Жұлдызым Жібек жолы бойындағы

155

Күләш АХМЕТОВА
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты.

 

 

 

 

Тақ Тараз. Жалқы Тараз жаһандағы,
Түп қазық, туған үйім Отандағы.
Ықылым замандардың шаңы жұққан
Шаһарлы шежіремнің қаһарманы!
Тегім – сен, кітабым сен – парағы алтын.
Сен – дәлел, дамыса егер, дала халқы.
Милед пе, миллениум бе, саған да тән –
Дәуірге сәлем бердің дана қалпың.
Маңдайы, мақтанышы түркілердің!
Түлесін рухыңмен ұлтым енді!
Жамбы атып, жарысса – озған, нұр тілеулі
Еркесі ем еркіндікке ынтық елдің.

* * *
Көшеңе жұлдыз аулы көшіп келіп,
Жаңа үйлер жатыр екен қосып көрік.
Баяғы төрт қақпалы қамал емес,
Бұ күнде қала – тыныш, есікте – кілт.
Қағазға қауырсын боп қадалатын
Ақынға жақсы болар самала түн.
Маңдайға біте бермес бірсыдырғы
Халқына, қаласына адал әкім.
Абсенттей жүйріктерің жүлдеңді ілген.
Қашан да қасиетіңді білгенмін мен.
Қалады ел жадында, тарихында –
Тұлғалар туған жерін гүлдендірген.

* * *
Ақбақайдың алтыны, Шудың мысы,
Қаратаудың байлығы – бұл күнгісі.
Алынбақшы алауы – келешегі.
Тоғайында тотысы, бұлбұл құсы.
Тасып аққан Таластың шағын көргем.
Төскейіңнен мыңғырып малың да өрген.
Алақанға ал да сал,
нәсіпті елім,
Алла саған нығметін, дәнін берген.
Келешегін ойлаған Біртуары,
Керегедей қабысқан ынтымағы,
Емізігі кеппеген бесікті елдің
Ақ жарылқап алдынан Күн туады!

* * *
Берілген ұлылардан бағасы – шың.
Тарихтың салиқалы саласысың.
Киелі, Әулиелі, көне Тараз
Сүюдің, сұлулықтың қаласысың!
Сүюдің Айша бибі бопты Арындай.
Далада қызға ескерткіш жоқ та мұндай.
Кезінде Шах Жаханның Мұмтазға арнап,
Өлмейтін Тәжмахалды соққанындай.
Малыңды есте шығар жұт алғаны.
Дарақты отын етіп бұтарладық.
Көрінген күндік жерден күмбездерді,
Дариға-ай, Тәжмахалдай күте алмадық…

* * *
Білемін өтелмеген борышымды.
Керекте бере алмадым қолұшымды.
Бар еді таудай-таудай армандарым,
Жеткізбей қаңбақ қылып жел ұшырды.
Достарға соға алмадым мені күткен.
Күтеді сонда да олар зор үмітпен.
“Таласқа” түскендей-ақ алтын елдің
Қайтамын махаббатына шомылып мен,
Қадайды желегіме жеңгем де үкі,
Жабады иығыма белдер күпі.
Пейіштің төріндейсің, төркін қала,
Жүрегім – қай уақта да сендердікі!

* * *
Құлың боп кетсем деген құлыныңмын.
Жұпары бұрқырайды бұрымымның.
Екі мың жасқа келген бабам менің,
Шыңы сен – елдік асыл ұғымымның.
Құлагер шығатын-ды ерек құлын.
Бөлектеу болып еді бөбек күнім.
Жасыңды жамағаттың тойлағаны –
Басымды июіме себеп бүгін.
Ізіңді сұрыптадым зейініммен,
Көзімді сусындаттың мейіріммен.
Сен қанша ғасырларға барсаң-дағы,
Барасың осы ғажап пейіліңмен.

(Жалғасы 5-бетте).

Comments are closed.