- Advertisement -

Мемлекеттік қызметшілер жауапкершілікті жете сезіне ме?

141

- Advertisement -

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өткен облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында облыс бойынша азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саласында 2018 жылы атқарылған жұмыстары туралы мәселе қаралды. Жандар Кәрібаев басқарған кеңес отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев қатысты.
Күн тәртібі бойынша облыстық әкімдік аппараты мемлекеттік қызметті дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Ихиева баяндама жасады. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, соңғы енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, 741 мемлекеттік қызметтің 197-сі жергілікті атқарушы орындарға тиесілі. Оның ішінде 89 қызмет мемлекеттік корпорация арқылы, 94 қызмет электронды түрде, 48 қызмет мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылуда. 2018 жылдың 9 айында облыс бойынша 3,9 миллион теңгенің мемлекеттік қызметтері көрсетілген. Олардың 75,7 пайызы электронды түрде, 2,8 пайызы мемлекеттік корпорациялар арқылы, 15,2 пайызы қағаз үлгісінде. Осы жылдың 9 айында қағаз түріндегі қызмет – 57,9, мемлекеттік корпорация арқылы қызмет – 22,5, баламалы қызмет 87,1 пайызға азайған. Осы мерзімде жергілікті атқарушы орган қызмет берушілері 2525 қызмет көрсетуден бас тартқан. Есепті мерзім ішінде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 26-сының мерзімі бұзылған. Мемлекеттік қызметтердің мерзімінің бұзылуы бағалау нәтижесіне тікелей әсер етуде. Мәселен, 2016 жылы республикада екінші орын иеленсек, өткен жылы сегізінші орынға сырғыдық. Мәселен, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасында бір қызметкердің болмауынан 6 мерзім бұзу оқиғасы орын алған. Есепті мерзімде 204 ішкі бақылау шаралары жүргізіліп, 835 құқық бұзушылық анықталып, 88 лауазымды тұлғаға тәртіптік шара қолданылған. Оның ішінде 68 тұлғаға ескерту, 20 тұлғаға сөгіс берілді. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» ҚР Заңына сәйкес, мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты қолданысқа енгеннен кейін, күнтізбелік отыз күн ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттері бекітілуі тиіс. Аталған заң талабын орындамағаны үшін 8 басқарма басшысы тәртіптік жазаға тартылыпты. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының облыстық филиалында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дамыту бойынша 53 қызметкер біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Баяндамасының соңында Айгүл Зайдинқызы мемлекеттік қызметшілерді жауапкершілікті сезінуге шақырды.
Мұнан соң облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Қасымхан Төлендиев қосымша баяндама жасады. Ол өз сөзінде Мемлекеттік қызмет туралы заң, Әдеп кодексі баршаға ортақ екенін айтып, жоғарыда аталған 8 басқарманың жұмысын сынға алды. Келесі сәтте облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов жас мемлекеттік қызметшілерді қызметке қабылдарда электронды технологияны меңгеру деңгейіне, біліміне мән беруді ұсынды. Блогер Исламбек Дастан Шу ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығындағы адам кезегінің көптігін сынға алып, Тараздағы қалаішілік автобус және шағын автобус жүргізушілері мен кондукторларының міндетін облыстық мәслихат сессиясының шешімімен нақты бекітуді ұсынды. Бұл ретте облыстық мәслихат хатшысы Б.Қарашолақов қалалық әкімшіліктен, тиісті бөлімінен нақты ұсыныс болған жағдайда бұл мәселені сессияға енгізуге болатынын айтты.
Жиынды облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібайұлы қорытындылап, 30 күн ішінде бекітілуі тиіс регламентті ауыл шаруашылығы басқармасы – 188, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы – 310, денсаулық сақтау басқармасы 157 күнге созып жібергенін сынға алып, алдағы уақытта мұндай өрескел кемшілікті болдырмау керектігін ескертті. Сондай-ақ ол мұндай маңызды талқылауға кейбір аудан әкімдері, аудан әкімінің орынбасарлары қатысуы тиіс екенін айта келіп, жиынның хаттамасы облыс әкіміне таныстырылатынын, сондай-ақ босаңсыған басқармалар мен аудан басшыларына заң аясында жаза қолданылатынын қадап айтты.

 

Есет досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support