Туған жер - жырым да сен, сырым да сен
Туған жер - жырым да сен, сырым да сен
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Ең үздік ауылдық Мәдениет үйі, клуб-2018» облыстық байқауы Ақкөл ауылындағы Оспанәлі Иманәлиев атындағы Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Байқауда «Формат-Е» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының директоры Ерлан Әуесбаев бастаған қазылар алқасы өнерпаздардың қарым-қабілетін таразылап, мейлінше әділ бағалауға тырысты. Олар сахнаның жарақтандырылуынан бастап, байқау шартына сай барлық параметрлерді назарға алды. Бұл күні ән де шырқалды, өлең оқылды, көрермендер жалынды жыр жолдарын тыңдады. Мәдени шара «Кәусар» би үйірмесінің жетекшісі Құндызай Асанованың жетекшілігімен «Шашу» биін мың бұрала билеген биші қыздардың өнер көрсетуімен ашылды.Сондай-ақ жергілікті ақын Нарша Қашағанның сөзіне жазылған композитор Қуандық Кенжебаевтың «Таласым» әнін Мәдениет үйінің әншісі Жақсылық Тілеубеков шарықтата шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Бұл шара Талас ауданының 90 жылдық мерейтойына орайластырылды. «Туған жер – жырым да сен, сырым да сен» тақырыбымен өткен мәдени шара республикаға танымал композитор Әуесхан Салабеков, жас ақын Ерімбет Досалиевтің шығармашылығымен жалғасты. Әуесхан Салабековтің алғашқы әні 1975 жылы жарық көріп, «Елес» атты туындысымен көпшілікке танылған болатын. Оның жүрегінен шыққан туындыларының бірі – «Сені ойлаймын» әні. Бұл шығарманың сөзін ақын, марқұм Нарша Қашаған жазған-ды. Сондай-ақ Күләш Ахметованың «Ана» өлеңіне жазылған әнді сахнада әнші Берік Жорабаев орындап, жиналған көпшіліктің жүрегіне жеткізе білді. Өнерсүйер қауымға кеңінен танымал «Бауырларыма» әнін Әуесханның өз орындауында тыңдаған көпшілік зор қошемет көрсетті. Композитор өз кезегінде жеке шығармашылығы туралы жерлестеріне тарқатып айтып берді. Алғаш 2004 жылы «Тіл туралы» атты өлеңін жазып, поэзия әлемінің жауапкершілігін сезінген Ерімбет Досалиевтің де өлеңдері жүректерге жетті. Оның «Өз тілім», «Бостандық», «Айбынымсың, Астана!», «Қазағым», «Әсемдік», «Көк туым» секілді шығармаларын Бақдәулет Қосуақ, Аяулым Қанжан, Айгерім Әбу, Жұлдызай Скендір, Әсем Кеңесбай сынды дарынды жастар мәнерлеп оқыды. Ерімбеттің «Елбасы» өлеңіне филармония әншісі Бақдәулет Бейсенбаевтың жазған әнін сахнада алғаш рет орындаған жас өнерпаз Қанағат Сайлаудың өнеріне сүйсінгендер қарасы көп болды. Ерімбет те өз шығармашылығынан «Ұрпақ үні», «Таласым» өлеңдерін оқып, жиналған көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Байқау соңында қазылар алқасының төрағасы Ерлан Әуесбаев сөз сөйледі. – Киелі өлкеде өткізіліп отырған шара мені қуантып отыр. Бұл байқаудың басты мақсаты – ауыл өнерпаздарының, жергілікті композиторлардың шығармашылығын көпшілікке насихаттау. Бүгінгі өткен байқауды көпшілік ықыласпен тамашалағанын байқадым. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткен өнер кеші елдің көңілінен шыққан секілді. Өздерін жақсы қырынан көрсеткен ауылдық Мәдениет үйінің ұжымына алғысымды білдіремін, – деді ол. Мәдени іс-шараның соңы Нұрлан Кейкімановтың орындауындағы Нарша Қашағанның сөзіне жазылған Әуесхан Салабековтің «Рахмет, саған, туған ел» атты белгілі әнімен түйінделді.
Сәбен ҚОЙШЫБАЙ.
Талас ауданы.
Редакциядан: Бұл мәдени байқау өңіріміздің барлық аудандарында өткізілді. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шара жеңімпаздары алдағы уақытта анықталатын болады.