Жолаушылар тасымалына жаңашылдық қажет
Жолаушылар тасымалына жаңашылдық қажет
Кеше облыстық әкімдікте өткен жиында қаладағы жолаушылар тасымалы қызметі жан-жақты талқыланды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов өткізген басқосуға қала әкімі, тиісті басқарма, бөлім басшылары және жолаушылар тасымалы қызметімен айналысатын компания өкілдері мен сала ардагерлері де қатысты.
Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Бақытжан Жәнібеков күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасады. Бүгінгі таңда Тараз қаласында 43 бағыт бойынша 10 тасымалдаушы мекеме жұмыс жасайды. Мекемелердегі жалпы автобустардың саны – 670. Оның 11,5 пайызы бензин, 63, 7 пайызы дизель, 24, 8 пайызы газ отынын пайдаланады. Сондай-ақ автобустардың 6,7 пайызы бір жылға дейінгі, 25,8 пайызы 1-3, 42,7 пайызы 3-7, 27,8 пайызы 7-12 жыл аралығында қолданылып келеді. Осы секілді мәліметтермен бөліскен Бақытжан Оразалыұлы бұл бағыттағы орын алып отырған мәселелерді шешу үшін бірқатар ұсыныстарын білдірді. Олардың қатарында тасымалданған жолаушылар санын анықтау мақсатында хранометраж жүргізу, әдістеме бойынша тарифті қайта есептеу, қалалық бағыттарға электронды билеттендіру жүйесін енгізу, жанармай сапасын жоғарылату, бәсекеге сай емес тасымалдаушы мекемелердің санын азайту, тасымалдаушылардың сұранысына орай жаңа аялдамалар салу ұсыныстары бар. Сонымен қатар тасымалдаушы мекемелердің табысы туралы да нақты мәлімет болмай отыр. Тараптардың берген деректері әрқилы. Бұл орайда нақты талдау-сараптау жұмыстары қажет екендігі айтылды. Өз кезегінде сөз алған «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-ның директоры Рашид Пірманов, «СапарТранс – 2012» ЖШС-ның директоры Бауыржан Әділов және сала ардагері Асқар Жанұзақов ескірген көліктерді жаңартуға тасымалдаушы мекемелердің қалтасы көтермей отырғандығын, ол тарифті 90 теңгеге дейін көтергенде ғана мүмкін болатынын жеткізді. Асқар Исабекұлы мәселелерді біржақты қарауға болмайтынын, әкімдіктің басты міндеті – халықтың жағдайын ескеру екендігін баса айтты. Тариф мәселесінде облыстағы жан басына шаққандағы табысты, инфляция деңгейін ескеру керектігін назарға алды. Бұл бағытта нақты шешім қабылдау үшін тасымалдаушы мекемелердің табысын анықтап алу қажеттілігін тілге тиек етіп, тасымалданған жолаушылар санын анықтау, халықтың өтінішіне орай кей орындарға жолаушылардың мініп-түсуі үшін жол белгілерін орнату бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.