- Advertisement -

Абсент әлі есімізде

369

- Advertisement -

Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тамыры тереңнен бастау алатын рухани ұлттық кодты сақтауға баса назар аударды. «Ұлттық код , ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деп атап көрсетті. Осы орайда, әрісі Қазақстанның, берісі Әулиеата мен Құлан өңірінің «Әлемнің ең үздік спорт жылқысы» атанған жұлдызды арғымағы Абсент туралы аңыз бен ақиқатқа тағы бір оралсақ.

Жылқының төл отаны – Қазақ жері. Ал мұны күллі жұртшылық әлдеқашан-ақ мойындап қойған. Қала берді, қазақтың арғы-бергі тарихында есімін айдай әлемге әйгілеп кеткен Тайбурыл мен Құлагерлерді айтпағанның өзінде, ақиқат пен аңызды ұштастырған сәйгүліктер қай кезде де арамызда кеңінен таныла білген. Одақ тұсында талайға таңдай қақтырған Абсент аталған қазақтың қазанат тұлпары асқан шеберлігімен барша адамзат баласын тәнті еткендігін бүгінгі жас ұрпақтың бірі білер, бірі білмес, сірә.
«Луговой» асыл тұқымды жылқы зауытында бапталып шыққан осы бір қазақ тұлпары қос бірдей Мюнхен және Рим Олимпиадаларында топ жарып, әлемде кімнің үздік тұрғандығын дәлелдеп берген. Ұлан-ғайыр Кеңестер Одағында Абсентті білмейтін бірде-бір пенде болған жоқ десек асыра айтқандық емес. Өткен ғасырдың 60-жылдары ат жалын тартып мінуге оңтайлана жүргендер Абсентті сан жүздеген тұлпарлардың ішінен жазбай таниды екен. Ол кезде теледидар кеңінен қанат жая қоймаса да, Абсент сан қиырдан мен мұндалап тұратын. Ол 23 жыл ғұмыр сүріп, жер қойнына түрегеп тұрған қалпында берілді. Мұндай қадір-қасиетке кез келген ат бөлене бермейді.
…Абсент алғаш рет 1958 жылы көзге түсті. Мәскеуде өткен Бүкілодақтық көрмеде таңдай қақтырып, тәкаппар жүрісімен елдің есін алған жануардың мүсіні мен сұлулығы білгір мамандардың өзін жалт қаратты. Мәскеудің ипподромында Абсент тәмам жұрттың алдында музыкаға орай құбылып, көсіліп, иіліп, биледі! Адам мен аттың ымы-жымы сиқыр қимылға айналғанда мінбеде иін тірескен жұрт шапалақ шартылдатып тұратын. Биші жылқының ілтипатқа мойны иілгенде жалы күдірейіп, кекілі төгіліп, шоқтығын биіктете түсетін. Тізесін бүгіп, дүйім жұртқа сәлем еткенде біреулер күліп, біреулер сүйсініп тұратын.
1978 жылы «Жұлдыз» журналының №11 санында жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің «Ат дүбірі» атты деректі туындысы жарық көрді. Ол очеркте Абсентке «Луговой» жылқы зауытында ескерткіш орнатылғанына қуана отырып, чемпион қатысқан спорт түріне төмендегідей сипаттама береді: «Абсент – ғасырдың арғымағы атанды. Әрине, ол бәйгеге, ұзақ шабысқа, аламанға түскен жоқ. Өйткені ол әсем жүрістің, сұлу ырғақтың, музыка дыбысын жүрегімен сезетін, сол ырғақты аяғымен орындайтын әрі сымбатты, әрі сол бір көркіне орай ақылды ат болған». Жазушының бұл айтқаны салт міністің жоғары мектебіне тән ат спортының классикалық түрлерінің бірі. Оның мәнісі – арнайы дайындалған бағдарламаларды ені жиырма метр, ұзындығы қырық немесе алпыс метр болатын манежде түрлі ат жүрістері арқылы орындап шығу. Бағдарлама элементтері, яғни жаттығулар манеждің аласа қабырғаларын бойлай қадау-қадау жерлерге жазылған әріптердің тұсынан бастап немесе сол аралықтарда орындалады. Бір ерекшелігі, әсем жүріске үйретілген ат қарапайым дрессурадан өткен жануар қатарына жатпайды; жаттығудың ретін кез келген жерінен тоқтата салып, бағдарламаға өзгеріс енгізсеңіз, жылқы үстіндегі адамның бұйрығын орындап өзге элементті орындап шығады.
Сәуірбек Бақбергеновтің очеркін оқыған сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің арнаулы тілшісі Жанболат Аупбаев 1980 жылғы 30 сәуірдегі өз мақаласында «Ат дүбірінен» үзінді келтіре отырып, «Луговой» жылқы зауыты қайдасың деп тартып отыруға тура келді» деп жазады. Сөйтіп, сол сапардан туған «Маршал мінген ақбоз ат» мақаласында ол аталған жылқы зауытындағы басшылармен әңгімелесіп, бума құжаттармен танысып, бірқатар деректерді оқырмандарға ұсынған болатын.
Абсенттің орындауындағы ең тартымды элементтер пияффе мен пассаж болатын. Сергей Филатов алтын медальға қол жеткізгендігімен қоса, «Рим рукоплещет» (Мәскеу,1962 ж.) деген кітап жазып, жанкүйерлерді тағы бір қуантқан еді.
Қазақ ССР-інде кезінде Абсентке арналған төсбелгі шықты. Алматы кондитер фабрикасы Абсент деп аталатын, чемпионның басы бейнеленген шоколад шығарды. Ғасыр тұлпарының бейнесі деректі фильмде сақталып қалды. «Луговой» жылқы зауытындағы Абсент мүсінінің алдына болашақ жарыстарға қатысушы спортшылар сәйгүліктерімен бірге тағзым етеді.
Абсенттен ресми деректер бойынша 70-тен аса ұрпақ қалды. Олар: Ақын, Ақбілек, Айдар, Арарат, Аметист, Агдам, Абакан, Аргумент, Аконит, Эльба, Домбай деп жалғаса береді. Абсенттің ұрпағы Граф деген сәйгүлік Кремльдегі ат гарнизонында әскери қызметке пайдаланылуда деген ақпаратты бірер жыл бұрын естіген едік. Абсенттің өзге бір ұрпағының тағдыры кинематографпен байланысты болып шықты. Ол – Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильміндегі Жібектің Төлегенге берген ақбоз аты. Эпос кейіпкері ретінде таспаға мәңгілік жазылып қалды.
Қазір сол жылқының тұқымы Луговой асыл тұқымды жылқы зауытында бар. Қазақстанда өткен әрбір бәйгелерге осы зауыттардың аттары әрдайым жүлдегер болып жүр.

Қадиша ОРАЗОВА,
Ақтоған орта
мектебі тарих пәнінің мұғалімі.

Т.Рысқұлов ауданы,
Көгершін ауылы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support