«Оқжетпес» – чемпион, «Тараз» – күміс жүлдегер!
«Оқжетпес» – чемпион, «Тараз» – күміс жүлдегер!
Футболдан Қазақстан бірінші лигасының аяқталуына бір тур қалды. 32-турдың орталық кездесуінде біріншілік көшбасшысы Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен «Тараз» командасы жасыл алаңда «кім мықты?» деген сауалға жауап іздеді. Сырт алаңда өткен ойында «Тараз» футбол клубының сайыпқырандары бірінші орынға таласу үшін қалайда жеңіске жетуі тиіс болатын. Мерзімінен бұрын премьер-лигаға жолдама алып қойған қос команда футболшылары жасыл алаңда барынша сақ ойнауға тырысты. Әйткенмен ойынның бірінші кезеңінде «Тараз» ойыншылары есеп ашуға тырысып, шабуылға иек артты. «Оқжетпес» командасының футболшылары да алаң қожайындары ретінде ойындағы басымдықты қолға алуға күш салды. Ойынның алғашқы бөлігінде екі команданың саңлақтары бірнеше мәрте қауіпті сәт туындатқанымен, футболшылар әдемі мүмкіндіктерді пайдалана алмай-ақ қойды. Нәтижесінде командалар үзіліске 0:0 есебімен тарқасты. Үзілістен кейін «Тараз» футболшылары гол соғып, жеңісті жұлып алар ма екен деген ой құшағында отырғанбыз. Команданың үздіктері де есеп ашу үшін бар күшін сарқа жұмсады. Алайда екінші кезеңнің алғашқы 15-минутында жақсы ойын өрнегін көрсеткен сайыпқырандарымыздың әрекеттері еш нәтиже бермеді. Есесіне бұдан кейін «Оқжетпес» футболшылары белсенділік танытты. Никита Баженов кездесудің 63-минутында мергендігімен көзге түсіп, есеп ашты. Алаң иелері есеп ашқан соң допты бақылауда ұстауға, реті келсе есепті еселеуге ниеттенді. Ал «Тараз» футболшылары болса, таразы басын теңестіру үшін жанталаса алға ұмтылды. Әрине, Көкшетау төрінен кемі бір ұпаймен оралуға болатын еді. Әйткенмен бұл күні жерлестерімізге сәттілік жетіспеді. Осылайша соңғы турға дейін қос команда турнир кестесіндегі орындарын жүз пайыз нақтылап алды. Енді «Оқжетпесті» ешкім қуып жете алмайды. Көкшетаулықтар премьер-лигаға бірінші лиганың чемпионы ретінде қатысса, «Тараз» бірінші лиганың күміс жүлдегері ретінде бақ сынайды. «Тараз» футбол клубының алдына қойылған міндет премьер-лига жолдамасына қол жеткізу еді. Жамбылдық футболшылар сол үдеден шыққанын бұған дейін де жазғанбыз. Енді премьер-лигада «Тараздың» сәтті ойнауы үшін команда басшылығы тер төгетіні анық. Команда құрамында қаншалықты өзгерістер орын алатыны болашақтың әңгімесі...
Табиғат АБАИЛДАЕВ.