Әлеумет

Ананы ардақтаған ел азбайды

Ананы ардақтаған ел азбайды

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау» қоғамдық қоры мен Ержановтар отбасы түріндегі балалар үйіне «Газель» көліктерін тарту етті. Сапура Ержанова күйеуі Жиенбай Ержанов екеуі өздерінің ұл-қызымен бірге балалар үйінің 12 тәрбиеленушісін қамқорлығына, тағы да 2 баланы қорғаншылыққа алып, оларды аялап өсірді. 1993 жылы отағасы өмірден озған соң барлық ауыртпалық Сапура апайға түседі. Ол кісі аянбай еңбек етіп, бүгінде «ұлын ұяға, қызын қияға» қондырған бақытты ана атанып отыр. Әрі 33 немеренің әжесі. Жетім балаларды тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлесі, ұзақ жылғы еңбегі үшін ол «Жетім балаларға көмек үшін» аталымы бойынша дәстүрлі Ұлттық Қоғамдық «Алтын жүрек» марапатын иеленген.

29«Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау» қоғамдық қоры 2011 жылы 6 желтоқсанда құрылған. Анжелика Сарьян басқаратын қорда 12 адам жұмыс істейді. Қор облыс тұрғындарына онкологиялық ауру түрлері бойынша ақпарат таратып, тегін дәрігерлік тексеруден өткізіп, кеңес береді, қатерлі ісікке шалдыққан науқастар мен олардың отбасыларына психологиялық қолдау көрсетеді. Бүгінде қор «Хоспис на колесах» жобасы аясында жұмыс істеуде. Аталмыш қоғамдық қорға сыйға тартылған «Газель» арнайы құралдармен жабдықталған, құны 4 миллион теңге тұрады. Облыс әкімі тарапынан жасалған тосын сыйға риза болған Сапура апай әсерін бізбен былай бөлісті: «Балалардың бақыты жолында жиырма алты жылдан астам уақыт аянбай еңбек еттім. Бүгінде олардың барлығы ер жетіп, өздері де бір отбасының түтінін түтетіп отыр. Еңбектің жемісі деген осы. Аллаға шүкір деймін. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлына үлкен рахмет. Жасалған құрмет, тартылған сыйға қуанып тұрмын. Отбасымыздың атынан алғысымыз шексіз».

Фариза Әбдікерімова,  «Ақ жол».