Мәдениет

«Қараш – қараш оқиғасы» халықтың әлі жадында

«Қараш – қараш оқиғасы» халықтың әлі жадында

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="89993,89994,89995,89997,89998,89999,90000"]

Ұлт қаламгерлерінің шығармалары негізінде экранға шыққан ғажап фильмдер жеткілікті. Оны санап жатудың өзі артық. Ол шығармалардың қатарында КСРО халық әртісі, белгілі режиссер Болот (Болотбек) Шамшиев көгілдір экранға шығарған, ұлт жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» да бар. Қазақ-қырғыз киноиндустриясының жауһарына телінген фильмнің көгілдір экранға шыққанына да жарты ғасыр толып отыр. Бір қызығы, Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұлдың өмірі негізге алынып (Бақтығұлдың прототипі) жазылған шығарманы Мұхтар Әуезов жиырма алты жасында жазып бітсе, Болот Шамшиев 26 жасында фильм түсіріпті. Фильмнің режиссері, қырғыз ұлтының мақтанышы Болот Шамшиев айтулы дата аясында Тараз қаласына атбасын бұрып, бірнеше жерлерде кездесулер өткізді. Жамбыл атындағы облыстық «Руханият» орталығында өткен басқосуда режиссер шешіліп әңгіме айтты. Зиялы қауым өкілдері көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Кино өнері туралы әсерлі әңгімелер айтылған кездесуді республикалық «Қазақ» газетінің шеф-редакторы Қали Қамбаров жүргізіп отырды. – Біршама уақыт бұрын Болот Шамшиев «Қараш – Қараш оқиғасы» фильмінің прокатқа шыққанына 50 жыл толатынын айтты. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов жиырма алтысында жазып кеткен ғажап шығарма негізінде түсірілген фильмнің атаулы датасын назардан тыс қалдырғымыз келмеді. Ойландық, жоспар құрдық. Ағымдағы жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы меморандумға қол қойып, журналистердің сұрақтарына жауап берген-ді. Сол кезде «Қараш – Қараш оқиғасы» фильмі Қордай ауданының Шұбар Байтал жайлауында түсірілгенін, сол маңға арнайы белгі қою керектігін тіліме тиек еткен едім. Ол кісілер ұсынысымды қолдаған-ды. Бұл басқосуды мерейлі дата аясында Жамбыл жерінде басталған шаралардың басы деп біліңіздер. «Қараш – Қараш оқиғасы» фильмінің 50 жылдығын атап өту шараларына былтыр «Жылдың үздік меценаты» атағын иеленген кәсіпкер Мұхтар Нәлібаев басқаратын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қор қолұшын созып отырғанын айта кеткен ләзім, – деді Қали Қамбаров. Кезінде 500 мың рубльге түсіріліп, нағыз кассалық фильмге айналған, шығынды жүз есе артығымен қайтарған туындының режиссері Болот Шамшиев кездесу барысында бұл шығарманы көгілдір экранға шығару оңайға соқпағанын сөз етті. – Балаң шағымнан қазақ қаламгерлерінің шығармаларына қатты қызықтым. Мұхтар Әуезовтің «Қараш – Қараш оқиғасы» шығармасын әлденеше рет оқыдым. Сол дәуірдегі бауырлас халықтардың тұрмыс-тіршілігін сезініп, солақай саясат келтірген зардапты түйсіндім. Арада аз уақыт өткен соң сценарий жазып, алып-ұшып «Қазақфильмге» келдім. Бұл менің тырнақалды еңбегім еді. Бірқатар шет мемлекеттер фильмді сатып алып жатты. Ақылы сеанстар қомақты қаржы түсірді. Уақыт өте келе, Мағжан Жұмабаевтың, Ілияс Жансүгіровтің өміріне байланысты фильмдер түсіруге талпындым. Алайда сәті түспеді, – деді ол өз ойын ортаға салып. Болот Шамшиев «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың 12 шығармасына фильм түсірген. «Қараш-Қараш оқиғасымен» жұлдызы жанған ол бүгінде кино әлемінің корифейіне айналып үлгерген. Кездесу соңында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина мен облыстық кино орталығының директоры Сайлау Лесбекұлы режиссердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Қазақ пен қырғыз халқы үшін жауһар дүниеге айналған «Қараш – Қараш оқиғасы» ешқашан қырғыздың төл туындысы болған емес. Өйткені «Қазақфильмнің» өнімі ретінде тарады. Қазақ кино әлемінің «киттері» аталған Сұлтан Қожықов, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин секілді алыптардың алдын ораған Болот Шамшиев Әуезов әлемі арқылы танымалдылыққа ие болды. Иә, ол қазақ қаламгерінің туындысы арқылы өзі ғана атын әйгілеген жоқ. Басты рөлдерді Сүйменкул Чокморов, Тұрғын Бердалиев, Советбек Жұмадылов, Сабира Күмүшәлиева, Мұратбек Рысқұлов секілді қырғыз театр және кино өнерінің мықты актерлеріне негізгі рөлдерді ұсынып, олардың жұлдызының жарқырауына жол ашты. Ол әуелден-ақ Бақтығұлдың рөліне Сүйменкул Чокморовты лайық деп тапқан. Сол кезде Сүйменкул Чокморов қатардағы суретшілердің санатында болатын. Бақтығұлдың рөлін керемет сомдаған Сүйменкул кино әлемінде жасындай жарқ етсе, оның бағының ашылуына Болот Шамшиевтей сұңғыла режиссердің еңбегі зор екенін айта кеткен дұрыс. Болот Шамшиевтің «Қараш-Қараш оқиғасын» түсіруі қырғыз ағайындардың кино тарландарына зор әсер еткен де шығар. Әйтеуір сол дәуірде Төлөмүш Өкеев те Мұхтар Әуезовтің «Көксерегін» кино тілінде сөйлетуге белсене кіріскен-ді. Қысқасы, кеңестік дәуірде түсіріліп, талай елді тамсандырған «Қараш-Қараш оқиғасы» ешқашан өлмейтін туынды. Осындайда әр режиссердің өз «Қарашы» болса деген ойға шоматының анық.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.