- Advertisement -

Құстың қос қанатындай

184

- Advertisement -

«Батыр Баян» мен «Айша бибі» шығармашылық кешін табысты өткізіп, көштерінің басын Алматыға бұрды

Облыстық қазақ драма театрында қазақ кино және театр өнерінің жарық жұлдыздары, ерлі-зайыпты Жұмахан Әбдіқадіров пен Гүлшат Қыпшақованың «Өмір – өнер дастаны» атты шығармашылық кеші өтті. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жұмаханды жұртшылық «Батыр Баян» фильмі арқылы таныса, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлшатты «Айша бибі» қойылымындағы «Айша бибі» ретінде жақсы біледі. Бүгінде Жұмахан 65 жасқа толса, жан жары Гүлшат 60 жасты алқымдап отыр. Өмірде де, өнерде де жұбын жазбай келе жатқан отбасылық актерлік ансамбльдің шығармашылық есебі жұрттың көңілінен шықты.
Мәдени-әдеби форматта өткен шарада алдымен бейнесюжет көрсетілді. Онда 2007 жылы Тараз қаласы күніне орай орталық стадионда қойылған «Айша бибі» фильмінен фрагменттер жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ Батыр Баян бейнесіндегі Жұмаханның рөлі де залға жиналғандардың көңілін толқытты. Керек деректер топтастырылған бейнесюжетте белгілі театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығайдың Жұмахан мен Гүлшат туралы айтқан жылы лебізі де жүректерге жетті. Бұл – тарих. Әшірбектің өзі өмірден өтсе де, сөзі қалғандығының айғағы осы болса керек-ті.
Шара барысында алғаш сөз алған жазушы-драматург Елен Әлімжан өнер иелері туралы толғамды пікірін ортаға салды. «Екі өнер қайраткері туралы сөз қозғағанда сонау жастық шақтағы қойылымдар ойға оралады. Бұлар келе салып, басты рөлдерді сомдады. Сол 1970-80 жылдар біздің театрдың өркендеген шағы еді. Осы жылдары келген жастар бұрқырап-сарқырап, жанып, сахнаны жайнатып жіберетін», – деген ол Гүлшат Қыпшақова сомдаған бірқатар образдар туралы тебіренді. Жылы лебізін жеткізді. Бұдан соң «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамотасын табыстады. Облыстық ардагерлер кеңесінің атынан сөз алған Нұркен Қасымова Алғыс хат тапсырды. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина ізгі тілегін арнап, басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың Алғыс хатын ұсынып, Жұмаханның иығына зерлі шапан жауып, Гүлшатқа камзол кигізді.
Әсерлі кеште үлкен экран арқылы белгілі жазушы Смағұл Елубайдың, Қазақстанның халық әртісі, театр және кино режиссері Талғат Теменовтің жылы лебіздері жұртшылықтың назарына ұсынылды. Смағұл Елубай өз сөзінде «Батыр Баяннан» бұрын режиссер Дамир Манабайдың «Сұрапыл Сұржекей» фильмінде Әзберген рөлін сомдаған Жұмаханның таланты туралы айрықша толғанған екен.
Бұл шараға алыстан ат терлетіп келген меймандар жұлдызы жарасқан жұп туралы көңіл түкпіріндегі ойларын іріккен жоқ. «Батыр Баян» фильмінің режиссері Сламбек Тәуекел «Батыр Баян» туындысы туралы естелік айтып берді. «Бұл фильм еліміз әрі-сәрі күй кешіп тұрға шақта, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында түсірілді. Фильмнің түсірілуіне Әділбек Жақсыбеков ықпал еткенін айта кеткен ләзім. Жұмахан апатқа түскен кезде бірге болдым. «Батыр Баян» образы үшін Жұмаханыма қарыздармын. Жұмахан біршама уақыт бұрын «Махамбет» фильмінде бата беретін абыздың рөлін сомдады. Туынды белгілі бір саяси себептермен экранға шықпай жатыр. Жақын арада көрсетіледі деп ойлаймын. Қазақта өнерімен өрге жүзген бір отбасы болса, Жұмаханның отбасындай болсын, отағасына бар мейірін төгетін жарың болса, Гүлшаттай болсын!» – деді ол.
Бұдан соң режиссер Сағатбек Махмұтов, кино актері Алдаберген Шалбаев сөз сөйлеп, мерейтой иелеріне деген тілектерін жеткізді. Сондай-ақ кеш барысында биыл алпыс жасқа толған Гүлшат Қыпшақоваға туған жері Нарынқол ауданы, Қарасаз ауылына барғандағы елдің құрметі экран арқылы көрсетілді. Мазмұнды кеште облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов сөз сөйлеп, өнер иелеріне бекзат өнер ордасы ұжымының атынан сый-сияпатын тапсырды. Өнер майталмандарының жора-жолдастары, ұстаздары мен құрбылары да жылы лебіздерін білдірді. Әсем әндермен әдіптелген әдеби шарада Гүлшат Қыпшақоваға арналған ақын Серік Томановтың «Аузынан айдың түскен қыз» әнін әнші Маралбек Бабақұлов жүректерге жеткізе шырқады.
Бұл кештің Жұмахан үшін тосынсый екенін Гүлшат Қыпшақовадан ертерек естіген едік. Қазақтың «Батыр Баяны» жан-жары әзірлеген тосынсыйға ризашылығын білдірді. «Мен бұл шараны кеше ғана білдім. Гүлшатым мені алаңдамасын деген болар. Айтпады. Осылайша көңілімді көтеріп отыр. Ризамын», – деді көзі оттай жанып. Соңынан Гүлшат Қыпшақова «Ана-Жер-Ана» қойылымынан монолог орындады. Өнерлі отбасының қыздары да өнерлі екен. Әсел мен Әнел ана және әке туралы әндер шырқап, ата-анасына деген сезімдерін музыка тілінде жеткізді. Күйеу балалары мерейтой иелеріне гүл сыйлады.
Бұл өнер майталмандарының жамбылдықтармен қоштасу кездесуі екен. Енді Жұмахан Әбдіқадіров пен Гүлшат Қыпшақова Таразға қонақ ретінде ғана келеді. Осылайша олар қырық жылдай уақытын арнаған облыстық қазақ драма театрынан кетіп бара жатыр. Көштің беті Алматыға бұрылды.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support