Тәртіпті талап ететін Яровенко
Тәртіпті талап ететін Яровенко
тізгінді қолға алғалы «Тараздың» ойын мәнері өзгерді
Жиырма бірінші турды «Тараз» сырт алаңда «Ордабасы» командасына қарсы өткізді. Оңтүстікқазақстандықтар осал қарсылас емес екені белгілі. Әрі матчтың «үйде» емес «түзде» өткенін есепке алсақ, бұл кездесуде тараздықтар «екінші нөмірмен» өнер көрсетеді деп ойлаған көпшілік. Бірақ, Евгений Яровенконың шәкірттері ойынды шабуылдан бастады.
Негізі, бұрынғыдай емес білікті бапкер, Таластың тастүлегі Евгений Яровенко келгелі «Тараздың» ойын мәнері өзгерген. Жартылай қорғаушылар қысқа пас алмасуларда сауатты ойнай бастады. Ішкі тәртіптің әсері шығар, командада өзара түсіністік пайда болған. Осыған дейін команда Мұрат Тілешовтен басқа өткір шабуылды түйіндейтін шабуылшының жоқтығынан зардап шегіп келген еді. Қазір шабуыл шебінде өнер көрсететіндердің қимылдары да шираған. Жылдамдығына көз ілеспейтін жартылай қорғаушы Эдуард Сергиенко шабуыл өтінде шапшаң ойнағанмен, шығарған пастарына дәлдік жетіспей жүрген-ді. Жиырмасыншы турдағы кездесуде Сергиенконың екі пасы голға айналды. Қапталдан шабуылға дем беретін ойыншының қазір ара-тұра орталық алаңда да ойқастап жүргенін көріп қаламыз. Футболшылардың физикалық дайындықтары да жақсара түскен. 90 минутқа шыдамай, шаршап қалатындардың өзі бүгінде соңына дейін шайқасуға дайын екендіктерін көрсетіп жүр. Қысқасы, тараздықтардың тактикасы қазір толықтай өзгерді десек те болады. «Тараздың» сырт алаңда өткізген кездесуінде жанкүйерлердің бұған көздері жете түсті. Жерлестеріміз «түздегі» матчта «Ордабасымен» тең түсті. Алдымен, ойынның жетпіс бірінші минутында қарсыластар есеп ашқан. Бірақ, Украинадан алдырған шабуылшы Олександр Яровенко сексенінші минутта есепті теңестіріп, команда қоржынына бір ұпай қосты. «Ордабасының» турнир кестесіндегі орны – бесінші саты. Соңғы ойында қостанайлық «Тобылдан» жеңіліп, төртінші орынға сырғыған қарағандылық «Шахтер» мен «Ордабасының» арасын үш-ақ ұпай бөліп тұр. Ал «Тараздың» қоржынындағы ұпайы 19-ға жеткенімен, әлі он бірінші орыннан жоғары көтерілген жоқ.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».