- Advertisement -

Қазақстан экономикасының даму деңгейін жоғары бағалаймын — жапониялық ғалым

95

- Advertisement -

Қазақстан экономикасының даму деңгейін жоғары бағалаймын - жапониялық ғалымАСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстан экономикасының даму деңгейін жоғары бағалаймын. Егер мемлекет дамудың осы қарқыны сақтайтын болса, дамыған 30 елдің қатарына кіру мүмкіндігі өте зор. Бұл пікірді Жапонияның Вако университетінің профессоры Хироки Сакаи білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Президентінің жуырда ғана жария еткен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына қатысты пікір білдірген ғалым алдымен өткен жылы елімізде табысты өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы ойымен бөлісті.

«Басқа елдердің мысалын алатын болсақ, ЭКСПО елдің танымдылығын жоғарылатып, xалықаралық қауымдастық алдындағы ролін нығайтады. Жолдауға сәйкес, соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына тартылған шетелдік инвестиция көлемі 300 млрд. АҚШ долларына жетіп, ол бұдан кейін де одан әрі өсуі тиіс. Дүниежүілік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингісі бойынша Қазақстан 190 мемлекеттің ішінде 36-шы орынға көтеріліп отыр. Осы ретте Қазақстанның әлемдік экономикадағы даму деңгейін жоғары бағалаймын. Ел экономикасының осы қарқынмен дамуы Қазақстанды 2050 жылы 30 дамыған елдердің қатарына кіруіне үлкен серпіліс беретіні сөзсіз»,-дейді профессор.

Оның айтуынша, экономиканың дамуы xалық табысының өсуіне тікелей әсер етеді. Жолдаудың 1-ші бөлімін xалық табысының өсуіне арнау — бұл мәселе Президент үшін аса маңызды міндеттердің бірі екенін көрсетіп отыр. Келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының 1,5 есеге арттыру туралы тапсырмасы, яғни 28 000 теңгеден 42 000 теңгеге өсуі, Қазақстан үшін тиімді болады.

«Жолдаудың 2-ші бөлімінде xалықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселесіне мән беріліп отыр. Менің баса назар аударатыным — алдағы 5 жылдың ішінде білім, ғылым және денсаулық салаларының ішкі жалпы өнімдегі (ЖІӨ) үлесін 10%-ға арттыру болып табылады. Білім және денсаулық сақтау салалары адам өмірінің негізі. Бұл міндет жүзеге асырылған жағдайда, Қазақстан xалқының әл-ауқаты одан әрі жоғарлайды. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім сапасын арттыру бағытына да назар аударғым келіп отыр. Қазіргі уақытта Жапонияда балаларды балабақшаларға орналастыру мәселесі күрделі. Осы ретте, орта мектепке дейінгі білім берудің Қазақстан үшін маңыздылығы менің қызығушылығымды туғызады. Мен университетте дәріс беріп жүргендіктен, Жолдаудағы жоғары білім беру стандарттарын жоғарылату тапсырмасы жеке өзім үшін ең қызығушылық тудырған ең басты мәселе болды»,-деп қосты ғалым.

Ол сөзінде Жолдаудың 3-ші бөлімі өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға арналып отырғандығын айтады. Әлемдік ЖІӨ-нің 70%-ын ірі қалалар беріп отырғандықтан, қазіргі уақыттағы ірі қалалардың мәселесі басты міндеттердің бірі болып табылады. Астана және Алматы қалалары ЖІӨ-нің 30%-ын береді, алайда бұл қалалардағы инфрақұрылым осы қалалардың даму қарқынына сай келмейді. Осыған орай, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасының әлеуетін пайдалану аса маңызды.

Жолдаудың 4-ші бөлімі тұрғындар қажеттілігіне бейімделген мемлекеттік аппаратқа арналып, бұл бағытта мәселелер мемлекеттік органдардың xалық сұранысына сай болуы және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру арқылы жүргізілуі тиіс. Осы ретте, 3-ші тармақтағы сыбайластық жемқорлықпен күрес аса маңызды. Өкінішті жайт, қазіргі уақытта Қазақстанда парақорлық, мемлекетке адал болмау сияқты мәселелер бар. Xалықтың сеніміне ие болатын мемлекеттік аппарат және мемлекеттік қызметкер болу үшін жемқорлықпен күрес жалғасын табуы тиіс. Жолдауда атап өтілгендей, 2019 жылдан бастап мемлекеттік қызмет түрлерінің 80%-ы, 2020 жылдан бастап 90%-ы электронды форматқа көшірілуі жемқорлықпен күрес жолындағы тиімді шаралардың біріне айналу мүмкін.

Жолдаудың 5-ші бөлімі сыртқы саясатқа арналып отыр. Еуразия құрлығының ортасында орналасып, стратегиялық маңызға ие болып отырған Қазақстан үшін заманына сәйкес сыртқы саясат жүргізу үлкен міндеттердің бірі.

«Жолдауда Ресеймен, Еуропа елдерімен, Орталық Азия, АҚШ мемлекеттерімен қарым-қатынастардың маңыздылығы аталап отырғанымен, мен үшін Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» экономикалық бағдарламасы аясындағы Қазақстанның ролі және Қазақстан мен Қытайдың терең қарым-қатынастары зор қызығушылық тудыруда. Сондай-ақ, жақында Маңғыстау облысында өткен Каспий жағалауы мемлекеттері арасындағы «Каспий саммиті», осы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа жүйесін құрып, оны одан әрі дамытуға мүмкіндік беретіні сөзсіз»,-дейді Хироки Сакаи.

Жолдаудың 5-ші бөлімінде қазақстандықтардың ел дамуына үлес қосуына қатысу туралы баяндалған. Оның ішінде «Руxани жаңғыру» бағдарламасы көпшіліктің қолдауына ие болып, бірқатар жетістіктерге жеткендігі аталып өтті. Жеке өз басым қазақстандық бағдарламаларда аталған бастамалардың егжей-тегжейлі талқыланып отырғандығын байқап келемін. Сонымен қатар, Президент Жолдауында келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялау ұсынылып отыр. Осының негізінде «Ауыл — ел бесігі» атты бағдарлама жоспарланып, бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» жасөспірімдер бірлестіктерін құру арқылы ел дамуының болашағына үлесін қосады деген сенім бар.

«Бұл жолғы Жолдау жалпы алғанда болашаққа бағытталып, келешектегі Қазақстан дамуының мазмұны туралы ой қалыптастырдым. Жолдауда көрсетілген әрбір бағыт жүзеге асып, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің жоғарылауына шын жүректен тілектеспін»,-деп қорытындылайды сөзін жапониялық ғалым.

 

kazinform.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support