партия Орталық аппараты жанындағы Саяси менеджмент академиясынан оқу курстарынан өтіп, арнайы сертификат иелері атанды. Олардың қатарында 81 партия облыстық және аумақтық филиалының штаттағы қызметкерлері, 198 мәслихат депутаты, 68 партиялық кадрлық резервке енгізілгендер, 293 бастауыш партия ұйымдары жетекшісі мен партия белсенділері бар. Бұл бағыттағы мақсатты жұмыстар алдағы жылдары да өз жалғасын табатын болады. Желілік кестеге сәйкес Елбасы Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», «Бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын және «Әлем ХХІ ғасыр манифесі» мен басқа да бағдарламалық құжаттарын насихаттау, түсіндіру, Астана қаласының 20 жылдығына орай және партиялық жобаларды жүзеге асыруға арналған іс-шаралар, комиссия отырыстары, өзекті мәселелерді қамтитын партиялық, қоғамдық тыңдаулар өткізілді. 2018 жылдан бастау алған тарихымызды, рухани-мәдени құндылықтарымызды, халқымыздың қастерлі мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеу мақсатындағы партияның «Тарлан-тарих тағылымы» атты өлкетану жобасы аясында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Есепті кезеңде дәстүрлі түрде жыл сайын «Мектепке жол», «Нұр Отан» – балаларға!» акциялары, «Отбасын қолдау апталығы» жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қайырымды іске барлық бастауыш партия ұйымдары мен партияның мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, партия белсенділері атсалысты. Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының бастамасымен «Бір аптада – бір кітап» акциясы қолға алынып, партияның «Білім орталығы» жобасы бойынша облыс аумағындағы кітапханаларда 11 коворкинг орталықтағы ашылды. Коворкинг орталығы тек аудан орталықтарында емес Жамбыл ауданы Айша бибі ауылдық кітапханасында да ашылғанын айта кету керек. Бұл үрдіс барлық аудандарда жалғасын табады деген сенімдеміз.Ұрпақтар сабақтастығын ескере отырып, «Жас Ұлан», «Жас Қыран» бірыңғай балалар ұйымдарымен бірлесе жұмыс жасаудың жаңа бағыттары қолға алынды. Облыс бойынша жасұландықтардың саны 28168 мүшеге өсіп, жасқырандықтардың саны 41 083-ке мүшеге жетті.Ұйымды қолдау бойынша арнайы партиялық жоба қабылданып, «Жас Ұлан» ұйымының жұмысына жаңа дем берілетін болады. Алда ауқымды істер, жауапты міндеттер күтіп тұр. Бұл ортақ істе, біз қоғам мен мемлекет дамуына өз үлесімізді зор еңбегімізбен қосамыз, жаңа идеялармен жаңғыртамыз деді, – Е.Манжуов.
Пәрменді бақылау жемісі
Баяндамадан соң партияның облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Жарылқасын Айтақов екі жыл ішінде атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Оның айтуынша, есепті мерзім аралығында аталған комиссияның 12 отырысы өтіп, комиссия шешімдерінің орындалуы бақылауда болған. Осы уақытта жарна төлеу – 103, бос бөлмелерді жалға беру 109 пайызға орындалған. Комиссия тарапынан жүргізген тексерулер мен талдау барысында партияға кіру, мүшелік жарна төлеу, бухгалтерлік есеп пен шығыс сәйкестігін бақылау, партия бюджетін орындау және оның тиісті түсірілімдермен толықтырылуы, берілген лимиттер мен филиалдағы материалдық құндылықтардың сақталуы, іссапарға бөлінген қаражаттарды қадағалау басты назарда болған. Комиссия төрағасы айтып өткендей, өрескел кемшілік орын алмаған. Дегенмен, Тараз қаласындағы және бірқатар аудандары кейбір бастауыш партия ұйымдары жарнаны кешіктіріп төлеген. Аталған комиссияның араласқан соң олқылықтар тез арада жолға қойылған.
* * *
«Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков жарыссөзге шығып, 6 мың нұротандықты құрайтын 27 бастауыш партия ұйымының жұмысына тоқталды. Сондай-ақ, ол Елбасымыздың биылғы Жолдауында «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табысы артады» деп атап көрсеткеніндей, аудандық партия мүшелерінің ішінен көпке үлгі болатын азаматтар туралы айтты. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Бақтияр Алдашов құрамында елге сыйлы 94 азаматы бар, оның 32 мүшесі мәслихат депутаттары болып табылатын партияның аймақтық және аумақтық филиалдары жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер батыл бастамалар көтеріп, жүйелі жұмыстар атқарып келе жатқанын айтты. Партияның Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова аудандағы 30 бастауыш партия ұйымының барлығы да жеке жұмыс кабинетімен қамтылғанына, партиялық мүшелік жарна жинау жоспары да соңғы екі жарым жылда 100 пайызға толығымен орындалғанына, партияның Жуалы аудандық филиалының ұйым жұмысына «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауына қатысқаны жаңаша леп әкелгенін тілге тиек етті. Конференция делегаттары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының есепті кезеңдегі жұмысына уақытша мандаттарын көтеріп, қанағаттанарлық деп баға берді. Мұнан соң облыстық партия Саяси кеңесінің сандық құрамы 39 адамнан құралып, оны делегаттар мақұлдады. Аталған 39 адамның тізімін «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбек оқып, оны делегаттар бірауыздан қолдады. Облыстық партия филиалының бақылау-тексеру комиссиясының құрамы 9 адамнан құралып, олардың тізімін облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен оқып берді. Делегаттар бұл тізімді де бірауыздан қолдады. Конференцияда облыстық партия Саяси кеңесінің Бюросының мүшелері де қайта сайланып, делегаттар оларды қолдап дауыс берді.
Ел сенімі бәрінен қымбат
Конференцияда «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев сөз сөйледі. – Сіздермен есеп беру-сайлау конференциясында кездескеніме қуаныштымын, – деді ол. – Бүгінде біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Қазақстан Президенті, біздің Партияның Көшбасшысы, жақында өткен Жолдауында әлеуметтік салаға шын мәнінде, біздің еліміздің әлеуметтік жаңаруына баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Біздің Көшбасшымыздың сенімді тірегі және жетекші саяси күш ретінде партия Жолдауды түсіндіру мен іске асыруда мониторинг жүргізуде басты рөл атқаруы тиіс. Біздің негізгі мақсатымыз – еліміздің әрбір азаматының жағдайын жақсарту және өмір сүру сапасын арттыру. Нұротандықтардың алдында Елбасы белгілеген мерзімде шешілуі тиіс бірқатар міндеттер тұр. Қазірдің өзінде орталық және аймақтық деңгейде осы стратегиялық маңызы бар құжаттың жүзеге асырылуын шешу және оны халық арасында белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін Мемлекет басшысы мемлекет алдына 3.0 жаңғыртуды жүзеге асыру міндетін қойып отыр. Осыған байланысты біздің партия алдында Қазақстанды жаңғыртуға дәйекті түрде қатысатын стратегиялық күш болу міндеті тұр. Оны жүзеге асыру үшін партия үлкен жұмыс атқаруда. Біздің партияның идеологиялық бағыты жыл өткен сайын жаңартылуда.Өзінің құрылған сәтінен бастап партия әрдайым экономикалық, әлеуметтік және саяси салалардағы Елбасы саясатының белсенді және дәйекті бастамашысы болды. Бұл тарихи кезеңде біз Мемлекет басшысының және Қазақстанның үшінші модернизациясына жүйелі түрде қатысып отырған стратегиялық күштің сенімді қолдауының негізгі миссиясын көріп отырмыз. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясы жаңғыру құндылықтарының негізгі тасымалдаушыларының және біздің еліміздегі жүйелік өзгерістердің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болуы тиіс. Партия бастамашы болған барлық жаңа бағдарламалар мен жобалар осы мақсатта жұмыс істейді. Партия азаматтық қоғаммен, соның ішінде партия платформасы арқылы белсенді жұмыс жасайтын жақтаушыларды тартуы керек. «Нұр Отан» партиясының Елбасы саясатына қатысты барлық сындарлы қоғамдық және саяси қозғалыстарды біріктіретін шығармашылық күш ретінде позициясын нығайту қажет. Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясымен қатар бұл міндет Қазақстан Республикасы Президентінің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мониторингі жөніндегі қоғамдық кеңесті және ҮЕҰ және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесті қамтиды. Ең маңызды бастамаларды талқылау үшін біз «NurOtanTrends» және «NurOtanTalks» сияқты жаңа форматтағы пікірталас алаңдарын жасадық. Қазір бұл мемлекеттік бағдарламалар, заң жобалары, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелер туралы сарапшылар мен қоғамдық пікір жетекшілерінің талқылау механизмдері. Біз осы сұхбат алаңдары бойынша оң пікірлер аламыз. Партия бастауыш партия ұйымдарының жұмысы үшін толығымен жаңа форматты қалыптастырады. Биыл БПҰ жұмысын жандандыру тұжырымдамасы талқыланған бастауыш партия ұйымдарының (Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе) төрт аймақтық форумы өткізілді. 14-15 қарашада тұңғыш рет республикалық БПҰ форумы өткізіліп, тұжырымдама қабылданады. Үстіміздегі жылдың 1 маусымында Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында нұротандықтардың алдына Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияны модернизациялау призмасы арқылы елдегі жаңғырту үдерістерін жүзеге асыруға қатысуын арттыру жөнінде бірқатар міндеттер қойды. Партия Көшбасшысы партияның ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға белсене қатысуы, жаңарудың басты қозғаушы күштерінің бірі болуы тиіс екенін атап өтті. Мемлекеттік басқарудың сапасын жақсарту бойынша жұмысқа тек партияның ғана емес, сонымен бірге елдегі кадрлық резервпен мақсатты жұмысты ұйымдастыру тапсырылды. Біздің партиядағы жобалық тәсіл Prince2 әдістемесіне негізделген, мақсат-міндеттері, жұмысының бағыттары, нақты анықталған, терминдері бар мақсатты аудитория және түпкілікті нәтижелер – басты қағидаттары. Осы әдістеме бойынша идеологиялық күн тәртібін іске асыруға және партияны жаңғырту үшін 20 жоба әзірленді және басталды. Ең алдымен халықты цифрлық дағдыға оқыту, ІТ өнімдерін пайдалануға және ІТ кадрларды оқытуға тарту арқылы цифрлық ортаны дамыту бойынша екі жобаны жүзеге асыруға ерекше назар аударылып отыр. «Балаларға арналған тегін IT сыныбы» жобасы 8 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды қамтиды. Жоба шеңберінде бағдарламалау, 3D модельдеу және робототехниканы тереңдетіп оқыту ұйымдастырылады. Жалпы, жоба бүкіл ел бойынша 1000 IT сыныбын ашуды жоспарланған. Қазір барлық өңірлерде 697 сынып ашылды. Цифрландырудың екінші жобасы – «IT мамандарды дайындау» ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандар пулын қалыптастыруға бағытталған. IT орталықтарының қазақстандық IT компаниялары мен аймақтық жоғары оқу орындарының базасында ашу көзделуде, бұл жылына 35 мың адамды, соның ішінде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарды оқытуға мүмкіндік береді. Қаржыландыру көздерінің бірі – өнімді жұмыспен қамту және жаппай кəсіпкерлікті дамыту бағдарламасы. IT орталықтарының түлектері «Атамекен» ҰКП-нан жұмысқа орналасуға көмек алады. Бүгінде еліміздің 13 өңірінде 22 IT орталық ашылды. Адамдар көбінесе партияның филиалдарына келіп, коммерциялық мақсатта жер учаскелері туралы ақпараттың жарамсыздығы туралы, рұқсат алу мерзімдері кейде бірнеше айға созылғандығы туралы жиі шағымданады. Партиялық білім беру мектебінің базасында Саяси менеджмент академиясы құрылды. Партиялық білім берудің жаңа жүйесі «Назарбаев Университетінің», Мемлекеттік басқару академиясының мамандарын, сондай-ақ, шетелдік сарапшыларды тарта отырып құрылады. «Нұр Отан» партиясы жанынан Стратегиялық бастамалар институты құрылды, ол қолданбалы әзірлемелерге басымдық береді. Бастауыш партия ұйымдарымен жұмыс жандандырылды, олардың жалпы саны бүгінде 6 мыңға жуық.Олардың үздіктерін ынталандыру бойынша шаралар пысықталуда. Проблемалық мәселелер мен тәуекел факторларын, ең алдымен өңірлерде дер кезінде анықтау мақсатында әлеуметтік мониторинг картасы әзірленуде. Жолдаудың негізгі ережелерінің іске асырылуын мониторингілеу мен бақылауға (рейдтер, объектілерге шығу, партияның сайлауалды бағдарламасының бағыттары бойынша партиялық кураторлар комиссияларының, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын бақылау жөніндегі комиссиялардың, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестердің отырыстары) баса назар аударылуы тиіс. Басқа өңірлермен салыстырғанда бұл филиалда нақты жұмыс, ілгері басу байқалады. Осы үшін филиал төрағасы, облыс әкімі Асқар Исабекұлына ризашылығымды айтқым келеді, – деді ол.
Таза ауызсу, арзан төлем
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытынды сөз сөйледі. – Қаныбек Бекболатұлы Елбасының жақында жариялаған Жолдауына, сондай-ақ филиал алдындағы міндеттерге, нұротандықтар атқаруы тиіс жобаларға, бастамаларға кеңінен тоқталды, – деді облыс басшысы. – Осы орайда Қаныбек Бекболатұлына алғыс білдіргім келеді. Біз бүгін партия жұмысындағы өз жоспарымызды, атқарар міндеттерімізді түсіндік. Аудандық филиалдардың жұмысын жандандыру, айлық жұмысты саралау, негізгі индикатордың орындалу барысына қарап отыруға тиіспіз. Орталықтың бұйрығын күтіп босқа отырмай, өзіміз облыста не атқара аламыз? Міне, осыны ойластыруға тиіспіз. Осы жерде өмір сапасы, тұрмыс-тіршілікке қатысты талдап өтейін. Облыстағы 373 елді мекеннің 50 пайызында орталықтандырылған су құбыры жоқ. Орталықтандырылған су құбыры бар елді мекендердің де бірқатары тарифтің жоғарылығынан тіршілік нәрін толық пайдалана алмай отыр. Біз зерделеу жүргіздік. Кінә өзімізден болып шықты. Тарифті жеңілдетудің, арзандатудың жолы бар. Соны пайдаланбай келгенбіз. Енді қажетті құжатты өткіздік, тариф төмендеді. Одан бөлек біз бірыңғай оператор құрамыз. Бұл жұмысты жақсарта түседі. Биыл алдын ала межелегендей 10 ауыл емес, 19 ауылға таза ауызсу жеткіземіз. Сонда таза ауызсу бармаған 134 елді мекен қалады. Олардың мәселесін 2022 жылға дейін шешуге болады. «Көгілдір отын» барған елді мекендер – 184. Шамамен 50 пайызға жуық. Осы газ барған ауылдардың өзінде 88 мың тұрғын газды пайдалана алмай отыр. Себебі құбырды үйіне дейін жеткізу бағасы қымбат. Ол үшін әр үйге 150 мың теңге керек. Біз осы мәселенің де шешу жолдарын қарап, саралап, әр үйге кететін шығынды 88 мыңға түсірдік. Сондай-ақ, электр желісіне қатысты, қатты қалдықтарды шығаратын кәріз жүйесіне қатысты мәселелерді жоғарыдағыдай тиімді жолдармен шешуге қол жетпек. Бұл жағдайларға қажетті қаражатты тиісті министрліктерден сұрап отырмыз. Облыс бюджетінен де қаржы бөлеміз. Басты нақты жоспар, орындалған индикатор бар. Сіздер аудандағы мәселелерді де осындай жолдармен шешіп жатсаңыздар, Елбасы Жолдауын орындауға қосқан үлестеріңіз болады. Біз колледж, студент, жұмыс беруші арасында үшжақты келісім жасаттық. Колледждерге де көп көлемде қаражат бөлінуде. Алайда бітірушілердің көпшілігі жұмыссыз жүреді. Студенттің көбісі сабаққа да қатыспайды. Осыған кім жауап береді? Жаңа мазмұнда сабақ беретін 16 мың мұғалімнің жалақысы 30-40 пайызға өсті. Назарбаев зияткерлік мектебінің үлгісімен оқитын 40 мектепте де жоғары жалақы төлене бастады. Облыста 20 емханада емдеу әдістері орталығы ашылды. 600-ден астам мейірбике білімін жетілдірді. Облыста 95 елді мекенге алғашқы медициналық көмек беру мекемесі керек. Биыл оның 29-ын жекеменшік серіктестіктер есебінен шештік. Осылайша жоғарыдағы қажеттілікті екі жылда атқарып шығамыз деген жоспарымыз бар. Өңірде 30 спорт нысанын салу көзделген. Спорт залдары ғана емес, көркем гимнастика, жеңіл атлетика алаңдарын салу көзделуде. Жуалы ауданында тау шаңғысы базасы салынып жатқанын білесіздер. Алдағы уақытта да облыстық филиалдың Саяси кеңесі 70 мың нұротандықпен бірге нақты жұмыстарды алға апара беретін болады, – деп тәмамдады сөзін Асқар Исабекұлы.
Есет Досалы