Экономика

Несиелер көлемі көбейіп, кәсіпкерлер мүмкіндігі арта түсуде

Несиелер көлемі көбейіп, кәсіпкерлер мүмкіндігі арта түсуде

Бүгінгі таңда еліміздің басты саясатының бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болып отыр. Мемлекет басшысы осыған байланысты «Қазақстандықтардың әл -ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында да «Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім» деп, аталған бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту, жалпы бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау міндеттерін алға қойып отыр. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етілетін болады.

Осы тұрғыда біздің өңірімізде де экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғырудың басты тетігі – шағын және орта кәсіпкерлік ісін алға бастыруға және қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020», «Береке-3», 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары жүзеге асырылумен келеді. Биыл Нәтижелі жұмыспен қамту аясында қалалар мен моноқалалар үшін кәсіпкерлерді шағын несиелендіруге 1232,8 миллион, ал несиені кепілдендіруге 88,3 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін іске асыру мақсатында төртінші бастама – «Шағын несие беруді көбейту» бойынша республикалық бюджеттен қосымша 463,7 миллион теңге қарастырылуда. Ал жергілікті бюджеттен аталған бағдарлама аясында 533,4 миллион теңге несиелік қаржы бөлінді. Аталған қаражаттың 50 пайызы облыстағы «Халық банк Қазақстан» АҚ, «АТФ банк» АҚ, «Сбербанк России» АҚ тәрізді екінші деңгейлі банк филиалдары тарапынан беріліп отыр. Бүгінгі таңда 129,3 миллион теңгеге 13 жоба несиелендіріліп, 18,8 миллион теңгеге 3 жоба кепілдендірілді. Бүгінде басқарма тоқсан сайын әр ауданда кәсіпкерлік саласына қатысты бағдарламаларды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесе түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруда. Бағдарламаның 2-ші бағыты аясында биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне барлығы 2336 адамды оқыту жоспарланып, 2018 жылдың 1 тамызына дейін 1154 адам оқытылды, оның 439-ы шағын несие алды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 1 841,7 миллион теңге қарастырылды. Атап айтқанда, пайыздық ставкаларды субсидиялау – 1 635,7, банк несиелеріне кепілдік беру – 186 миллион теңге, гранттық қаржыландыру 20 миллион теңгені құрады. Оның ішінде өткен жылдың міндеттемелерін орындауға республикалық бюджеттен қолдау болмауы себепті, жергілікті бюджеттен қосымша 488 миллион теңге бөлінді. Жалпы, бағдарлама жүзеге аса бастағалы бері барлық қаржы көздері арқылы жалпы сомасы 97,8 миллиард теңгені құрайтын 1040 жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ кәсібін жаңа бастағандарға 3 миллион теңгеден аспайтын инновациялық гранттар қарастырылған. Олар ақысыз және қайтарымсыз, ең бастысы ұсынылатын бизнес-идея облыс көлемінде өзгеше әрі жаңашыл болуға тиіс. Келесі жылға республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесі алдын ала қолдау тауып, барлығы 2,9 миллиард теңгені игеру жоспарлануда. Оның ішінде несиелер бойынша сыйақы ставкасының бір бөлігін субсидиялауға 2 507,4 миллион, кредиттерді кепілдендіруге 392,2 миллион, мемлекеттік гранттар беруге 15 миллион теңге қарастырылып отыр. Бүгінгі күні аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында мемлекетке 16 миллиард теңгеден астам салық түсімі түскен. Сонымен қатар бағдарлама шеңберінде қолдауға ие болған кәсіпкерлердің тындырған тірліктерінің арқасында облыста 14,8 мың жұмыс орны сақталып, тұрақты 3,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осы орайда кәсіпкерлікті дамытуға арналған өңірлік «Береке» бағдарламасы арқылы да төмен пайызбен несие алу мүмкіндігі бар. Салалық бағдарлама бойынша шағын және орта бизнес өкілдеріне ауқымды көлемде арзан несиелер берілуде. Несиелеуге бөлінген қаржы сомасы да жылдан-жылға артып келеді. Өткен жылы облыстық бюджеттен 500 миллион және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тарапынан 500 миллион теңге қарастырылып, оның жалпы көлемі 1 миллиард теңге болса, ағымдағы жылы бюджетке жүктеме жасамай жүргізілген келіссөздер нәтижесінде әкімдік тарапынан 500 миллион және «Даму» қоры тарапынан 1 миллиард теңге бөлініп, жалпы несиелендіруге жұмсалатын сома 1,5 миллиард теңгені құрап отыр. Аталған бағдарлама шеңберінде бүгінгі таңда 129 кәсіпкерге жеңілдетілген несие берілді. Бұрнағы жылдары несиелендірудің басым бөлігі негізінен Тараз қаласындағы жобаларға тиесілі болып келген еді. Ал ағымдағы жылы әр аудан әкімдеріне барлық бағдарламалар, сондай-ақ «Береке» бағдарламасы бойынша да несиелендірілген жобалар санының межесі тепе-теңдік жағдайда белгіленді. Сонымен қатар биыл облыстық бюджеттен ауылдық елді мекендердегі шағын және орта бизнес нысандарын несиелендіру үшін алғаш рет «Шағын және орта бизнесті қаржыландыру және ауыл тұрғындарына микрокредит беру үшін «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымдарына кредит беру» бюджеттік бағдарламасы мен ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тарапынан қаржы бөлініп, 300-ге жуық азаматқа несие беру жоспарлануда. Несиелендіру «Бизнес-аймақтар» және «Ынтымақ» бағыттарында жүзеге асырылмақ. Екеуінде де жылдық 6, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 пайыздан, несиелеу мерзімі 78 айдан аспайды. Дегенмен шаруасын дөңгелетем деушілерге «Бизнес-аймақтар» бойынша 5 миллион, ал «Ынтымақ» бағдарламасы арқылы 50 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Екінші деңгейлі банктер саясатының күрделі болуына байланысты ауылдық елді мекендерде несиелер бойынша кепілдікті қамтамасыз етудің төмен деңгейін ескере отырып, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шарттары ыңғайлылау болып табылатын шағын несие ұйымын ашуды жоспарлап отырмыз. Оны құруға «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ-на 49 пайыздық өз үлесімен кіруге ниет білдіруші жеке инвестор іздестірілуде. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында аталған акционерлік қоғам негізінде индустриялық аймақ ашу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында былтыр Тараз қаласында толық форматты «бір терезе» қағидасымен жұмыс атқаратын «Кәсіпкерлер үйі» қызмет көрсету орталығы ашылды. Онда кәсіпкерлер палатасының, «Қазақинвест» АҚ, инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы, «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығы, туристік операторлары және басқа да мемлекеттік орган өкілдері орналастырылған. Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық аудандарда осыған ұқсас кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын ашуды толыққанды зерделеу ісі аяқталып, жалпы жұмыс ережесінің жобасы әзірленіп, келісу жұмыстары жүргізілуде. Еліміздің 2015-2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру, облыс аумағындағы жүзеге асырылатын индустриялық-инновациялық жобалардың уақтылы әрі толыққанды іске қосылуына ықпал ету басқарманың басты бағыттарының біріне жатады. Елбасымыз биылғы Жолдауында «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс, сондай-ақ Индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс» деп ерекше атап өткен болатын. Айта кету керек, жобаларды индустрияландыру («ЕуроХим», «СЭЗ», «Қазфосфат») және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізу қағидаларына сәйкес биыл бірінші жарты жылдықта өңірлік картаны кезекті өзектендіру жұмыстарын жүргізу мақсатында жалпы құны шамамен 7,7 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. Оларды «Әулие-Ата Феникс», «СП TarazPET», «Қордай сүт өнімі», «Са-Ба ЛТД», «Super-pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Джанабекова С.С», «Жабатаева Л.К.» жеке кәсіпкерліктері жүзеге асырмақ. Ал екінші жарты жылдық ішінде жалпы құны шамамен 19 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба өңір кәсіпкерлігін қолдау картасына ұсынылып, тиісінше жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында алға қойылған кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту жөніндегі нақты тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына, өндірістің өркендеуі мен мейлінше бәсекеге қабілетті болуы жолындағы жұмыстарды одан әрі қарай да жандандыра беретін боламыз.

Жандәулет КЕНЖЕБЕКОВ, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары.