Құқық

Акмаль неге айылын жимайды?

Акмаль неге айылын жимайды?

Облыс прокуроры Е. сыбанқұлов тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов қоғамдық қабылдау өткізіп, шағымданып келген азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдады. Ең алдымен облыс прокурорының қабылдауына кірген Тараз қаласының тұрғыны Е. Ж осыдан екі аптадай бұрын, яғни 16 шілдеде күндізгі уақытта өзі тұратын темір жолдың арғы бетінде кетіп бара жатқан жерінен үш жігіттің автокөліктеріне күштеп мінгізіп алып, қаланың сырт жағына апарып бірінің жыныстық зорлық көрсеткендігін айтты. Мұндай әрекетке барған Акмаль Ядыгаров аталған ауданда қылмыстық ортада белгілі көрінеді және бұрын да осындай қылмысы үшін үш рет сотты болыпты. Туған әкесімен бірге келіп шағымданған жас қыз бірден полиция бөлімшесіне арызданып, сот медициналық сараптамалары нақты айғақты көрсетіп тұрса да, Акмальдың әлі бостандықта тайраңдап жүргендігіне налиды. Полиция қызметкерлері күдіктіні қамаудың орнына оны көргенде «Акмаль, Акмаль» деп құрақ ұшқанын, ал өзіне «сен бұл әрекетке өз еркіңмен барғансың» деп айтып, істі созбалаңға салып жатқандығын жеткізді. Тараз қалалық прокуратурасына шағымданғанымен, олар да ешқандай жауап айтпаған. Жәбірленушіні мұқият тыңдап, істің мән-жайымен танысқан облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов бұл істі өзінің жеке бақылауына алатындығын айтты. «Кейін өзің кешірім бермесең болды. Ол міндетті түрде қамауға алынады», - деді облыс прокуроры. Күлән Абаханова болса сіңлісі Айсұлу Сапарбаеваның мәселесімен келіпті. Айсұлу Астана қаласына жұмыс іздеуге кеткенде, бұрынғы күйеуі нағашы ата-апасының қолында қалған бес жасар қызы Шапағатты «қыдыртамын, киіндіремін» деген сылтаумен он шақты күнге сұрап алып кетіп, қайтармай қойған. Тіпті, содан бері үш ай бойы анасы жалғыз қызының жүзін бір көруге зар болып қалыпты. Сот отырыстарына бірнеше мәрте шақырылғанымен қыздың әкесі бірде-бір рет келмеген. Айсұлу Сапарбаева Жәкен Ахметовпен заңды некеге тұрып үлгермеген, бірақ қыздың туу туралы куәлігінде әкесі ретінде көрсетілген. Қазіргі уақытта Астанадан жұмыс тауып үлгерген Айсұлудың қайта-қайта жұмыс берушіден сұранып, Тараз қаласына келе беруге мүмкіншілігі жоқ. Жәкен Ахметовтің болса тұрақты жұмысы да жоқ. Бұл мәселені де байыппен тыңдаған Ернат Сыбанқұлов: «Ешкім қызды анасынан айыра алмайды» деп, істі қадағалауға алды. Қабылдауға соңынан кірген Ақжарқын Қадірсізова 2010 жылдан бері көпбалалы отбасы ретінде кезекте тұрғандығын, алайда өткен жылы бір баласы кәмелет жасына толуына байланысты кезек тізімінен шығарылып тасталғандығын айтып, шағымданды. Күйеуі екеуінің бірдей бюджеттік мекемеде жұмыс істейтіндігі ескеріліп, кезекте қалдыруды сұраған өтініші Тараз қаласының әкімдігінде қанағаттандырылмаған. Облыс прокуроры бұл мәселе бойынша көмекшілері қала әкімдігінің өкілдерімен бірлесіп, өтінішті қарап, ол мәселені заң шеңберінде шешіп беретіндігін айтты. Қорыта айтқанда, қоғамдық қабылдауға келгендердің барлығы көкейлеріндегі сауалдарына іздеген жауаптарын алып қайтты. Енді осындай қабылдаулар аудандарда да ұйымдастырылмақ.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».