- Advertisement -

Кілем тоқып сал ауруынан жазылғандар бар — қолөнер шебері

101

- Advertisement -

Кілем тоқып сал ауруынан жазылғандар бар - қолөнер шебері

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат — Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылында тұратын қолөнер шебері Роза Әлбатырова кілем тоқу арқылы адам денсаулығын жақсартуға болатынын айтады.

Оған көзін айқын жеткізді. Ауылда өзі жетекшілік ететін үйірмеге қатысатын сал ауруына шалдыққан бір бойжеткеннің қазір жағдайы жақсара бастаған. Бойжеткеннің бұрын ештеңеге ілікпейтін қолы кілем тоқу ісіне жаттығып келеді. ҚазАқпарат тілшісі қолөнер шебері Роза Әлбатырованың кілем тоқу барысындағы тыныс-тіршілігіне қанығып, ол жасаған бұйымдармен танысып көрді.

Кой жүні — денсаулыққа пайдалы

Қолөнер шебері қой жүнінің адам денсаулығына пайдасы орасан екенін айтады. Дегенмен оны қазіргі адамдар көп түсіне бермейді. Синтетикалық дүниелерге әуестеніп барады.

«Өз ісімді жүргізу барысында көзім жеткен нәрсе — қой жүнінен жасалған дүниелердің адам денсаулығына пайдалы екендігі. Бұрынғы жылдарда адамдарда ревматизм секілді аурулар мүлдем жоқ болатын. Қазір ол екінің бірінде бар. Себебі, біз сапасы жоғары өз өнімімізді пайдалануға мән бермейтін болдық. Мәселен, бір тал қой жүні қаншама микробты бойына жұтады. Ал синтетикалық паластар мен кілемдер оны сыртқа теуіп жатады. Сондықтан оны өз өмірімізде пайдалануға мән бергеніміз дұрыс болады», — деді Роза Әлбатырова.

Ауылда өзі ұйымдастырған үйірмеге келетін шәкірттері аз емес. Олардың қатарында 22 жастағы Айдана Сейітсұлтанқызы да бар. Бұрын қолы икемге келе қоймайтын ол бүгінде жағдайы жақсарып кілем тоқуға әбден машықтанып алған. Дүниеге келген сәтінен сал ауруымен сырқаттанып жүрген Айдана осылайша денсаулығын жақсартып, екінші жағынан ұлттық өнердің қыр-сырына қанығып келеді.

Қазақ кілемінің бағасы неге қымбат ?

«Кілем тоқу күні кешеге дейін әрбір үйде жасалып жататын. Техника мен ғылым дамыған сайын ол тіршіліктен жергілікті жұртшылық та қол үзе бастады. Қаладағы тұрғындар түгілі ауылдағы қыз-келіншектер де кілем тоқудан да шет қалып барады. Басты себеп — бойымызды еріншектік жайлай түсті. Қазір іздеген дүниені базардан тауып алуға әбден болады. Ауылдағы ақжаулықтылар жүн түтіп, жіп иіруге ерінетін болды», — деді Роза Әлбатырова ағынан жарылып.

Сондықтан қазір кілем бағасы өте қымбат. Бұрын екі үйдің бірінде кілем тоқылып жататын. Оның өзі тойдан кем болмайтын еді. Мал сойылып ет асылатын. Қолөнер шебері бұл дәстүрдің ағайын арасын жақындатуда көп септігін тигізгенін айтады. Қолөнер шебері тоқыған кілемдердің арасында ең қымбаты — 400 мың теңге тұрады. Ол қарасаң көздің жауын алады. Бұдан бұрын да мұндай талай дүниелер өз тұтынушысын тапты.

«Ұлттық өнерді ұлықтау — біздің басты парызымыз. Мен шәкірт баулуға көңіл аударып келемін. Қазір 30-ға тарта шәкіртім бар. Олардың ұлттық өнерді үйренуге деген құлшынысы мені қызықтырады», — деді ол.

Өзі кілем тоқу ісін анасынан үйренген. Анасы кілем тоқылатын үйлерге де ертіп алып баратын. Бұл жұмыс адамның шыдамдылығын, төзімділігін, жауапкершілігін тексереді. Мұндай қасиеттер бойында жоқ адамның кілемі де сәтті шыға бермейді. Кейбір кілемдер 1-2 ай бойы тоқылады. Оған шыдамдылық танытқан шебер сәтті қолөнер бұйымымен жұртты таңғалдыра алады.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Роза Әлбатырова жұмыссыз қалды. 2001 жылы жіп иіру, кілем тоқу және тігін тігу ісі бойынша училищеде білім алды. Содан кейін ол тағы екі қолөнер шеберімен бірігіп тапсырыстар қабылдай бастады. Тапсырыс берушілер қатары бірте-бірте көбейді. Одан кейін үкіметтік емес ұйымдарда жобаларды қорғауға мүмкіндік алды. Атағы кеңге жайыла түсті. 2012 жылы АҚШ мемлекеті ұйымдастырған USAID шағын бизнесті дамыту орталығынан жоба жеңіп алды. Қазіргі таңда қолөнер шебері жасап жүрген бұйымдарға тапсырыс берушілер қатарында Ресей, Қытай, Англия, Гонконг, Қырғызстан секілді мемлекеттер бар.

Жастардың қолөнерге қызығушылығы ерекше

Еңбегінің арқасында қазір елге кеңінен таныла бастады. Ауқымды жұмыстарды атқару мақсатында арнайы цех ашты. Сондай-ақ, ауылдық мәдениет үйі жанынан үйірме ашты. Оған қоса арнайы іздеп келген азаматтарға да ақыл-кеңес беріп жатады.

«Былтыр Қызылорда қаласындағы «Атамекен» балалар ауылының қыздары мен «Жылы жүректі жастар» еріктілер тобының мүшелері біздің цехымызға келіп кетті. Олардан да басқа адамдар келіп тұрады. Олар біз жасап жатқан бұйымдарға жоғары бағасын беріп жатады.

Роза Әлбатырова сан алуан мәдени шараларға қатысып тұрады. Жақында Қызылорда қаласында өткен қазақы кілем тоқитын шеберлерді қолдау мақсатында «Kilem Fest» көрме-фестиваліне қатысты. Онда өз қолынан шыққан дүниелерін ел назарына ұсына отырып, өзі секілді шеберлермен тәжірибе алмасып қайтты.

«Аталмыш фестивальдің ұйымдастырылуын жоғары бағалаймын. Онда жастар ұлттық сал-дәстүр жайында көптеген мағлұматтарға қанықты», — деді Р.Әлбатырова.

 

kazinform.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support