«Шеберлер қалашығы»

125

Таразда өзбекстандық қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті

2018 жыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Өзбекстанның Қазақстандағы жылы болып бекітілгені баршаға мәлім. Осы орайда көршілес екі елдің мәдени-рухани байланысы да жандана түсетіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы үстіміздегі жылды Өзбекстан жылы деп жариялағалы елімізде көптеген іс-шаралар өтіп үлгерді. Мәдени байланысты нығайтуға арналған қолөнер шеберлері де бұл істен шет қалмақ емес.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен Тараз қаласында «Шеберлер қалашығы» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Көрме залына Өзбекстан Республикасы Жизақ облысынан келген шеберлердің ағаштан, металдан, қыштан жасалған бұйымдары қойылды.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина алыстан ат терлетіп келген меймандарға ризашылығын жеткізіп, Алғыс хат және жыр алыбы Жамбылдың бейнесі бейнеленген кілемшені тарту етті.
Көрме барысында сөз сөйлеген «Өзбек» этномәдени орталығының жетекшісі Бахром Муминов, кескіндеме шебері Шахло Рахматова, ағаш шебері Бунеджон Зоиржонов, зергер Уткир Кудратов бастаған азаматтар мәдени шараның екі елдің бірлігін, татулығын нығырлай түсетіндігін сөз етті. Тәжірибе алмасу мақсатында біздің шеберлер мен қонақтар арасында шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Бұл күні көрмеге келушілер өзбекстандық шеберлердің алтын қолынан шыққан ағаштан жасалған құнды бұйымдар мен бағалы жүзіктерді, түрлі пейзаждық картиналарды қызыға тамашалады. Іс-шара аясында екі ел шеберлерінің мәдени-іскерлік қарым-қатынасын нығайту мәселелері де сөз болды. Нәтижесінде облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.Бықыбаев пен Жизақ облысы әкімдігі өнерпаздар басқармасының басшысы М.Маматқұлов екі жақты меморандумға қол қойды.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.