Әлеумет

Отан қорғау – қасиетті борыш

Отан қорғау – қасиетті борыш

Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызды өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Сенбі күні Облыстық ІІД «Даңқ» аллеясындағы Халық ҚаҺарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткіші маңында 5513 әскери бөліміне шақыртылған бірқатар жас өрендердің салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі болып өтті.

Сағат тілі 10.00-ді соққанда майор В. Өтеев бөлім командиріне оқу пунктінің жеке құрамы салтанатты шараға дайын екендігін хабарлады. Одан әрі 5513 әскери бөлімінің жауынгерлік туы сап ортасына шығарылып, еліміздің Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Жиын барысында бөлім командирінің міндетін атқарушы С. Батаев құттықтау сөз сөйлеп, жас сарбаздарға Отан алдындағы борыштарын адал әрі мінсіз атқаруға тілек білдірді. Одан кейін Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан келген барлығы – 270 жас «Қазақстан Республикасына қызмет етемін» деп Қазақстан халқы мен оның заңды түрде сайланған Президентіне ақтық демі қалғанша адал қызмет етуге, Отанының тәуелсіздігі мен бостандығын абыроймен қорғауға серт етті. Бұған дейін бір ай көлеміндегі әскери дайындықтан өткен әр аймақтың өрендері Жамбыл жерінде әскери мектептен өтіп, Отан алдындағы борыштарын өтейтін болады. Ант қабылдау рәсімінен соң, 5513 әскери бөлімінің оркестрі өнерлерін паш етсе, бір айлық дайындық курсынан өткен жас сарбаздар қарумен қозғалыс жасау, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен қойылым көрсетті. Ал, баласының өміріндегі маңызды оқиғаның куәгері болу үшін алыстан арнайы ат терлетіп келген ата-аналар жас сарбаздармен естелік суретке түсті.

Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол».