- Advertisement -

«7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША 6 БАНК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

125

- Advertisement -

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Бүгінде Елбасы ұсынған «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға Ұлттық Банктен бөлек, екінші деңгейлі банктер де мүдделі екені белгілі. Қазіргі таңда «Баспана» арнайы компаниясы мен «Центркредит», «Форте», «Еуразиялық», «Цесна», «АТФ», «РБК», «Тұрғын үй құрылыс жинақ», «Халық» банкілерімен арадағы келісімге қол қойылған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкі Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин, «Банк ЦентрКредит» АҚ Тараз қалалық филиалының директоры Бекдауыл Иптилдаев, «Цеснабанк» АҚ филиалының директоры Ғалымжан Доланбеков жоғарыда аталған бағдарламаның іске асырылуы жөнінде баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– Бүгінгі күні облыста 6 банктің филиалы жұмыс істеуде. Сонымен қатар кредит сомасы 12 миллион теңге кезінде ипотека алушыға жүктеме айына 85 мың теңгені құрап отыр. Әдетте аумақтарда тұрғын үй сомасы төмен болады, оларда кредит сомасы 7 миллион, ал ипотека алушыға жүктеме айына 50 мың теңгені құрайды. Осылайша «Баспана» компаниясының әріптес банктерінің дамыған желісін ескере отырып, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы елдің барлық өңірлерін қамтып, Қазақстанның біраз азаматына көптен күткен тұрғын үйін алуына көмектеседі деп ұйғарылуда.
Аталған бағдарлама кезекке тұрып, күтудің қажеттілігі болмауымен де ұтымды. Әркім құрылыс салушыны өзі таңдайды, тұрғын үйді өзі табады, банкке жүгінеді және ары қарай ипотеканы рәсімдейді. Ағымдағы жылғы 25 қазанға дейін бағдарлама бойынша елімізде екінші деңгейдегі банктермен қабылданған өтініштер саны 3 989-ды құраса, оның ішінде 2 658-і мақұлданды. Ал өңіріміз бойынша дәл осы кезеңде аталған банк филиалдарында 407,7 миллион теңгеге 51 өтініш қабылданып, оның 33-і мақұлданды, – деп атап өтті Е.Шарыгин.
Жиын барысында, сондай-ақ қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша бастапқы тұрғын үйді қай жерлерден алуға болатыны туралы да айтылды. Мәселен, «Арай» алқабында шамамен 100, 15-шағын ауданында 300-ге жуық пәтер тұрғындарға аталған бағдарлама аясында берілмек.
Басқосу соңында бағдарламаның талаптарын түсіндіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен айтқан баяндамашылар БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға да жан-жақты жауап берді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support