Мәдениет

Газет-журнал жеткізу дұрыс жолға қойылса екен

Газет-журнал жеткізу дұрыс жолға қойылса екен

Алаш қозғалысының қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1913-1918 жылдары өзінің сенімді достары Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлымен бірігіп Орынбор қаласында қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып халқымызды өнер, білім игеруге шақырды. Сол қиын-қыстау кезеңдерде Ахмет Байтұрсынұлы Ресей үкіметінің қатаң бақылауында болып ақырында «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға жабылды. Құдайға шүкір, тәуелсіз ел болғанымызға да ширек ғасырдан асты. Бұл аз уақыт емес. Бүгінде сол тәуелсіз еліміздің газет-журналдары көптеп шығуда, қалаған баспасөз құралдарына жазылуға мүмкіндік жеткілікті. Мәселен, сонау жас шағымнан бастап әкем Жұмәділ Отарбайұлымен өзім «Лениншіл жас», «Білім және еңбек», «Еңбек туы», «Кировшы» газет-журналдарына жазылып, шамның жарығымен де оқи беретінбіз. Қазіргі уақыт басқа. Ғаламтор желісін қолданушылардың саны артып келеді. Дегенмен де еліміз бен тұрып жатқан өңіріміздегі жаңалықтардан хабардар болып тұруға мерзімді басылымдардың алатын орны ерекше. Менің жасым 70-ке таяса да, «Аq jol», «Ауыл-Аймақ», «Жас Алаш», «Дат», «Шу өңірі» газеттерін жаздыртып алып, оқып тұрамын. Бұл орайда жаздың ыстық шілдесі мен қақаған қыстың суығында пошта таситын қызметкерлердің еңбектерін ескере кеткен жөн шығар. Соған қарамастан олар газет-журналдарды үйді-үйге қалай жеткізе алады, мәселе сонда. Біз аудан орталығы Төле би ауылының Қылышбай көшесіндегі 100-үйде тұрамыз. Орталыққа жақындау болғандықтан, пошта сейсенбі, жексенбі күннен басқа күндері келіп тұрады. Сейсенбіде шығатын газеттер сәрсенбіде түстен кейін келеді. Төле би ауылының шеткері Т.Әшімбаев, Батырбек, Жидебай тағы басқа көшелері мен Балуан Шолақ көшесінің бас жағындағы тұрғындары 1-2 күн кешіктіріп алады. Н.Қалиев көшесінде тұратын Шу ауданының Құрметті азаматы Шалғынбай Малдыбаев ақсақал да мерзімді басылымдардың әрдайым кешігіп келетініне ренжулі. Бұл – бұл ма, басылымдар темір жол арқылы бірінші жететін Шу қаласының Мамыров, Жұмабекұлы, Кірбаев тағы басқа көшелері тұрғындарының айтысына қарағанда, пошташылар газет-журналдарды жинап, аптасына бір-ақ әкеледі екен. Бұл жайында Кірбаев көшесінде тұратын көп балалы зейнеткер ана Гүлдана Текебаева «ертеректе дүниеден өткен отағасы Бақытжан Мұқатайұлы ұзақ жылдар «Аq jol» газетінің «суығына тоңып, ыстығына күйіп» дегендей қиыншылығына төзіп, тілшісі қызметінде біркісідей еңбектенген. Сондықтан пошта келгенде ең алдыменен «Аq jol»-ды қолға аламыз. Мектепте ұстаздық қызметтегі Асқат Бақытжанұлы «Аq jol»-мен қатар бірнеше газетке жазылған еді, тек уақтылы жеткізіліп тұрса екен» деген ренішін жеткізуімді сұрады. Шу қаласы Сейфуллин көшесіндегі 15-үй, 2-пәтер тұрғыны Серікбай Селеубаев атты қария: «Біз де бірқатар басылыммен бірге «Аq jol»-ға жазылған едік, қалада тұрсақ та пошта бір аптада әрең жетеді. Аудан орталығындағы басшыларына айттым. Енді ретке келетін шығар деген үміттемін», – деді. Осындай жағдайдан кейін Шу қаласы мен аудан орталығы Төле би ауылында пошта тарату жұмыстары дұрыс жолға қойылса екен деген тілек бар.

Мәкен УАҚТЕГІ, Шу ауданының Құрметті азаматы.

Шу ауданы.