Мәдениет

«Әйелдер бір іс бастады»

«Әйелдер бір іс бастады»

 width=Облыстық қазақ драма театрының сахнасында жаңа қойылымның тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартты. Бұған дейін театрсүйер қауымға «Бір қазаққа – бір қатын», «Тақталас», «Жанұран» секілді комедияларын, «Жанталас», «Төле би» секілді драмаларын ұсынған жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Әйелдер бір іс бастады» атты жаңа комедиясын тамашалауға қала тұрғындарымен бірге облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысты. Алты кейіпкер арқылы ер-азаматтардың психологиясын зерделеп, әлсіз тұстарын әжуалауды, отбасылық өмірдегі кейбір кемшіліктерді көрсетуді мақсат тұтқан шығарманы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Жұманиязов сахналады. Қойылымның қоюшы-суретшісі – Әйгерім Рамазан. Қойылымның декорациясы шағын комедиялық қойылымға сай болды. Еңлікгүлдің (актриса Гауһар Сұлтанбекова) күйеуі Еркіннің жарын тастап, шетел асуынан басталатын қойылым барысында оған қонаққа келген Гүлбибі (Индира Мұстафаева) мен Аяжанның (Назым Ақылова) характерлері әдемі ашылған. Юмор арқылы ер-азаматтардың әлсіз тұсын әшкерелеп, отбасылық өмірді баяндайтын шығармада Дәрібай (Абзал Дәулетбақов), Мәлімбек (Жасұлан Қамбатыров), Еркін (Мейірбек Есімбекұлы) сынды ер-азаматтардың ішкі жан дүниесі таразыланады. Еркекшоралау келген кәсіпкер Гүлбибінің отбасында табысты әйел атанып, күйеуін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтыны, Аяжанның отағасының айтқанынан шықпайтыны, Еркіннің еркін өмірі бейнеленеді. Қойылым отбасылық құндылықтарды дәріптей отырып, ер-азамат пен әйелдің қарым-қатынасында орын алып жатқан олқылықтарды қалай білу керек деген сауалдарға жауап іздейді. Үш келіншектің дискуссияға айналған диалогі арқылы жаңа идея туындап, олар «Отана» клубын құруға шешім қабылдайды. Бұл ойды статистика бөлімінде қызмет ететін Еңлікгүлдің ойлап табуы да көңілге қонымды. Қызықтың көкесі осы жерде басталады. Еркін, Мәлімбек, Дәрібай үшеуін әйелдері басқаша образға еніп, киім стилін өзгертіп, эксперимент жасаған кезде үш ер-азаматтың бейнесі толығымен ашылады. Алдында бірнеше сұлу ішінен талғамына сай таңдау «бақыты» тұрғанда қай ер-азамат аяқ тартуы мүмкін? Әлбетте, «шешінген судан тайынбас» деп, тәуекелге бел буатыны сөзсіз. Бірақ аңғал еркек жан дүниесінің эксперимент алаңына айналып жатқанын қайдан білсін?.. Осылайша қаламгер ер адамға әйел тарапынан жетіспейтін кемшіліктермен қатар, жігіттердің бойында орын алатын олқылықтарды айна-қатесіз беруге тырысқан. Онысы сәтті де шыққан. Ойындағы әйел затын таңдап табуға кіріскен үштіктің жан сыры келіншектеріне мәлім болады. Осылайша «Отана» клубы эксперимент алаңына айналып, актерлік ансамбльдің шеберлігі арқылы спектакль көрерменге жеңіл, ойнақы түрде жеткізіледі. Күрделіліктен гөрі өмірдегі қарапайым қатынастарды шиеленістіріп, әдемі юмормен жеткізген шығарма жұрттың көңілінен шыққаны анық. Қойылым соңында Еркіннің отбасына оралуы «адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген сөзді еске салса, психолог әйелдердің күйеуіне не қажет екенін түйсініп, бас июі – бәрінің де сәтімен түйінделгенін аңғарта түседі. Комедияны музыкамен көркемдеген Алмаз Бейсенбековтің қазіргі эстрадада айтылып жүрген әндерді комедия табиғатына сай түрлендіруі де сәтті шыққан. Күлдіре отырып, түрлі ойға жетелеген салмақты шығарма жамбылдықтардың көңілінен шыққаны анық. Қойылым аяқталған соң сахнаға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ықылас гүлі қойылды. Соңыра облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов авторға алғысын білдіріп, сөз кезегін ұсынды. Өз сөзінде Елен Әлімжан жиналған театрсүйер қауымға ризашылығын жеткізді.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.