- Advertisement -

Келер көктемде емле-ереже бекітіледі

104

- Advertisement -

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен ТИГУ-дің мәжіліс залында «Латын әліпбиі – ел ертеңі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Шараны облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы ойын ортаға салды.
Бұдан кейін А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек сөз сөйледі. «Латын графикасына негізделген әліпбиге бауырлас, көршілес елдердің бірқатары ертерек көшті. Ол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «алдымен экономика, одан кейін саясат» ұстанымын ұстанып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының түзелуіне баса назар аударды. Енді міне, біздің ел нағыз кемеліне келген шағында осы қадамға барып отыр. Былайынша айтқанда Президент кезінде берген уәдесін орындады. Біз тарихта тұңғыш рет тәуелсіз мемлекет ретінде өз әліпбиімізді өзіміз қабылдау мүмкіндігіне қол жеткіздік. Кезінде кириллица әліпбиіндегі 42 қаріппен жазу оңайға соқпағаны баршаға мәлім. Ал енді 32 таңба бар. Бұл өте дұрыс шешім дер едім. Кириллицаға бейімделу арқылы қазақ тілінің әуезділігі жоғалғанын жасыра алмаймыз. Ал оған дейін біздің ел тілінің ырғағы, мелодиясы, әуезділігі тұрғысынан әлемде алтыншы орында болған-ды. Біз алдағы уақытта сол позицияны қайтаруға күш салуымыз керек. Латын графикасына негізделген әліпбидің пайдасы мол. Мәселен, орыс тілінің әсерінен айтылуы өзгеріске ұшыраған кей әріптерімізді қазақы қалыпқа келтіреміз. Алдағы жылдың көктем мезгілінде емле-ереже бекітіледі деп күтілуде. Одан кейін сөздіктер жазылып, әліпбиді жетілдіру жұмысы үздіксіз жалғасын табатын болады», – деді Ерден Задаұлы өз ойын түйіндеп.
Кейіннен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, профессор Жантас Жақыпов латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіне қатысты пікірін ортаға салды. Жаңа әліпбидің тиімділігін атап өткен ол бүгінде кириллицаны әлем елдерінің үш пайызы ғана қолданып отырғанын, ал латын графикасын 48 пайыздан астам мемлекеттер қолданысқа енгізгенін нақты мысалдармен келтірді. «Бүгінде ел тілдің бұзылуын даму процесі деп қабылдайтын жағдайға жетті. Мәселен, қазақ тіліне ыңғайлап «вагон» сөзін «вәгөн» деп жазсаңыз, оны ерсі көреді. Бұл кеңестік психологияның сарқыншағы деуге болады»,
– деді ол өз ойын қорытындылап.
Басқосу барысында сөз алған Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография бөлімінің басшысы Құралай Күдеринова емле-ереже мәселесіне қатысты мәселелер туралы ой қозғады. «Біз бұл мәселені терең зерделеуден өткізіп жатырмыз. Ұлттық комиссия да лайықты түрде жұмыстар жүргізуде. Кейбір мәселеге қатысты халықтан сынама-сауалнама алынды. Бұл шара еліміздің алты өңірін қамтыды. Осылайша түзетілген нұсқамен қатар, тағы да бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асты. Нақтырақ айтсақ, еліміздің жоғары оқу орындарының 51 кафедрасы өз ойларын білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Келіп түскен ұсыныстардың барлығы да ескерілді. Нәтижесінде 108 параграфтан тұратын кітапша пайда болып, қолға алынған тірліктер жалғасын табуда. Емле-ережеге қатысты түсіндіру шаралары алдағы уақытта да тоқтамайды. Сондай-ақ 14 қараша күні жалпыхалықтық диктант алу акциясы өтеді. Оған барша өңір азаматтары белсенді қатысса деген тілегім бар. Бұл жерде «мен қате жазып қоямын» деген түсініктен арылып, жәй ғана өзін сынап көруге ұмтылғандары жөн. Бұл тек қана сынақ екенін қаперден шығармаса деген тілегімді айтқым келеді», – деді ол. Мұнан соң Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ержан Еңсебайға сөз тізгіні тиді. Ол өзі басқаратын мекеме тарапынан латын графикасына негізделген әліпбиді насихаттау жұмыстары белсенді түрде іске асырылып жатқанын тіліне тиек етті. Сондай-ақ Ержан Еңсебай «Ютуб» арқылы бейнесабақтар өткізуді қолға алу ниеттері бар екенін де әңгімеге арқау етті.
Соңыра облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова сөз алып, латын графикасына негізделген әліпбиді насихаттау мақсатында өңірде атқарылып жатқан нақты жұмыстарды атап өтті. Түркия еліндегі Карабюк университетінің қызметкері, филология ғылымдарының докторы Энверт Қапаған өз кезегінде Түркия мемлекетінің осынау графикаға көшкен кездегі жетістігі мен кемшіліктері туралы ой өрбітті. Басқосуға қатысқан өзге де ғалымдар пікірлерін ірікпей айтып, ұсыныстарын білдірді. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали мазмұнды шараға белсенді қатысқан мәртебелі меймандарға ризашылығын жеткізіп, латын графикасын насихаттауға қатысты шаралар легі алдағы уақытта да жалғасатынына тоқталды.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support