- Advertisement -

Қоғамдық қабылдау – жұмысымыздың басым бағыты

77

- Advertisement -

Қанатбек Арыстанбеков,
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Қазақстан бүгінде өркениет көшіне ілесіп қана қоймай, көш бастауға лайықты мемлекет екенін күллі әлемге мойындатып үлгерді. Дегенмен еліміздің өткені тек қана жетістіктен тұрды десек, бұл сөздің шындық болмағаны. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында алмағайып аумалы-төкпелі күндердің аз болмағаны белгілі. Қаржылық қиындықтар қос өкпеден қысқан сол кездің өзінде болмысынан қанағатшыл қазақ елі қашанғы қайсар мінезіне салып, «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» деп, тәубесін ұмытпай келер күнге үміт артты. Бейбіт өмір сыйлаған Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатын қолдаған халықтың бұл қанға сіңген қасиеті, ауызбіршілігі – қит етсе көшеге шығып, төңкеріс жасауға талпынатын, тыныштығы кетіп, соғыстан көз ашпаған мемлекеттерге үлгі.
Ел-жұртының аужайын ойлаған Елбасына сенім артқан елдің алты аузынан осыны анық аңғаруға болады. Бұл бірлігі берік елдің түтіні түзу ұшып, қайсыбір қиындық та қайсар халықтың төзімін тауыса алмайтынын білдірсе керек-ті. Бұдан біз Елбасы ұстанған саясаттың даралығын, дәлдігін, өміршеңдігін көреміз. Оның еліміздің жарқын келешектегі даму бағытын айқындайтын жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары, кешенді стратегиялық бағдарламалары лайықты іске асса, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына бастайтын оңтайлы күш екенін бағамдау қиын емес.
Көшбасшы партияның Т.Рысқұлов аудандық филиалы халықтың өз ой-пікірін және мұң-мұқтаждықтарын ашық айтатын мінберге айналып отыр деуге толық негіз бар. Партия аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары мен мекеме және бөлім басшыларының, депутаттардың қоғамдық қабылдауы бойынша кесте жасалған. Осы кестеге сәйкес партия аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдаулар өткізіліп тұрады. Қоғамдық қабылдауға келген адамдардың дені әлеуметтік-материалдық жағдайларын айтса, енді бірі тұрақты жұмысқа орналасу және денсаулығын сауықтыру мәселелерімен қайырылады. Сондай-ақ автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдары мен құжаттарды рәсімдеудегі кедергілерді шешу мәселелерін де көтереді. Жыл басынан бері 176 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 438 адам қабылдауға келді. Оның ішінде 143 өтініш оң шешімін тапты, яғни 32,6 пайызды құрайды. 295 өтінішке заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Еліміздің ертеңі тұрақтылықты бағдар, тыныштықты тұғыр еткен көшбасшы партияның өміршең идеялары тұрғанда жарқын болатыны анық. Бастысы ынтымақ-бірлігі берік, тұғыры мықты халқымыздың тыныштығы бұзылмаса болғаны.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support