- Advertisement -

Егінге бай, малға жай, топырағы май…

442

- Advertisement -

Өткенді білмей бүгіннің парқына бойлау және болашаққа бағдар жасау қашанда қиын. «Біздің қазір топырағын басып, суын ішіп жүрген өлкеміз бұдан ондаған, жүздеген жылдар бұрын қандай болды, ата-бабаларымыздың басынан қандай оқиғалар өтті?» деген сұрақтар кімді болса да қызықтырары сөзсіз. Қордай жерінің аумағы XIX ғасырдың орта шеніне дейін Орта Азия елдері мен қазіргі Қазақстанның оңтүстік өңірлері қатарында Қоқан хандығының иелігінде болғаны белгілі. 1863-1864 жылдары хандық Ресей империясынан жеңіліс тауып, бұл жерлер біртіндеп орыс патшалығының құзырына өтеді. Ресей мұнда Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария және Жетісу (Семиречье) облыстарын құрған. Жетісу облысы құрамында Верный және Пішпек уездері құрылып, қазіргі Қордай ауданының аумағы Пішпек уезіне қарап келді. Кеңес үкіметі орнаған тұста бұл уездер РСФСР құрамында алғаш Түркістан Республикасының, 1924-тен 1936 жылға дейін Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құзырында болды.

1928 жылы 17 қаңтарда Қазақ АКСР ОАК сессиясының алтыншы шақырылымында республикадағы облыстар жойылып, олардың орнына 180 ауданды біріктірген 13 округ (аймақ) құрылғаны мәлім. Алматы округінің құрамындағы 21 ауданның бірі болып біздің Қордай ауданы алғаш сол кезде шаңырақ көтеріпті. Ал 1936 жылы Қазақстанның автономиялы республикадан одақтас республикаға айналғандықтан оның әкімшілік-территориялық бөлінісіне біраз өзгерістер енгізіліп, жаңадан бірнеше облыс құрылады. Осылай 1939 жылы 14 қазанда Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының шекаралық аудандары есебінен бой көтерген Жамбыл облысына Алматы облысының үш ауданы – Красногор, Шу және Қордай аудандары өтті. Осы арада айта кету керек, Красногор ауданы 1957 жылы таратылып, оның Ақтерек, Дегерес тағы басқа елді мекендері Алматы облысында қалып, қалғаны Қордай ауданының құрамына берілді. 1973 жылы Красногор ауданы қазіргі Отар, Кенен, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Алға, Ноғайбай, Қақпатас ауылдық округтері шекарасында қайта құрылғанымен, он бес жылдан соң 1989 жылы шілдеде Қордай ауданымен біржолата бірікті.
Қордай жері ежелден құт қонған, қасиет дарыған киелі өлке саналады. Елін, жерін жаудан қорғаған батырдың есімімен аталатын өңірдің тарихы тым тереңнен тартылады. Қазақ хандығының туы тігілген Қозыбасы Қордай асуында. Қазақ халқының азаттық жолындағы ұлы жеңісі «Аңырақай шайқасы» да осы Қордай жерінде өткен. Көк найзасы көк тіреп Қарасай, Өтеген, Жолбарыс батырлар өтті бұл өңірден. Қазақтың елім деп еңіреген ержүрек ұлы, соңғы ханы Кенесарының соңғы шайқасы өтіп, ақтық демі үзілген жер де осында… Жүйелі сөзбен қара тасты еріткен, аса ділмар Кебекбай шешен, көреген де көсем Ноғайбай би ше? Саңылақтай сар желген Сарыбас ақын мен күміс көмей, жез таңдай Кененді кім білмейді. Он саусағынан бал тамған Байсерке күйші, көмейі бүлкілдеп Тілеміс шешен де өткен…
Қордайдың шын мәнінде қасиетті, киелілігінен шығар, Нұрсұлтан Назарбаевтай әлем таныған Мемлекет басшысын өмірге әкелген Әлжандай ардақты ананың кіндік қаны тамып, ірі лингвист ғалым, академик Нығымет Сауранбаев, қазақ қыздары арасынан тұңғыш министр болған Балжан Бөлтірікова, математика ғылымында атағы әлемге жайылған академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұхтарбай Өтелбаев, сондай-ақ Сәрсенғали Әбдіманапов, Жұмаділ Байгөншеков, Семетей Жусанбаев сынды іргелі ғалымдар, Сансызбай Сарғасқаев, Рза Қунақова, Марал Ысқақбаев, Несіпбек Дәутайұлы тәрізді белгілі ақын-жазушылар туған жер де осы. Қордай топырағында жаралып бүгінде ел таныған өнер және мәдениет қайраткерлерін, спортшыларды, халқы үшін еңбек етіп жүрген азаматтарды, кәсіпкерлер мен еңбек майталмандарын көптеп атауға болады. Ойжайлау, Сұлутөр, Әулие шоқы сияқты көк тіреген таулары, Отар, Аңырақай жазиралары, адуын желі ашуға мінсе, өткел бермес әйгілі Қордай асуы, Шу, Қарақоңыз, Майбұлақ, Қалғұты, Иірсу, Ырғайты, Ұзынсу, Ешкілідей өзен-сулары өрнектеген өлкені:
– Тасы да алтын, Қордайдың, тауы да алтын,
Басы да алтын, Қордайдың, бауыры да алтын.
Егінге бай, малға жай, топырағы май,
Шөбі шүйгін көк торғын, желі салқын, – деп Кенен ақын тамсана жырға қосқан шұрайлы өңірдің кешегісінен бүгіні жарқын, ертеңгі күні бұдан да ғажап болмақ.
Тоғыз жолдың торабында, шұрайлы Шу өңірінде елді мекендері тығыз орналасқан ауданның сонау патшалы Ресей дәуірінен тартып, кешегі кеңес империясы кезеңінде өзіндік менталитеті қалыптасқан. Қордайды әлеуметтік тұрғыдан байтақ Қазақстанның кішірейтілген үлгісі десе болғандай. Кезінде кеңестік идеология «Жүз ұлттың планетасы» деп интернационалдың үздік нұсқасы ретінде Қазақстанды жалпақ әлемге қалай дәріптеген болса, Қордайда да солай ұзын-саны отыздан аса ұлт өкілдерінен бүгінде 146 мыңдай тұрғын тұрады.
Орыс қоныстанушылары бұл жерге 1893 жылдан аяқ басқан. Олардың келуімен Шу бойындағы бұрынғы ортағасырлық қала орнының ну қамыс басып масасы ызыңдаған, көлшіктері көлкіген сыздауыт жерінен қасиетті Георгийдің құрметіне Георгиевск шаруа қонысы бой көтереді. Кейіннен ол Георгиевка аталды. Тәуелсіздік алғанымызға дейін аудандағы Горно Никольск, Ново Александровка, Благовещенка, Успеновка, Михайловка, Черная речка тағы басқа аталып келген ауылдардың негізі, міне, сонда қаланған болатын. Орыстардан біраз бұрын Қытай экспанциясының зәбірінен қырылып жойылудың аз алдында қалған босқын дүнгендер 1878 жылдың басында алты мыңдай адаммен қырғыз-қазақ шекарасына жетіп, бір бөлігі осында орын тепкен. Сөйтіп, ΧΙΧ ғасырдың басында Қордай жерін мекендеген негізгі үш халық – қазақтар, орыстар және дүнгендер болса, кейіннен кеңестік империяның жымысқы саясатымен соғыс кезінде депортацияланған Волга бойының немістері, Қиыр Шығыстан кәрістер, кавказдық қарашай, балқар, әзірбайжан, түрік, шешен, күрді тағы басқа ұлттар күштеп қоныс аударылды. Тың игеру жылдары бұл үрдіс тағы жалғасты. Қазақ халқының меймандостығы, аңқылдақ көңілі мен көмегі арқасында ата-жұртынан қуылып жәбір көріп, арып-ашып келгендер жаңа жерге тез сіңісіп, жергілікті жұртпен қоян-қолтық араласып кетті.
Ауданның басты байлығы – халқы. Қордайлықтар барлық істерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді. Тағдыр салған тауқыметті бірге көтеріп, қуаныштар қызығын ортақ бөлісуде. Кешегі ұжымдастырудың, қолдан жасалған аштықтың, саяси қуғын-сүргіннің, екінші дүниежүзілік соғыстың зұлмат зобалаңдарынан да бірге өтті. Ұлы Отан соғысы жылдары 10734 қордайлық қолына қару алды. Солардың төрт мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты немесе хабарсыз кетті. Үш қордайлық Кеңес Одағының Батыры атанды. Жауынгер Н.Белашов – Мәскеу түбіндегі ұрыста өшпес ерлік көрсеткен 28 панфиловшының бірі. Ал бір өзі үш жүзге тарта фашисті жер жастандырған мерген Әбіл Нүсіпбаевтың есімі бүкіл майданға аңыз болып тарады.
Терістігінде қазақтың жазира Бетпақдаласына, түстігінде қазақ-қырғыз тел емген Шу өзеніне тіреліп, 8,9 мың шаршы шақырым атырапты алып жатқан Қордай жері жаратылыстың небір құбылыстарын, адамзат тарихының әрқилы кезеңдерін бастан өткерді. Қазақстан Ғылымдар Академиясының археологтер экспедициясының зерттеулері нәтижесінде аудан аумағында алғашқы адамдар сонау тас ғасырынан (неолит дәуірі) бері жасап келгенін айтады. Сол дәуірге тән таңбалы тастар, Сортөбе, Кішміш ауылдары жанындағы біздің эрамызға дейінгі ІІ ғасырдағы сақтардың обалары, Құлжабасы тауларындағы тастағы суреттер, Аңырақай даласы мен Жайсаңдағы тас мүсіндер, Ауқатты ауылының тұсынан сақ жауынгерінің бас киімі, V-VΙ және ΧΙ-ΧV ғасырларға тән ыдыс-аяқтар, тұрмыстық қолданыста болған заттардың табылуы – осыған айғақ. Сонымен қатар көне түркі жазуымен жазылған Ұзынсу жазуы деп аталатын, Ұзынсу (Иірсу) өзенінің сол жағындағы тастағы «Орхон-Енисей», «Талас» жазуымен белгіленген 8 белгі мен 3 пиктограмма бар. Олардың біразы осы күндері Тараздағы және Бішкектегі тарихи-өлкетану мұражайларында сақтаулы. Аудан орталығының іргесінен табылған ортағасырлық қала орнында ғылыми қазба жұмыстары соңғы жылдары жалғасын тапты.
Көкірек көзі ояу, ел бірлігін, халықтың толайым тағдырын көксеуші, өткенімізді құрметтеуші қариялардың ой салуымен, оны іскер де алымды азаматтардың қолдауымен бүгінде ауданда елдік шаралар іске асырылуда. Тәуелсіздік жылдары Қордай асуының төрінде «Қордай батыр І-ІІ ғасыр» деп жазылған белгітас қойылды. Алмалы ауылында Қарасай батыр мен жаужүрек ұрпақтарына ескерткіштер кешені орнатылып, бүтіндей дерлік батырдың ұрпақтары мекендейтін осы ауылға Қарасай есімі берілді. 1999 жылы Өтеген батырдың бейітіне сәулетті кесене, аудан орталығында биік ескерткіш орнатылып, батырдың 300 жылдық тойы өткізілді. Кебекбай шешенге, Ноғайбай биге ескерткіштер орнатылып, кесенелері бой көтерді. Кененнің мемориалдық музейі жаңартылды. Саяси қуғын-сүргін, Ауған соғысы құрбандарына арналған ескерткіштер тұрғызылды. Былтыр ғана «Алматы – Тараз» күре жолы бойынан Жетісу мен Шу бойындағы қазақ-қырғызға даңқы жайылған төрт тұлға – Өтеген батыр, Кебекбай, Ноғайбай би-шешендер мен ұлы композитор Кененге ескерткіш мемориал орнатылса, биыл Қасық ауылына тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президентінің анасы Әлжан ана есімі беріліп, мұражайы ашылды. Бұл – ел тарихына ерлік пен елдіктің өшпес өнегесін танытқан ерек тұлғаларға деген қордайлықтардың аруақ сыйлаған ерен азаматтығының белгісі.
Иә, кешегі күн тарихқа айналып, өмір көші алға озып барады. Қордайдың аудан болып ұйысқалы бергі тоқсан жылдық шежіресінің өзі-ақ әлденеше том кітапқа лайықты. Қай кезде де аудан облыстың маңдайалды аумағы саналып келеді. Ел басқарып, халық бірлігін нығайтуда В.Кравчук, Б.Байқошқаров, Ө.Байгелді тәрізді білікті басшылар салған сара жолды тәуелсіздік жылдарында әкім болған Қ.Уәли, Б.Әден, М.Жолдасбаев, І.Тортаев, Қ.Досаев, Б.Байтөле сынды азаматтар одан әрі табысты жалғастырып әкетті. Аудан экономикасы нығайып, ел тұрмысының арта түсуіне қазір қай салада да мысалдар көп.
Тәуелсіздік жылдары біздің өңір мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламалар арқылы бірқатар игіліктерге қол жеткізіп, шетелдік озық технологияларға бетбұрыс басталды. Республикадағы ең алғашқы жел және күн электр стансаларының қанатты жобалары Қордай асуында іске қосылды. «Қақпатас» ЖШС роботталған италиялық сүт фермасын, Масаншы ауылдық округінде оңтүстіккореялық жылыжай кешенін ашты. Бірқатар шаруашылықтар бір мезгілде мыңдаған ірі қара бордақылау алаңдарын ашып, экспортқа ет өнімдерін шығаруға қабілетті осы замандық қасапханаларды іске қосуда. Аудан егістіктерінде су үнемдеудің израильдік тамшылатып суару технологиясы жаппай енгізілуде. Сарыбұлақ ауылдық округінде Орта Азияда баламасы жоқ малдәрігерлік вакциналар өндіретін биокомбинат салынуда. Қордайдың жер қойнауынан алтын, күміс, әк, гранит тәрізді пайдалы қазбаларды өндіру қарқыны еселене түсті. Ауданның басты байлығын құрайтын егіншілік пен мал шаруашылығында заманауи жаңалықтар батыл енгізіліп, олар жемісті нәтижелерін беріп келеді.
Бүгінде еліміздің Қарулы Күштері өз шебін мығым қорғай алатын сенімді қалқанға айналса, бұған Оңтүстік әскери қолбасшылығына қарасты ауданымыздың Отар ауылдық аймағында орналасқан «Отар» 40-шы әскери базасының қосар үлесі өз алдына. 2010 жылы осындағы Мәтібұлақ полигонында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер әскерлерінің қатысуымен «Бейбітшілік миссиясы» лаңкестікке қарсы әскери оқу -жаттығулары өткен болатын. Ал 2013 жылы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні алғаш рет мемлекеттік мереке ретінде аталып, Отарда Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен далалық жағдайда алғашқы Жауынгерлік парад өткізілсе, биыл ол екінші мәрте ұйымдастырылып, оған да Мемлекет басшысы қатысты. Ал соңғы жылдары дәстүрге айналған Ресейдің халықаралық армия ойындарының бір бөлігі біздің «Мәтібұлақ» полигонында өткізіліп келеді. Сондай-ақ облыс аумағындағы Қырғыз елімен 716 шақырымды қамтитын барлық сегіз шекаралық бақылау-өткізу пунктерінің төртеуі біздің ауданда, өткен жылы ғана Қордай ауылының маңынан жалпы сомасы 9 миллиард теңгеге жуық қаржыға бағаланған шекарашылар қалашығы пайдалануға берілді. Еліміздің қорғаныс қабілеті нығайып, халықаралық беделі арта түсуіне киелі Қордай жерінде жасалып жатқан іргелі істердің тигізер септігі мол.
Бүгінде Қордайда екі мерейлі дата – ауданның тоқсан жылдығы мен өңір шежіресін тынбастан жазып, сарғайған тігінділерінде қаттап келе жатқан аудандық газеттің 85 жылдығы қатар келіп отыр. Қордайда газет шығару жөнінде мәселе алғаш рет 1931 жылғы 26 наурызда аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде қаралыпты. Келер жылдан бастап газет «Бригада» деген атпен екі бет болып айына бір рет шығып тұрды. Қолмен жазылған газет материалдары аудан орталығынан жиырма шақырымдағы Фрунзе қаласының фабрик-зауыттық училище баспаханасына атпен жеткізілетін. Таралымы алпыс дана болып, жауапты редакторлығына В.Савельев бекітілді. Бұл қазіргі «Қордай шамшырағы» – «Кордайский маяк» газетінің түпнұсқасы саналатын ауданның алғашқы мерзімді басылымы еді.
1934 жылы Қордай, Красногор аудандарының бөлінуіне байланысты «Бригада» газетінің тарихы тек қазақ тілінде жарық көретін «Екпінді» газетіне жалғасты. Оның орыс тіліндегі нұсқасы арада он тоғыз жыл өткенде, 1953 жылдың 1 шілдесінде «Ударник» деген атпен шыға бастады. Көп ұзамай газет аптасына үш рет шығатын, төрт беттік «Октябрь туы» – «Знамя Октября» атанды. 1963 жылдың 1 мамырынан бастап газет екі тілде «Қордай шамшырағы» – «Кордайский маяк» деген қазіргі атаумен жарық көріп келеді. Бұл күнде оның жалпы таралымы он мыңнан асады. Әр кезеңде газетті О.Тоқтағұлов, Ө.Алтынбаев, Е.Нысанов, Б.Омарходжаев, Б.Сақауов, С.Керімбаев, С.Тілеуқұлов, А.Андреев, В.Бочков сынды білікті редакторлар басқарды. Аудандық газетте Ж.Көпбаев, М.Боқаев, Г.Кемпірова, С.Медетбекова, Қ.Мақаметжанов, В.Бондарева тәрізді қаламы жүйрік журналистер еңбек етті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Несіпбек Дәутайұлы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары осы газеттің жауапты хатшысы қызметін атқара жүріп республикалық жүлделер иеленген алғашқы очерктері мен әдеби шығармаларын жазғанын айтуға болады. Тәуелсіздік жылдары аудандық газет те бүтіндей жаңарды. Бұрынғы әр әріпті бір-бірлеп қолмен теретін, одан кейінгі ленотиптік дәуір де келмеске кетті. Газет компьютермен беттеліп, жергілікті офсетті баспаханада басылады.
Қордай – бүгінде облыстың маңдайалды аудандарының бірі. Егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамыған, өнеркәсіп те өзіндік орнын иеленген аудан табысының даңқы кешегі кеңестік кезеңнің өзінде алысқа кеткен болса, еліміз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекетке айналған жылдардағы аяқ алысы да тағылымды үрдіспен алға басуда. Тарих үшін қас-қағым сәт болып табылатын ғасырға таяу уақыт, сөз жоқ бүтін бір өңір шежіресіндегі өр, ылдиы қабат өрілген уақыт кезеңдерінен тұрады. Құрылғанына биыл 90 жыл толып отырған тарихы терең, тұлғалары ерен, табиғаты көркем өңірдің болашағы да жарқын боларына сөз жоқ.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support