- Advertisement -

Ұлттық салт-дәстүр – жастар тәрбиесінің өзегі

183

- Advertisement -

Елбасы бастамасымен келер жыл «Жастар жылы» деп жарияланады. Мемлекеттік жастар саясаты үшін аса жауапты болатын келер жылда өңірлердегі жастар саясаты басқармасы мен бөлімдерінің жүйелі жұмыс жоспары болуға тиіс.
Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиын барысында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен баяндама жасап, келесі жылы атқарылатын іс-шаралар жоспарын таныстырды.
Мәди Мейірбекұлы жастарды жұмыспен қамту, әлеуметтендіру, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру секілді бағыттарды қамтитын мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың 2019-2020 жылдарға арналған Жол картасының түзілгеніне тоқталып, келер жылға 300 іс-шарадан тұратын желілік кесте әзірленгенін тілге тиек етті.
– Келер жылы жастар арасында әртүрлі форматтағы іс-шараларды өткізуге 86 миллион теңге қарастырылып отыр. Ал биыл бұл мақсатқа 33,3 миллион теңге бөлінген болатын. «Жастар жылы» аясында облыста 2019 жылы 1 халықаралық, 5 республикалық деңгейдегі шара өткізу жоспарда бар. Бұлардың қатарында этномәдени бірлестіктер және шекаралас елдер жастарының «Бірлік» өңірлік форумы, «Business Network Taraz» атты екі күндік жас кәсіпкерлердің республикалық форумы, шет елдерден атажұртына қоныс аударған жас қандастардың «Аңсатқан Ұлы Далам – Қазақстан!» атты республикалық форумын ерекше атап өтуге болады. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Кеңес беру алаңын» ұйымдастыру, облыстық «ПРОФИ-2019» байқауын өткізу де келер жылдың жоспарына енгізілді. Сондай-ақ аудандық жастар орталықтары мамандарының біліктілігін жетілдіруді басты назарда ұстаймыз, – деді ол.
Алайда Асқар Исабекұлы басқарма басшысына саладағы бірқатар мәселелерді қайта қарауға шақырды. Мәселен, дәстүрлі түрде жыл сайын «Кеңес беру алаңы» автокеруені облыстағы 40 елді мекендегі 10 мыңға жуық жастарды қамтиды. Әрі ауыл жастарын бұл шараға тартуда ауылдық округ әкімі мен жастар ісі жөніндегі нұсқаушылары көп күш жұмсауға мәжбүр.
– Менің білуімше, түрлі сала бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу аудандық жастар орталықтарының құзыретіне кіреді. Демек, жастар арасындағы түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарымен сол орталықтар мамандары айналысуы қажет. Есесіне, автокеруенді ұйымдастыруға жұмсалатын қыруар қаржыны орталықтар мамандарының біліктілігін жетілдіруге бағыттаған жөн.
Шараның «Кеңес беру алаңы» аталуы жастарды мүлдем қызықтыра қоймайды. Тақырыпты тартымды етіп, мүмкіндігінше жастар үшін өзекті тақырып көтеруді ойластыру керек.
Жалпы, жастарға сан түрлі сала өкілдерін қамтып, кеңес беру алаңын ұйымдастыру идеясын құптаймын. Алайда мазмұнын тереңдету қажет. Осынау шаралар шеңберінде жастар үшін өз орталарынан шыққан, белгілі бір салада айтулы жетістікке жеткен азаматтардың тәжірибелерімен жақынырақ танысу тиімдірек болмақ, – деді Асқар Исабекұлы.
Аймақ басшысы жастар саясаты мәселесі басқармасының жоспарына енгізілген шаралардың салаға қатысы бар кейбір мемлекеттік мекемелердің жоспарында қайталанатынына назар аударып, бұл жұмыстарды біріздендіру қажеттігін айтты. Сонымен қатар облыс әкімі жоғарыда аталған басқарма басшысына ұлттық салт-дәстүрлерімізді жастар тәрбиесінің өзегі ретінде қарастыруды тапсырды.
– Ұлттық салт-дәстүр – біздің ұлттық кодымыз. Оның мән-мазмұны өте тереңде. Демек, жастар саясаты мәселесі басқармасы ұлттық салт-дәстүрді жастар тәрбиесінде тиімді пайдалану жайына баса назар аударуы қажет. Бұл орайда облыс әкімдігінің өзге басқармаларымен бірігіп жұмыс жүргізуі нәтижелі болады.
Бізге бірінші кезекте ұлттық дәстүріміздегі тәрбиеге қатысты элементтерді мектеп оқушыларының санасына сіңіруді ойластырған жөн. Сәйкесінше дәл осы жұмысты жүйелі жолға қойған білім беру орындарын насихаттау қажет. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізі осында жатыр. Біз осы бағдарлама аясында жастарға ұлттық тәрбие беру тетігін жолға қоюға басымдық беруіміз керек, – деді облыс әкімі.
Басқосу барысында аймақ басшысы басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қаржы бөлу мәселесіне қатысты да сын-ескертпелерін айтты. Мәселен, жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін 28 миллион теңге «Жасыл ел» және студенттік құрылыс жасақтарының жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалуда. Алайда ұйымдастыру жұмыстары көңіл көншітпейді. Қала тазалығымен айналысатын студенттік жасақтар мен «Жасыл ел – Тараз» мекемесі арасында тығыз байланыс жоқ.
– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бизнеске айналып кеткен. Қыруар қаржыға жасалынған жұмыстың нәтижесін көре алмай келеміз. Себебі әлеуметтік тапсырысқа ие болған үкіметтік емес ұйымдар жыл сайын лот алып, жұмысты қағаз жүзінде ғана жасауға бейім. Сондықтан да алдағы уақытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөлетін барлық басқармалардағы тапсырыстың сұранысқа сай келуі зерделенетін болады, – деген Асқар Исабекұлы жиынды қорытындылай келе, басқарма басшысына аталған мәселелерді қаперде ұстау қажеттігін ескертті.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support