Көркем әдебиетті оқып, рахатына бататын ұрпақ қалмады ма деп қорқамын
Көркем әдебиетті оқып, рахатына бататын ұрпақ қалмады ма деп қорқамын
Қазанның бел ортасынан ауа өңірімізге үш қаламгер табан тіреді: Құлбек Ергөбек, Ерлан Жүніс, Бейбіт Сарыбай. Қазақстан Жазушылар одағы мен Президент Әкімшілігінің бірлескен жобасы – Әдеби-өлкетану бағдарламасы аясында топырағы қасиетті Әулиеатаға ат ізін салған топ тарихи орындарды түгел шарлап, мәдени-рухани орталықтарымызды аралады. Олар орайы келгенде оқырмандарымен жүздесіп, әңгімелесті. Редакциямызға бас сұққан топ жетекшісі, әдебиетші, публицист, профессор Құлбек Ергөбек ағамызбен біз де аз-кем сұхбаттасқан едік. Көне шаһарға сапарларының мән-жайын, жаңа жобаның салмағы мен маңызын, нәтижесі мен пайдасын былай жеткізді:
«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпы кейінгі жастардың рухани мешеу болып бара жатқандығын тасқа таңба басқандай қылып айтты. Расында да, біз өтпелі кезеңде едік. Одан кейін дамыған елу елдің, іле-шала отыз елдің қатарына қосыламыз дедік. Қосылдық та. Бірақ біз экспрессивті жүрісімізде кейінгі жастарымызды ұлттық рухымызды сақтаған, жан-жақты кемелденген буын ретінде жасақтай алмадық. Қазіргі жастар кітап оқымайтын болды, ақсақалдар балаларға арғы-бергіден тербеп әңгіме-аңыз, шежіре айтпайды. Тіпті қазіргі келіндердің өзі Баукең – Бауыржан Момышұлы айтпақшы, бесік жырын әуелетпей, ұрпағымызды тосаң құлақ етіп өсіріп жатыр. Мынадай бір қызық дерек бар: Мен балалар әдебиетінің де сыншысымын. Балалар әдебиетінің сыншысы болу көркем әдебиеттің басқа салаларының сыншысына қарағанда үш есе жауапты деп ойлаймын. Неге? Баланың қабылдауы, көркемдік қабылдауы, психологиясы басқа. Балалар әдебиетінің сыншысы психологиядан да хабардар болуы керек. Көркемдік қабылдау процесіндегі баланың санасын білгені жөн. Этнопсихология сияқты толып жатқан мәселелер тағы бар. Осы тұрғыдан алғанда, бір атақты композитордың сұхбатын оқыған едім. Бір жеткіншек пианиноға бойы жетер-жетпестен отырып алып классикалық дүниелерді орындай бастапты. Барлығы таңғалып, зерттеген ғой. Сөйтсе, анасы аяғы ауыр кезінде сондай классикалық дүниелерді ойнаған екен. Сол секілді, ананың жатырынан, психологиясынан, жүрегінен сәбиге өтуге тиісті біздің классикалық дүниеміз – бесік жыры. Бесік жыры – өлең, ән, терме әрі тәрбие. Ана бесік жырын айтпағаннан кейін, бала бесікте жатпаған соң, бүгінгі баланы ертең кемел, жан-жақты толысқан адамға айналады деу қиын. Ал бұл кемістіктің орнын толтыратын оқу, оқу, жай оқу емес, тоқу. Ал қазіргі балалар қандай? Қолында – тәлпіш телефон. Бәрі соның ішінде, кісі өлтіргіш фильмдер де соның ішінде. Соны көрген бала соны қанағат тұтады. Көркем әдебиетті оқып, соның рахатына бататын ұрпақ қалмады ма деп қорқамын. Міне, осындай жағдайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруы» бәрімізді де – жасы келіңкіреген бізді де, қолына қалам ұстаған өзге жазушылар қауымын да, қаламгер әріптестерді де, бәрі-бәрін кейінгі ұрпақты баба дәстүріне қайта оралтуға, тәрбиемен ұштастырып, балалардың ойына ізгілік құюға жұмылдырды. Біздің Жазушылар одағының Президент аппаратымен тізе қосып осындай жобаны қолға алуының да себебі осы. Мұның тағы бір жағы, Елбасы ілгеріде айтқанын жүзеге асырып, соңғы жылдары жазушыларға жағдайды күшейтті. Мәдениет және спорт министріне арнайы тапсырма берді. «Жазушылар біздің ұлттық рухымызды оятушы болу керек. Әдебиет майталмандары біздің ұлттық рух туын асқақтата желбіретуге тиісті», деді. Сол жазушыларға Президент қамқорлығын көре-біле отырып, Жазушылар одағы қайдан қол қусырып отырсын?! Біз – жазушылар елге шыққан соң, халықпен етене әңгімелесіп, бір жағы Елбасының дүниежүзілік масштабтағы ілкімді істерін бұқараның құлағына құйып, жеткізіп айтып, кейбір оппоненттердің күлдібадам айтып жүрген сөздерін өшіріп, Мемлекет басшысының көреген сөздерін жұрт көкірегіне көшіріп қайтуымыз керек. Ал мұны жалаң түрде емес, бабалардан келе жатқан, ғасырлап сақталған ұлттық дәстүрлерімізбен байланыстырып жеткізуге тиіспіз. Біз үш қаламгер келдік: Бейбіт Сарыбай, Ерлан Жүніс және мен. Екі жас перінің бірі – прозашы, бірі – ақын. Екеуі де қазіргі жастар арасында алда тұрған, арманы жүйрік, қиялы одан да жүйрік, таланттары кемел жігіттер. Бірнеше күн болды, Жамбыл облысын, көне Таразды қосып айтқанда арғы-бергі тарихын тергеп, талдап көрдік. Мен орталық музейде де болдым, кітапханада да болдым. Тараз жері – ғасырлаған тарихы бар, мақтанышты шежіреміз құйылып түскен және топырақтың астына түсіп кетсе де археологиялық ландшафқа айналып, сол қабаттардан ыңырсып, бізге бабалардың үнін жеткізіп жатқан көне өңір. Баласағұн да осында, археолог, этнограф, тарихшы Уахит Шәлекенов ақсақалымыз Ақтөбені Баласағұн деп ашты және дәлелдеді. Оған Шерхан Мұртаза бастаған ақсақал-жазушылар ұйыдық. Шерағаң Шәлекеновтің еңбегіне алғысөз жазды арамыздан. Сол Баласағұнды көрдік, одан кейін Қарахан дәуірінің ғажайып ескерткіші Айша бибі кесенесін тамашалап, рухына тағзым еттік. Тараз тарихын бұрыннан да білеміз, енді білетінімізді одан да байытып, олжалы қайтып барамыз. Өзі тарихи ескерткіштер дүниежүзі бойынша үш сатымен қорғалады. Алғашқысы – негізгі тізім, екіншісі – негізгіге бара-бар жетелі тізім, үшіншісі – қосалқы тізім. Соның ішінде негізгі тізімде – ЮНЕСКО бойынша қорғалатын Қазақстанда екі-ақ ескерткіш бар. Біреуі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, екіншісі – Айша бибі кесенесі. Мен Мәдениет министрлігінде қызмет істедім. Өзбекәлідей кемелдің тәрбиесін көрген інісімін. Бұрын жасалмаған шаруаны Өзбекәлі Жәнібеков қолға алып, жасаған. Ол әрбір облысқа дербес тапсырма беріп, өңірлердегі тарихи ескерткіштердің тізімін, ғылыми сипаттамасын жаздырып, әрқайсысын жеке-жеке кітап етіп бастырған еді. Кезінде Жамбыл облысы да сондай кітап шығарған. Сол кітапты да оқып, зерделеп, қысқасы осы өңірдің тарихын қайта бажайладық. Ендігі мақсатымыз – көргенімізді, көңілге түйгенімізді ақ қағазға мөлдіретіп түсіріп, кейінгі ұрпаққа ұсыну. Екіншіден, біздің сапарымыз жай өлкетану емес, әдеби өлкетану. Бұл не деген сөз? Бұл – бұрынғы-соңғыдан келе жатқан елеусіз, көзге көрінбеген әдеби жәдігерлерді іздестіріп, табу. Осы бағытта да ілкімді дүниелер әзірлеуге күш саламыз». Жазушымен ашық-жарқын әңгімеміз ұлт перзентіне айналған баһадүр Бауыржан Момышұлы жайында, Президент Жарлығымен облыс орталығына айналған Түркістанның қайта түлеуі төңірегінде өрбіді. Өзге де тақырыптар сөз болды. Оны газетіміздің алдағы сандарының бірінде жариялайтын боламыз.
Асхат РАЙҚҰЛ