Әрбір әкімшілік құқық бұзушылық үшін жаза бар

99

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің» 722-бабына сәйкес, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi де қарайды. Департамент тарапынан биылғы жылдың 9 айында барлығы 328 әкімшілік іс тіркеліп, лауазымды тұлғаларға 35 870 419 теңге көлемінде 252 айыппұл салынған. Оның 26 649 219 теңгесі өндіріліп, бюджетке қайтарылды. Қалған сомалар бойынша бюджетке уақытында өндірілмеген айыппұлдар туралы мәлімет жеке сот орындаушыларға және жұмыс орындарына мәжбүрлеп төлету үшін жолданды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар департамент пен облыстық тексеру комиссиясының бақылауы барысында, сондай-ақ облыстың прокуратура органдары тексеруімен анықталған бұзушылықтар бойынша, басқа да мекемелерден келіп түседі. Ағымдағы жылдың 9 айында прокуратура органдарынан – 219, облыстық тексеру комиссиясынан – 12, департаменттің өзінің бақылауындағы – 86, басқа да мекемелерден 11 материал түсіп, олар бойынша әкімшілік шаралар қабылданды.
Саралау нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылықтардың 16-сы тұлғаға қатысты бухгалтерлік есептің дұрыс жүргізілмеуі, ал 236-сы мемлекеттік сатып алу туралы заңнама бұзылуы бойынша қаралған және тиісінше айыппұлдар салынған. Қалған 76 материал тұлғаның өтініші бойынша сотқа жіберіліп, оның 57-сі сот шешімімен әкімшілік айыппұлдан босатылса, 19-ы қаралу үстінде.
Көп жағдайда мемлекеттік мекемелер жосықсыз қатысушы деп тану үшін және тұрақсыздық айыбын өндіру үшін сот органдарына жүгінген жағдайда сот органдары жүгіну мерзімі өткенін негізге ала отырып, талаптары қанағаттандырылмай қалады немесе ішінара қанағаттандырылады. Бұл жағдайда жосықсыз қатысушы деп тану бойынша талаптарды қанағаттандырмағаны үшін тұрақсыздық айыбын өндірудің қажеттілігі ескерілмейді. Осы мәселені ескеріп, тұрақсыздық айыбын өндіру үшін талап арыздарымен сотқа жүгіну немесе соттың шешімдеріне шағымданып, тиісті шешім қабылдау бойынша жұмыстар жүргізілуі қажет.
Жоғарыда айтылған жайларды қорытындылай келе мекеме басшылары мен қаржы қызметкерлеріне бұзушылықтарды болдырмау мақсатында өз қызметтерінде тиісті заңнаманы дұрыс қолдану қажеттілігі туралы тағы да еске саламыз.

Ахметжан АЙТНАЗАРОВ,
облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті персоналмен жұмыс және қызметті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.

Comments are closed.