- Advertisement -

Игі Істің басы ізгі ниеттен басталады

220

- Advertisement -

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған мәселелерді нақты іс жүзіне асырудың бірегей жолы, ол – облыс тұрғындарының, әсіресе жастардың ой-санасын, патриоттық һәм туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін оятатын, осынау құндылықтарды сенімді де жүйелі түрде қалыптастыратын іс-шаралар кешенін жандандыру деп білеміз. Бұл жұмыстарды жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жүзеге асыруға тиіспіз. Тараз қаласында бүгінде осы бағытта облыс әкімі А.Мырзахметовтің бастамасымен және жаңашылдық танытуымен бірқатар баянды тірліктер тындырылғаны әмбеге аян. Жақсы істер одан әрі де жалғасатынына сенім мол.

Осы бағыттағы жұмыстың қай-қайсысында да «майда-шүйде» деген болмауы керек.
Жалпы, өңіріміздің, һәм Тараз қаласының туристік әлеуетін бұрынғыдан да күшейту, жақсарту бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар, әрине, бізді де қуантады. Бұл жұмыстар тұрғындардың туған жерге деген патриоттық сезімін еселей түсуде десек те болады. Сырттан келген қонақтар мен туристер көңіліне жағымды әсер сыйлауда орталық көшелердің, барлық нысандардың, ғимараттардың, тарихи-мәдени ошақтардың төңірегі тап-тұйнақтай, таза, жан-жақты абаттандырылған болуы айрықша маңызға ие.
Біз де титтей де болса осы іске өз үлесімізді қоссақ деген оймен бірқатар ұсыныстарымызды ортаға салуды жөн көрдік. Әрине, ұсыныс немесе идея айту оңай, алайда оларды нақты іске асыру оңайға түспейтінін түсінеміз. Біз көтерер мәселеге байланысты газет оқырмандарының да ой, пікірлерін білсек тіпті жақсы болар еді. Көп болып көтерген іс әрқашан оңды әрі нәтижелі болады ғой.
Мысалы, бүгінде Тараз қаласы мен облыс аумағындағы мәдени тарихи ескерткіш орындарын, туристік нысандарды аралатып көрсету, таныстыру бағытында әртүрлі үкіметтік емес ұйымдар және кәсіпкерлік нысандар жұмыс атқаруда. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр.
Ал біздің ойымызша осы орайда туризмді дамытудың нақты перспективалық кешенді жоспарын жасау, қаладағы ұлтымыздың ұлы тұлғаларына қойылған ескерткіштер мен алаңдарды мазмұнды да тиімділікпен пайдалану мәселесі әлі де толыққанды шешімін таппай отырған сыңайлы. Атап айтқанда, патриоттық және отансүйгіштік тәрбие беру мәселесінде жастарға, жалпы, тұрғындарға шығармашылық тұлғаларымызды таныстыру, олардың еңбектерін, тіл мәселесін және ұлттық тарихты, әдебиетті насихаттау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр деп айта алмаймыз. Ашық аспан асты шығармашылық іс-шараларын жандандыру керек-ақ. Әр жылға арнап арнаулы ұлттық шығармашылықты, тарихты және мәдениетті насихаттауға арналған ашық аспан асты іс-шараларын жүйелі өткізіп тұруды дәстүрге айналдырса да еш артықтығы жоқ. Ескерткіш алаңдарында жазушылар, тарихшылар, суретшілер, дизайнерлер, қолөнер шеберлері еңбектері, ІТ технологиялар, робототехникалар көрмелерін тұрақты өткізіп тұруға болар еді. Мұның өскелең ұрпақ үшін берер тәлімі де, тағылымы да зор. Сондықтан ескерткіш алаңдарын осындай мақсатты іс-шаралар өткізіп тұруға лайықтап жабдықтау, айналасын абаттандыру және кейбір алаңдар аумағын кеңейту қажет.
Мысалы, бүгінгі күні Жеңіс саябағы айрықша көрнекі мазмұнға ие болғанын екінің бірі айтады. Оны сырт қонақтарға ұялмай аралатып көрсетіп, мақтануымызға әбден болады. Ендігі жерде осы саябақтағы «Ерлік» мемориалдық кешені мен қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы ескерткішін барлық жоғары, орта арнаулы және жалпы білім беретін оқу орындары патриоттық, ұлтжандылық және отансүйгіштік қасиеттерді жастар бойында қалыптастыру мәселесінде жүйелі түрде тиімділікпен пайдаланулары керек.
Осы жерде айта кетерлік жайт, Абай хәкімнің есімін облыстық драма театрына беріп, алдына ескерткішін қою мәселесін де шешкен жөн секілді. Біздіңше, бұдан ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Өйткені Абай – әлемдік деңгейде танылған тұлға, ұлттық ойдың ұйытқысы. Абай ескерткіші маңын ұлт рухын жаңғыртатын орталыққа, поэзия мен шығармашылық тұлғалар жетістіктерін насихаттайтын мінберге айналдыруға да әбден болады.
Жалпы, өңіріміздегі басқа да қала, аудандар орталықтарындағы тарихи тұлғаларымыздың ескерткіштері орналасқан алаңдарды ұлттық сана-сезімді оятуға, ұлтжандылық қасиетті жастар бойында қалыптастыруға, оларды шығармашылыққа баулуға, қоғамдық мәдени деңгейді дамытуға жүйелі түрде пайдалануды ұйымдастырудың мезгілі әбден пісіп жетілді, біздіңше. Осы орайда ескерткіштер тұрған алаңдарды оқу, білім орындарына, бюджеттік мекемелерге бекітіп беруді шешу жөн секілді. Олар түрлі қоғамдық көпшілік іс-шараларды облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің тиісті бөлімдерімен бірлесе жүзеге асырып әрі ескерткіштер маңайын күту мәселесінде де нағыз көмекшілерге айналар еді. Тараз қаласындағы ескерткіштер тұрған алаңдарды – мысалы, Бәйдібек ескерткішін – қала әкімдігіне, Төле би ескерткішін – ТИГУ мен №8 мектеп-гимназиясына, Керей және Жәнібек хан, М.Х.Дулати ескерткіштерін – ТарМУ-ға, Абай ескерткішін – педагогикалық колледж бен №26 орта мектепке, Жамбыл ескерткішін – ТарМПУ мен №5 мектеп-гимназияға, Жеңіс паркі мен Бауыржан Момышұлы ескерткішін – политехникалық колледж бен №45 мектеп-гимназияға, ТарМУ-дың әскери кафедрасына, А.Суханбаев ескерткішін – медициналық колледж, темір жол кәсіби училищесі және қалалық әскери комиссариатқа бөліп бекіткен жөн. Біздікі тек ұсыныс қана ғой. Ескерткіштеріміздің елге қызмет етуін үйлестірудің басқа да жолдары бар болар.
Соңғы кездері Тараз қаласында өткізілетін дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұлттық салт-дәстүрді, мәдениетті және тарихты насихаттауға, жаңғыртуға бағытталған іс-шаралармен үйлестіре өткізудің де қажеттігі айқын сезілуде. Жалпы, сауда-саттық өз дегенімен жүріп жатады, ал араларында ұлттық киім (кимешек, камзол, әртүрлі бас киімдер) киген қыз-келіншектер және жігіттер, бір топ атқа және түйеге мінген қыз-жігіттер серуендеп жүрсе, далалық сахнада тарихи көріністер көрсетіліп жатса, ұлттық нақыштағы көрмелер ұйымдастырылса, мүмкіндігінше әдемі ұлттық реңкпен безендірілген 3-4 киіз үй тігілсе (тамақ ішу үшін емес, қонақтарға, туристерге, қала оқушыларына және жастарына көрсету, қолөнер бұйымдарын, салт-дәстүрді, айтыстардан үзінділер көрсету мақсатында), күй күмбірлеп, қобыз тартылып, ұлттық әндер үзбей айтылып тұрса, бұл дегеніңіз жәрмеңкенің өзіне ұлттық реңк телу болып шықпай ма?! Мұның барлығын жәрмеңке өткізетін аудандардың еркіне, фантазиясына беру керек-ақ. Алайда жоғарыда келтірген атрибуттар міндетті түрде қамтылуға тиіс.
Мұндай іс сөз жоқ, өсіп келе жатқан жастарымыздың бойында ұлттық сананы, патриоттық сезімді терең қалыптастыруға оң әсерін тигізеді. Әйтпеген күнде салт-дәстүр, әдет ғұрыптарымыз, ұлттық құндылықтарымыз тек жылына бір рет Наурыз мерекесі кезінде ғана кең көлемде насихатталуы үйреншікті көрініске айналып барады. Ал шын мәнінде ұлттық салт-дәстүрлерімізбен күнбе-күн дерлік бетпе-бет келіп, олармен бірге біте қайнаса өмір сүруге тиіспіз ғой.
Ең басты мәселелердің бірі – келешекте Тараз көшелері бойымен «Жібек жолы» арнайы бағытын ұйымдастыру. Ол үшін әрине, шаһарымыздың болашақ дамуының ерекшелігі, барлық нысандардың, ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың шығыстық сәулеттік үлгісінде болуы тиіс. Аталған бағыт бойынша салынатын құрылыс нысандарының барлығы да Тараздың Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи ірі сауда-саттық орталықтарының бірі болғандығын айғақтайтын мазмұнда безендірілсе деген ұсынысымыз бар. Әрине, ол қаланың келешек жоспарына енгізіледі деп те сенеміз. Тіпті қазірден бастап келешекте атқарылар осы істің кейбір тым қымбатқа түспейтін элементтерін «Жібек жолы» бағыты бойында енгізе бастаса да артықтық етпес.
Осынау бағыттағы шығыс стиліндегі көшелердің ұзына бойларында келешекте салынатын нысандар, ғимараттар, мешіттер, мейрамханалар, қонақ үйлер, қолөнер бұйымдары сатылатын дүкендер, кішігірім базарлар, шеберханалар, киіз үйлер, аялдамалар, тағы басқалары көз жауын алатындай әшекейлі өрнектермен безендірілуі тиіс. «Жібек жолы» бағыты бойындағы нысандардың сырт жақтарын безендіруде граффити стилін пайдаланып, шығыстық және қазақи нақыштармен ажарландыруға да болады. Көше бойларына қазақ халқының тарихи ерекшелігін және табиғатын көрсететін үлкен панорамалық мазмұндағы суреттер топтамаларын ілген жөн.
Бұл бағытта бүгінде жан-жақты жұмыстар жүргізілуде, алайда жүйелілік пен үйлесімділік әлі де кемшіндеу деген ойдамыз. Өңір туризмін дамытуда мүдделі салалар басшылары арасында түсіністік, әр тарапқа тартпай, бір-біріне қолұшын беріп көмектесу, жанашырлық таныту болса алға басарымыз анық.
Біз осы атап көрсетіп отырған бағыттағы кешенді іс-шараларды іске асыру нәтижесінде ғана келешек жастар бойында рухани жаңғыруды, патриоттық және отансүйгіштік сезімді, туған жерге және елге деген құштарлықты, сағынышты қалыптастыра аламыз. Екінші жағынан, туризм көмегімен облыс экономикасын дамытуға, қазынаны толықтыруға және облыс тұрғындарының патриоттық сезімін, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң жағдай жасайтын боламыз.

Билібай МҮСІЛІМОВ,
Тараз мемлекеттік педагогикалық
университетінің доценті,
физика-математика
ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support