- Advertisement -

Нар жолында жүк қалмайды

95

- Advertisement -

Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында өңірлік және қалалық инфрақұрылымдарды жүйелі дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Жақында жариялаған Жолдауында ауылдық жерлерді сумен қамтуға биыл 100 миллиард теңге қаражат бөлгені туралы айтты. Бұл бағытта Т.Рысқұлов ауданында да елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында мұнда қазірге дейін 16 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған. Қайыңды ауылына құбыр биыл тартылды. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жыл соңына дейін 10 мыңнан астам тұрғыны бар Луговой ауылындағы орталықтандырылған су жүйесі іске қосылады. Ауданда келешекте 17 елді мекенді таза сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Жаңатұрмыс, Қазақ, Тасшолақ және Жалпақсаз ауылдарына оны жеткізудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Орталықтандырылған ауызсу жүйесі бар ауылдарға аудан әкімдігінің «Таза су – 2014» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны қызмет көрсетеді.
Кәсіпорын құбыр тесілсе, сорғы істен шықса, жөндейді. Тұтынылған суға төлем жинайды. Мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысып, 100-300 метрге дейін көшелерде су құбырын жүргізеді. Қазірге дейін 24500 тұтынушыға су өлшегіш құралын орнатқан. Осыдан 4 жыл бұрын құрылған мекеме, сондай-ақ аудан орталығы Құлан ауылын көріктендіру, көгеріштендірумен шұғылданады. Ағаш және гүл көшеттерін егеді. Оларға күтім жасайды. Қыста ағаштарды бұтайды. Кәсіпорында бүгінде 84 адам жұмыс істейді. Бұрын техника тапшылығынан олар белгіленген тапсырмаларды уақтылы орындауда елеулі қиындықтарды бастан кешіретін.
– Өткен жылы аудан басшысы бізге 1 автокран, 10 тонналық су таситын автомашина және 4 трактор сатып әперді. Мұның өзі еңбек өнімділігін арттырумен қатар ауқымды жұмыс атқаруға мүмкіндік беруде, – дейді «Таза су – 2014» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Серік Сәлімбаев.
Кәсіпорын қызметкерлері өткен жылы өз күштерімен Құлан ауылының кіреберісіндегі 30 гектар алқапта 37500 дана қаратал көшетін еккен. Осы елді мекеннің жанындағы 12,4 гектар дендросаябақты жазда суарады, күтім жасайды, қыста бұтайды. Бұған қоса оның қасында 9 гектар алма бақты да өз күтімдеріне алған. Мекеме қызметкерлері үстіміздегі жылы көктемде Құлан ауылында 800 дана сәндік ағаш көшеттерін отырғызған. 1,5 мың шаршы метр көгалды алаң орналастырған. Олар қысы-жазы тыным таппайды. Жыл сайын қараша айынан бастап наурыз айына дейін жеміс және басқа да ағаштарды бұтаумен шұғылданады. Олар осы мерзімде 20 мыңға жуық жасыл желекті артық бұтақтардан арылтады. Былтыр су таситын жаңа автомашина сатып алуына байланысты жазда Құлан ауылының орталық көшелеріне таңертең су шашуды қолға алған.

Ақылжан МАМЫТ

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support