Бұл жолы 1 күміс, 2 қола
Бұл жолы 1 күміс, 2 қола
Вьетнамда өткен химия олимпиадасында 3 медаль жеңіп алған Қазақстан оқушыларының ішінде тараздық талант та бар
Вьетнамда өткен халықаралық химия олимпиадасында Қазақстан оқушылары жүлделі орындардан көрінді. Атап айтсақ, қазақ құрамасы бір күміс, екі қола медальға ие болды. Құрама қоржынына жүлде салғандар қазақ-түрік мектеп интернаттарының шәкірттері павлодарлық Әділ Қабылда, тараздық Жасұлан Биназар және қарағандылық Серікжан Ермеков. Әділ 10-cынып оқушысы болса, Жасұлан мен Серікжан биыл мектеп бітірген түлектер. Жалпы, аталған білім бәсекесі алғаш рет 1968 жылы Чехияның астанасы Прага қаласында өткен болатын. Халықаралық химия олимпиадасы – жыл сайын мектеп оқушылары арасында өткізілетін білім додасы. Оған республикалық олимпиаданың жеңімпаздары қатысады. Вьетнамда жалауы желбіреген биылғы 46-шы халықаралық олимпиадаға дүниежүзінің 75 мемлекетінен 300-ге жуық оқушы, 200 бақылаушы және жауапты қызметкер қатысты. Білім бәсекесі теориялық және тәжірибелік кезеңде өтті. Естеріңізге сала кетсек, мамыр айында қазақстандық оқушылар 48-ші халықаралық Менделеев олимпиадасында жалпыкомандалық есепте топ жарған болатын. Нақтырақ айтсақ, қазақ құрамасы 11 медаль жеңіп алып, Ресей (9 медаль) мен Өзбекстан (8 медаль) командасын артта қалдырған.
«Ақ жол-Ақпарат».