- Advertisement -

АСТАМСЫҒАН АСАБА

83

- Advertisement -

Есіл-дерті апта сайын ақша түсетін ақар-шақар тойға ауған асаба да бір, жыртқыш аң да бір екен. Армандары тек қана «тістеп» кету мен «жұлып» кету.
Бір байқағаным, мұндай асабалар өздері тойларын басқаратын «контингенттерді» топ-топқа бөліп алған. Мәселенки, «белгілі байлардың» тойын ғана басқаратын «дәрежесі» таудай асабалар жарлы-жақыбайларды тебеген жылқыдай маңына жолатпайды.
Кейде сәті түсіп «байлардың тойына» біз де бас сұғып қаламыз. Қара өлеңнен де, қанатты сөздерден хабары бар қуыс құлағымыз ондайда «дәрежесі» таудай асабаның не сөз деуге, не тақпақ деуге келмейтін «шіріген шедеврлерін» естіп, бұзылған микрофондай шыңылдап кетеді. Бірақ асабамыз онысына ұялудың орнына, жыртың-жыртың етіп, жаттап алған тақпағына жұрттан «шапалақ» сұрай береді. Шапалақ ұрмағандарды «шыжғырып» алуды да ұмытпайды. Сол кезде «мә, саған шапалақ керек болса» деп, той-домалақтың сорпасына семірген майлы бетінен шапалақпен бір тартып жібергім кеп кететіні бар емес пе.
Сосын даусы жоқтар баяғыда ән айтпақ тұрмақ, қалың елдің алдына шығуға ұялып қашып кетуші еді, ал мына біздің астамсыған асаба қырылдаған даусымен ән салғанда, «қонақ қойдан жуас» деп, амал жоқ жер шұқылап отырады екенсің.
Жақында дәулердің тойында ғана жүретін Патрон деген сол асабаны кездестіріп қалдым. Иә, жаңылған жоқсыздар, жұрттың бәрі патрон деген соң мен сөйдеп жазып отырмын. Алдыма ойқастай кеп тоқтаған «Лексус-570» деген мықты джиптен түскен сол Патрон шалқақтай сөйледі. Сөзінің сыңайына қарағанда шаруасы бар сияқты. Мұндайлар біреуге шаруа айту үшін оның үйіне немесе кеңсесіне бару керек деген әдеп мәселесін де жылы жиыстырып қойған. Көше тұрмақ, әжетханада кездесе қалсаң да әңкілдеп «арман-тілегін» айта бастайды. Мәдениеттерінің жеткен жері сол да байғұстардың.
Сонымен асабамның айтпағы, ата-бабасына ас бермекші екен де, соған орайғы арманы біздің газетімізге бір «әдемі» мақала шығарту екен. Дұрыс қой, «байлардың тойын» басқаратын асаба деген аты дүрілдеп тұрғанда, оның үстіне екі қабатты коттедж үй салып ап, одан бөлек қаптаған кәсіпорындар ашып тастап, астына джиптердің джипін мінген адам ата-бабасын еске алып, ас берсе несі айып. Оның үстіне аптаның жеті күнінде жеті рет түсіп жатқан бума-бума ақшаның буымен түнде қорылдап ұйықтап жатып түс көргенде өлген-жіткендерінің бірі аян беріп, «ата-бабаңа ас-ауқат тарат» деген шығар.
«Әр кәллада бір қиял», мен болсам «газетіміздің жарнама бөліміне ақша түсетін болды ғой» деп, қуанып кеттім. Бірақ «ата-бабама ас берем, бәйге, көкпар шаптырам» деп аузынан түкірігі шашырап, мейманасы тасып тұрған асабамыз «мақалаға ақша төленуі керек» дегенді естігенде сілейіп тұрды да қалды. Тек қана алуға дәнігіп қалғаны көзінен де, сөзінен де көрініп тұр. Тойдан той басқарып, қап-қап ақша тапса да ата-бабасы үшін бір тиын шығарғысы жоқ, бәтшағардың. Сөйтсем, мұныкі тек қана «ала берсем» екен.
Мен де «жарнама», «жарнама» деп жағым сембей, қасарысып тұрып алдым. Астамсыған асабамның түрі сұп-сұр боп, қалтасынан қыруар қаржы шығып кететіндей қинала тістенді-ай дейсің бір.
-Бір жолға былай-ақ нете салуға болмай ма? – дегенде алдымда қайыршы тұрғандай аяп та кеттім өзін.
-Жоқ, болмайды. Үкіметтің бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыс болса тегін жариялауға болар еді, бірақ мемлекеттік тапсырыста асабалардың ата-бабаларына ас беруі үшін тегін мақала жариялау деген қайыр-садақаға байланысты тарау жоқ, — деп ұзақ-сонарлатып отырып бір «шымшып» тастадым шіренген бәлені.
Бірақ анау онымды түсінді ме, түсінбеді ме, ешкім қайтармаған беті қайтып, маңдайы тасқа тигендей бет-аузы жыбырлап тұрып-тұрып:
– Олай болса, тағы да хабарласармын, – деп, мінгенін «мөңкітіп» кете барды.
Содан бері астамсыған Патронды көрген жоқпын. Сәлем де, СМС те жоқ. Сірә, өкпелеп, мені әркімге бір жамандап жүрген болуы керек. Жамандаса жамандай берсін, қайтеміз енді, өлеміз бе?
Айтпақшы, ата-бабасына ас беретін асабалар, құлақтарыңа алтын сырға, тойдан тапқан ақшаларыңнан ата-бабама ас берген кезде мақала жариялауға керек болады деп біраз ақшаны бөлек сақтап қойыңдаршы, әйтпесе, Патрон сияқты жеме-жемге келгенде қалталарыңнан бір тиын да шығаруға қимай «қақалып» қап жүрерсіңдер.

«Шөкеңнің шөбересі».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support