- Advertisement -

Жұрт ты ауылға тарту қалай жүзеге асырылуда?

186

- Advertisement -

Баймаханбет АХМЕТ

Мемлекет басшысы өзінің биылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске қосу керек» деп атап өтті. Бұл ауылдың әлеуетін арттыру деген сөз. Осы мақсатқа қыруар қаржы бағытталмақ. Ендігі жерде ауылға адам мен техника күшін көптеп тарту керек болады.
Жергілікті биліктің басты өзегіне айналуға тиіс бір іс – осы. Өйткені қазақтың 60 пайыздан астамы әлі де алтын тамырымыз – ауылда тұрады. Оларды бағзы кездегідей бір идеология аясына топтастырып, комсомол, коммунист болуға үгіттеп, ортақ іске жұмылдырып, қамшы үйіріп, өжектеп жатқан ешкім де, ешқандай құрылым да жоқ. Ауылдың үлкені де, кішісі де қойын құрттап, айранын ұрттап өзімен-өзі қоңырқай өмір кешуде.
Біле-білгенге нағыз қайнаған тірлік, қызу еңбек те, болашақ та ауылда. Тек оңтайлы тетігі табылмай отырған сыңайлы. Түкпірдегі елді мекендерде тұратындарын, фермерлерін дәріптеу, оларға айрықша құрмет көрсету бүгінгі таңда көптеген елдің мемлекеттік идеологиясына айналып отыр. Мысалы, Қытай елінде қарапайым ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне құрмет зор. Мемлекеттік қызметкерлер олар не айтса да мүлтіксіз орындауға, тіпті қолдарына су құюға да әзір. Өйткені олар солардың арқасында «жұмсақ креслода» отырғандарын бек жақсы ұғынады. Америкада да фермерлерге мемлекеттік қызметтер кезексіз көрсетіледі екен. Бұл елде жаңа жұмыс орындарын ауыл шаруашылығы саласында ғана ашудың мүмкіндігі зор екендігіне әлдеқашан көз жеткізілген. Ал біз…
Ауылда түк жоқ, ауылда өмір тоқтап қалды дегенге сая береміз. Әсіресе жастар. Болашақтың тұтқасын ұстар деп сенген жастарымыз осылай ойлаған соң не жорық?! Бұл да оларға көшбасшыларының дұрыс бағдар бере алмауының, ауылда өмір бар екенін жеткілікті насихаттай алмай жатқанының жемісі. Осы мәселені саралап, талдап көрген қандай да бір мекеме бар ма екен, өзі?
Қайран ауыл қайсар да өміршең қалпынан танбауда. Ал жетпейтіні – ауылға жастарды тарту идеологиясын қызу жүргізуде асыраушы салада тындырылып жатқан тірліктердің озық тәжірибе түрінде таратылып, жан-жақты насихатталмауы, жастардың ауылға деген ынтызарлығы мен қара жерде жұмыс істеуге деген құлшынысын арттыра алмай отырғанымыз. Кеңестік кезеңдегідей думандатып, дабылдатып ауылға қарай шеру тарту, ән-күймен жастардың ой-санасын жаулап алу тетіктері іске қосылмаған күйінде тұр… Ән демекші, кезінде белгілі композитор И. Жақановтың «Жайлаукөл кештері» атты әнінің әсері қандай болғанын білетіндер ұмыта қойған жоқ. Энтузиазмге бой алдырған әсершіл жастар тобы Жайлаукөлге барып жұмыс істейміз, жаңа өмір бастаймыз деп ит байласа тұрғысыз мидай далаға қалай барып қалғандарын да білмей қалған ғой! Кеңестік кезеңде жастарды «Комсомолдық екпінді құрылыс» деп жариялау арқылы базбір алып құрылыстарға жаппай тарту идеологиясы мүлтіксіз жұмыс істеді. Тың көтеруде де, мал шаруашылығы саласында жас шопандар бригадаларын құруда да, басқасында да осы әдіс кеңінен пайдаланылды.
Ауылдағы ата-аналар балаларын малшы, егінші, тракторшы болудан безіндіруі олардың арасында өмірге деген жеңіл көзқарас, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге дағдылану қалыптасуына «себін» де тигізгендей. Мұнда өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталған «жабайы капитализмдегі» еңбекке деген теріс көзқарас пен «аз жұмыс істеп, көп табыс табу», «ауадан ақша жасау» тәрізді құбылыстардың пайда болуының да теріс әсері жоқ емес.
Қазіргі уақытта ауыл жастары «Қайырымды қаланың тұрғындарындай» мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешкісі келеді. Ал ондай жер жәннаты қайда бар? Бақуаттылыққа жеткізетін тек еңбек екенін ойлап жатқаны аз. Бұл көзқарас жедел түзетілмесе, ауылдарды енді 30-40 жылдан кейін қандай күйге жеткізетіні толғантады. Ішкі көші-қонның тыйылмауына қарап, ауылдарда таяу жылдарда жұмыс істеуге қабілетті адам қалмай ма деп те қауіптенесің. Ауылға жаңа технология, озық техника жеткізуден бұрын осы мәселені бір реттеп, екшеп алу керек-ау.
Елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың түпкі мақсаты таяу жылдарда елдің ішкі өнімінің 50 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдары есебінен өндірілуіне қол жеткізу екені белгілі. Мысалы, Қазақстанда өндірілетін сүттің 68 пайызын қазірдің өзінде шағын фермерлер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері өндіріп отыр. Алайда «бір фермер пәленше адамды асырап отыр» деп жалаулата ұрандатып жатқан жоқпыз. Олай етсек, қарапайым ауыл еңбеккерлеріне деген құрмет еселене түсері анық қой! Ал бізде керісінше, фермерлерді емес, жалпы өндірісі шағын қожалықтарға қарағанда әлі де мардымсыз ірі компанияларды насихаттау басымдыққа ие. Сондай-ақ түрлі атаулы күндер мен мемлекеттік мерекелерге орай берілетін марапаттар тізімдерінен де қарапайым ауылдық кәсіпкерлік құрылымдар өкілдері «арпа ішінде бір бидай» ғана секілді оқта-текте бір қылаң беріп қалады.
Бұл жерде айтпағымыз, марапаттау жүйесінің пәрменділігі ескерілмей отырғандығы. Қарапайым еңбек адамдары, жалпы, марапат дегеніңізге аса ділгір де емес. Марапат олардың ақ тер, көк тер еңбегін, еңбекке құрметпен қарауды өскелең ұрпаққа үлгі, тағылым ету, ағалар даңқы жолымен жүруді өмірлік мұратына айналдыруға септесу ғана. Алда-жалда егіншілер мен малшылар, олардың бақуатты тұрмысы, жеріміздің нәрін, байлығын халықтың кәдесіне жарату туралы киноөнімдер шығарып, жөнімен насихатталуына қол жеткізсек, қалаларда үзіп-жұлқып жұмыс істеп, мардымсыз жалақы алып жүрген жастарымыз мал мен егін өсіру үшін ауылдарға қопарыла қайта оралуы да бек мүмкін. Өңірімізде мұндай қадамға барған білімді де білікті жастарымыз да жоқ емес, баршылық. Олардың да осындай тәуекелге баруы үлгі етілуге тиіс. Бұлай етсек, көптеген жастарымыз өзінің өмірде көксеген басты мұратын еңбектен табар еді ғой. Дамушы елдер тұрғындарынікі сияқты біздің де екі қол, екі аяқ, бір бас, бір жүрегіміз бар. Тек соның бәрін іске қосып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», нәтижелі жұмысқа жұмылдыра білуіміз керек-ақ.
Бір қуанарлығы, тоқсаныншы жылдарда қалыптасқан, келешекте ауылдарда фермерлік шаруашылықтар ғана жұмыс істейді деген түсініктің жаңсақтығына бүгінгі күні айқын көз жеткізіп те отырмыз. Шағын индустрияландыру лебі қиян алыс, қиыр шеттегі елді мекендерге де жете бастады. Ірі өнеркәсіп өндірістері қаладан емес, тап ауылдар іргесінен бой көтеруде. Соңғы жылдары шалғайдағы Шу, Мойынқұм аудандарының бірқатар ауылдарында өңдеу кәсіпорындары, наубайхана, шаштараз, көлік жуу, қонақ үй, мейрамхана, монша, тұшпара түю цехы секілді қызмет көрсету орындары, тіпті астық комбайндарын құрастыру зауыты ашылуда. Қордай, Байзақ аудандарында бордақы байлау, қоян, қозықұйрық, бөдене өсіру, омарта ұстау, туризмді дамыту секілді қазаққа таңсықтау кәсіптермен айналысушылар бар. Ауылдықтар өрісте мыңғыртып мал, егісте жайқалтып егін егумен шектелмей, егін шаруашылығын қытай бұршағын, мақсары, зығыр егу арқылы әртараптандыруға да ден қоя бастады.
Бүгінде Мемлекет басшысы тек қана алдағы бес жыл ішінде еліміздегі суармалы алқаптар көлемін 610 мың гектарға ұлғайтып, оның жалпы аумағын 2 миллион 10 мың гектарға дейін жеткізу міндетін алға қойып отыр. Мұның бағзы кездегі республикалық, бүкілодақтық екпінді құрылыстар болып жарияланған алып құрылыстарыңнан бір де кемі жоқ, тіпті оларды он орап аларлық ауқымды шара екені айтпаса да түсінікті. Шынында да елімізде жер де, жұмыс күші де, табиғи байлық та бар. Ауыл шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ендеше неге өз елімізді отандық өніммен толық қамтамасыз етпеске? Неге азық-түлікті шетелден тасымалдаймыз? Өзіміздің диқандар өсірген өнімді терең өңдеп, заман талабына сай етіп шығаруға көшетін кез жетті. Ал бұл жұмыстарды кімдер, қалай жүзеге асырмақ? Тек жастардың ғана емес, еңбекке қабілетті ересектердің, тіпті тұтас отбасылардың да үлкен күш жұмылдыруы қажет біздің бүйткен бұл іске. Халықты ауылға тарту ісін мемлекеттің саяси идеологиясының басты өзегіне айналдыру осы үшін де керек.
Әлбетте, мемлекет тарапынан ауылға, ауылдағы жастарға қолдау жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Тек «Дипломмен – ауылға», нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті, өңірлерді, агроөндірістік кешенді дамыту бағдарламалары жұмыс істемей жатыр ма, әлде, тиісті деңгейде насихатталмауда ма? Мемлекеттен бөлінер қыруар қаржы жол-жөнекей талапайға түсіп, ауылға жетпей, құрдымға сіңіп жоғалуда ма? Ауылдықтар, міне, осыған нақты көз жеткізе алмай отыр. Аталған мәселелерге ауқымды мемлекеттік тексерулер ұйымдастырылуы керек-ақ секілді.
Тағы да айтамыз, Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдауларында ауылды түлетудің тиімді тетіктерін ұсынудай-ақ ұсынумен келеді. Бізде оны қолдау бар да, нақты іс жүзіне асыру кемшіндеу секілді. «Туған жер», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын құрғақ сөзбен емес, қуатты іспен қолдасақ, қанеки! Енді «Ауыл – Ел бесігі» жобасы мәреден шықты. Оны былай қояйық, алдағы уақытта «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру және ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру мақсатына миллиардтаған қаржы бөлінгелі отыр. Аталған ауқымды шаралар із-тозсыз кетпес. Алдағы уақытта да ТМД кеңістігіндегі бірде-бір елде жоқ Ұлт жоспары, мақсатты бағдарламалары бар Ұлы Дала елінің болашағы бүгінгіден де нұрлы боларына деген алғаусыз сенімімізге еш селкеу түспек емес. Иә, біз әлі талай биіктерді бағындыратын боламыз.
Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалалары жастарды ауылда жұмыс істеуге тарту, қара жерден ләззат алуға талпынту мәселесінде Темірқазық жұлдызындай айқын бағдар сілтеп, жүрер жолымызды самаладай жарығымен сәулелендіріп тұр емес пе? Бұл мәселеде халықты ауылға тарту мемлекеттің саяси идеологиясы тамырын тартар, бастауын алар басты бағдары да екенін әсте ұмытпауға тиіспіз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support