Кассирде де «кассир» бар…
Кассирде де «кассир» бар…
Қызылорда облысында ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікпен «АТФ Банкі» АҚ филиалының кассирі тұтқындалды, – деп хабарлады Tengrinews.kz. «АТФ Банкі» Қызылорда филиалының касса меңгерушісі К.Омарова 2014 жылдың қаңтар-маусым айларында банктен 601,9 миллион теңге және 30 мың доллар ұрлады деген күдікке ілігіп отыр. 23 шілдеде қаржы полициясы оған қатысты Қылмыстық кодекстің «Бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал, 26 шілде күні Қызылорда қалалық сотының санкциясымен кассир тұтқынға алынды. Бұған дейін осындай оқиға Қазақстанның Халық банкінің Маңғыстау облысындағы филиалында болған еді. Банкоматтарда миллиард теңгеге жуық қаржының жетіспейтіні анықталған. Бұл дерек бойынша банк қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот операциялар басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары мен касса бастығын тоғыз жылға, жетекші кассирлерді үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, тағы екі кассир шартты түрде жаза өтейтін болды. Филиал директорына 1,85 миллион теңге айыппұл салынды.
«Ақ жол-Ақпарат».