Мәдениет

Әуезді ән әуелеген күн

Әуезді ән әуелеген күн

Бүгінде үлкен сахналарда шырқалып жүрген әндердің мәні мен мазмұны тым жеңілдеп кеткендей көрінеді. Неге десеңіз, өлеңінің мағынасы жоқ, орынсыз қолданылған тіркес көп. Әуенінде кейбір ырғақтар қазақ әнінің табиғатына тым жат, буын саны асып кетіп, не жетпей қалып жатқаны құлаққа түрпідей тиіп тұрады. Өзге елдің әні мен ырғағына салып айту тым көбейіп кетті. Әннің де естісі бар... Есті ән жүрек қылын шертіп, адамды әсем әуезімен тербеп, ой салады. Ол тыңдаушыны қанаттандырып, жанын ізгілікке бөлейді. Ән көңілді ғана ажарландырып қоймай, адам мен адамды жақындатады. Ән туралы сөз болғанда үнемі Көкдөнен ауылының тума таланты Жаңбыршы Үсейіновтің есімі ойға оралады. Саналы ғұмырында нағыз шығармашылық ізденістің қандай болатынын кейінгі ұрпаққа ұқтырып кеткен дарын иесі. Елуге жуық ән шығарды. Аз емес. Мойындау керек, мүмкін насихат жағы кемшін болған шығар. Әйтпесе, қазіргі «кәсіби композитормыз» деп кеуде қағып жүрген сазгерсымақтардың әндерін Жаңбыршы ағаның сырлы да әуезді мелодиялары он орап кететініне бек сенімдіміз. Жуырда Көкдөнен ауылдық Мәдениет үйінің директоры Берік Тауасаровтың ұйымдастыруымен Жаңбыршы Үсейіновтің әндері шырқалған «Әнім саған аманат» атты шығармашылық кеш өтті. Кеште композитордың тыңдарман жүрегінен орын алған «Ағайындар», «Соғыстан қайтқан әкелер», «Немерем балам», «Қайдасыңдар, қарлығашым?» атты танымал әндері орындалды. Тағы бір айта кетерлігі кештің көркін қыздырған композитордың немересі Аят атасының «Сарбаздар» әнін шырқап, көпшіліктің көңілін бір серпілтті. Сондай-ақ «Домбыра дастан» үйірмесінің орындауындағы «Ерке сылқым» және «Кеңес» күйлері тыңдармандарға ерекше әсер сыйлады. Кеш соңында Көкдөнен ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Төлеген Атабаев Жаңбыршы Үсейіновтің сөзі мен әуезі үйлесім тапқан мағыналы әндері әрқашан тыңдарман көңілінде қалатынын айтып, дарын иесінің өмірі мен шығармашылығы туралы тілге тиек етті. Ауыл тұрғындары осындай сырлы кештерді асыға күтетінін сөз етіп, мұндай тағылымды шараларды бірлесіп жиі ұйымдастырып тұру керек екенін атап өтті. Марат ДИХАНБАЙ, журналист.

Т.Рысқұлов ауданы.