Қоғам

Жер туралы жан-жақты мағлұмат алды

Жер туралы жан-жақты мағлұмат алды

Мемлекет басшысы 2018 жылдың 5 қазанында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жер қатынастарын игеруге, бұл жайлы ақпараттардың қолжетімді болуына назар аударғаны белгілі. Осыған орай Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  жергілікті азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде жер мәселелері бойынша тегін семинарлар өткізуде. Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалының базасында өткен жиынды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев ашып, республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшесі, кәсіби заңгер Бақытжан Базарбекті жиналғандарға таныстырды. Семинарға Тараз қалалық және аудандық жер қатынастары бөлімдерінің мамандары да қатысты. Бақытжан Базарбек оған қатысушыларға тұрғын үй салуға жер учаскелерін беру, оларды саралау, жерге орналастыру ісін ұйымдастыру жөнінде сауатты мағлұматтар берді. Ол жер учаскелерін игермеу және мақсатты игермеу кезінде кері қайтарып алу, сонымен қатар мемлекеттік қажеттілікке байланысты қайтарып алу, жер учаскесін пайдалану, сумен  шекаралас аймақ мәселелері, санитарлық қорғау аймақтарының мүмкіндіктері жөнінде кеңінен айтып берді. Жиынға  қатысқан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері де белсенділік танытты. Жиын соңында Б.Базарбек семинарға қатысушылардың түрлі сұрақтарын тыңдап, жан-жақты жауап қайтарды.  

Е.Жаңабайұлы.