Спорт және туризм

Қола медаль өкініштің орнын толтырмайды

Қола медаль өкініштің орнын толтырмайды

Ауыр атлетикадан Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары ойдағыдай нәтиже көрсетіп жатыр деп айта алмаймыз. Әйткенмен әзірге қоржынымызда екі медаль бар. Зілтеміршілердің жаһандық додасында Арле Чонтей күміс медаль иеленген соң Надежда Лихачева қола жүлде иегері атанды. 75 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған ол қоссайыс қорытындысында 242 килограмм салмақты еңсеріп, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Қоссайыс нәтижесінде 267 килограмм салмақты көтерген қытайлық Ван Ли Чжан алтыннан алқа тақса, 252 килограмм салмақты бойынан асырған Сара Ахмед күміс медальмен күптелді. Жанкүйерлер 89 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Денис Улановтан зор үміт күткен болатын. Алайда спорттық бабына еніп үлгермеген Денис ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмады. Әзірге Қазақстан зілтеміршілері жоғарыда айтқаны­мыздай екі медаль ғана иеленді. Бұл көрсеткішті жақсарту кімнің қолынан келеді екен? Бір анығы отандастарымыз әлем чемпионатына бабына келмеген күйі аттанған секілді. Әйтпесе ілгеріде бұл уақытта кем дегенде бір алтын медаль иеленуші еді...

Табиғат АБАИЛДАЕВ.