Мейвезер қарсылас ретінде жапон жампозын таңдады
Мейвезер қарсылас ретінде жапон жампозын таңдады
Кәсіпқой бокстан бес салмақ дәрежесіндегі әлемнің экс-чемпионы кіші Флойд Мейвезер аралас жекпе-жек ережесіне сай шайқасқа шығады ма? Қазіргі кезде америкалық кәсіпқой боксшының жапониялық аралас жекпе-жек шебері Теншин Нацукавамен кездесу өткізетіні мәлім болып отыр. Жапонияда өтетін шайқастан кіші Флойд Мейвезер қыруар табыс табатыны анық. Дереккөздер Флойдтың кепілді гонорары 61,8 миллион долларды құрайтынын, ақылы трансляциядан тағы да 26,5 миллион доллар табыс табуы мүмкін екенін алға тартып отыр. Мейвезер бұған дейін кәсіпқой рингте 50 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Жапониялық спортшы болса кик боксинг ережесіне сай 27 жекпе-жекке шығып, барлығында мерейі үстем болған. Сондай-ақ ол аралас жекпе-жек ережесінің форматына сәйкес төрт рет шайқасқан. Жапон спортшысы «Rizin» ұйымымен келісімшарт жасасқан. Мейвезермен өтетін жекпе-жекті аталмыш ұйым ұйымдастыратыны анықталды. Әзірге екі спортшының қандай ережемен жекпе-жек өткізетіні белгісіз. Бір анығы, Мейвезер бұған дейін тек кәсіпқой бокс ережесіне сай кездесулерге шыққан еді. Екі түрлі спортта бақ сынаған екі спортшының салмақ дәрежелері де әртүрлі. Бұл жағынан Мейвезер басымдыққа ие. – «Rizin» ұйымы керемет жұмыстар істеп жатыр. 31 желтоқсан күні керемет шоу көрсетемін деген ойдамын. Менің бұл ұйыммен байланысым жекпе-жектен соң тоқтап қалмайды. Біз әлі әлемдік деңгейге бірге шығамыз деген ойдамын, – дейді Мейвезер. Табиғат АБАИЛДАЕВ.