Жаңабаевтың жарқын жеңісі
Жаңабаевтың жарқын жеңісі
Кәсіпқой бокс әлемінде бақ сынап жүрген жамбылдық жампоз Нұрсұлтан Жаңабаевты біраз уақыттан бері жоғалтып алған едік. Енді міне, жерлесіміз шаршы алаңға қайта оралып, бесінші жекпе-жегін өткізді. Бірінші орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Нұрсұлтан бұл жолы танзаниялық Кулва Бушириге қарсы шаршы алаңға шықты. Шайқас бастала салысымен өзінің шын мықты екенін әйгілеген жерлесіміз бірінші раундта-ақ жекпе-жекті аяқтады. Осылайша Ресей Федерациясында өткен бесінші кездесуінде мерейі үстем болды. «Раунд басталған сәтте-ақ Нұрсұлтанның қарсыласы бірнеше жойқын соққыны өткізіп алды. Сондай мығым соққылардың бірі дарыған кезде ол жарақат алды. Нұрсұлтан әрмен қарай сериялық шабуылдарын жалғастырған еді. Алайда шаршы алаңдағы төреші бірден жекпе-жекті тоқтатты. Мен бұл шайқаста Нұрсұлтан бірнеше раунд жұдырықтасып, өзін сынап көреді деп ойлаған едім. Бірақ шайқас жылдам аяқталды», – дейді жерлесіміздің бапкері Сағатбек Мұсаханов. Бесінші жекпе-жегін жарқын мәнерде аяқтаған Нұрсұлтан Жаңабаев желтоқсан айының жиырма үші күні шаршы алаңға оралады деп күтілуде. Ол кезекті жекпе-жегін Мәскеуде немесе Канадада өткізуі бек мүмкін.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.