Шаруалар да, қала тұрғындары да риза

77

Тараз қаласының орталық «Достық» алаңында өткен сенбі күні де облыс ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған бұл жолы да азық-түлік өнімдері мол әкелінді. Атап айтқанда, ет өнімдері – 8,4, шұжық – 3, сүт өнімдері – 4, кондитерлік тағамдар – 1, макарон кеспелері – 3, балық – 1, бал – 1,3, қарақұмық – 2, күріш – 2, қант – 4, өсімдік майы – 1,5, кептірілген жеміс – 1, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері 168 тонна көлемінде болды.

Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев сауда қатарларын аралап көріп, азық-түлік өнімдерінің арнайы белгіленген баға бағамына сәйкес өткерілуі жайы мен сапасына назар аударды.
– Өңір басшысының тапсырмасымен облыс орталығында әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты өткізілумен келеді. Мұнда тауарлар басқа базарлардағыдан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылады. Бұл екі жаққа да тиімді. Шаруа қожалықтары үшін өздері өндірген өнімдерді тұтынушыларға ешқандай делдалсыз тікелей өткеруге мүмкіндік туады. Ал қалалықтар азық-түлік қорларын молынан қамдап ала алады. Бұл жолы жалпы құны 40 миллион теңгені құрайтын 194 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылып отыр. Көкөніс өнімдері нарықтағыдан 30 пайыздай төмен бағамен сатылуда. Картоптың килосы 50 теңге көлемінде. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы тарапынан жеткізілген бүгінгі таңдағы қат өнімдердің бірі – қант-шекер өнімдерін біршама төмендетілген бағада өткеріліп жатыр. Шаруалар да, қала халқы да риза, – деп атап өтті Мұратхан Жүнісәліұлы бұл тұрғыда.

Жалпы, сауда сөрелеріне сапалы тауарлар шығарылған ба, жоқ па? Оған көз жеткізу де аса қиын емес. Тұтынушылардың сатып алған өнімдерінің сапалылығы мен жарамдылығын осындағы көшпелі ветеринарлық зертхана көмегімен тексертуіне де, әкімшілік орталығында сатушының таразыдан жеген-жемегенін бір демде анықтатып алуына да мүмкіндіктер жасалынған екен. Қордай ауданынан келген ет сатушылардың бірі жылқы етін белгіленген бағасынан 300 теңгеге қымбатқа сатқаны да сол мезетінде анықталып, зейнеткер қария артық төленген ақшасын қайтарып алды.
Тағы бір тараздық зейнеткер Л.Кравченко да өзі алған азық-түлік өнімдерін бақылау таразысына өлшетіп көріп, дұрыстығына көз жеткізіп жатты. «Іс-шараны ұйымдастырушыларға риясыз алғыс айтқым келеді. Жәрмеңкенің бірде-біреуін құр жібермей, ылғи да келеміз. Алаңның ортасына арнайы таразы қойылған. Не алсақ та грамына дейін дәлме-дәл есептетіп аламыз. Зейнеткер үшін тиыннан желінудің өзі жеңілге түспейді. Ал басқа базарларда мұндай мүмкіндік жоқ. Мұндағы өнімдер бағасы да нарықтағыдан біршама төмен», – дейді ол.
Тұтынушылардың қай-қайсысы да жәрмеңкеге сенбі сайын келіп, қажетті азық-түлік өнімдерінің апталық қорын алдын ала қамдап алатындарын айтады. Олар, әсіресе өнімдерінің сапасы да, бағасы да қатаң бақылауда екеніне айрықша риза. Әрине, «Саудада достық жоқ» екені айтпаса да түсінікті. Таразыдан жеу әрекетінің де кездесетінін жоққа шығару қиын. Сондықтан сауда жасау барысында аларманның әрбір павильонның тұсына ілініп қойылған баға бағамы қатаң сақталуын талап етуге де құқы бар. Айта кету керек, арнайы тізбеде нарықтағыға қарағанда асқабақ – 29, үй айраны, сүзбе, қымыз, күріш, қияр – 25, картоп – 23, бал, алма, қызанақ, қызылша, шомыр 20 пайыз төмен бағамен өткерілетіні де нақпа-нақ жазылып көрсетілген.
Тараздықтардың бұл күні сахнасынан ән-күй көкке әуелеп мерекедегідей кейіпке енген орталық алаңдағы дәстүрлі көрме-жәрмеңкеден өздеріне керектіні түп көтере сатып алысып, көңілдері бір жайланды.

Баймаханбет Ахмет

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.